Зарина WTA рейтингіндегі үздік көрсеткішін жаңартты

Зарина WTA рейтингіндегі үздік көрсеткішін жаңартты

Қазақстандық теннисші Зарина Диас өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет әлемнің үздік 60 теннисшіcінің қатарына енді.

Зарина Диас Уимблдон турнирінде жарыс жолын төртінші айналымға дейін жалғастырған еді. Айта кетсек, бұл Заринаның «Үлкен дулыға» жарыстарындағы үздік жетістігі болып саналады. 1/8 финалға дейінгі жарыс жолында қазақстандық теннисші француз қызы Кристина Младенович, әлемнің 15-ракеткасы испандық Карла Суарес-Наварро және ресейлік Вера Звонарева секілді қарсыластарды тізе бүктірген болатын. Турнирдің төртінші айналымында Зарина румыниялық Симона Халепке екі сет жеңіліп жарыс жолынан шығып қалған еді.

Бұл нәтиже Зарина Диастың WTA рейтингінде 72-ден 53-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Бұған дейін қазақстандық теннисшінің бұл рейтингтегі үздік көрсеткіші 70-орын болатын. 

Өз кезегінде Қазақстаннның  бірінші ракеткасы атағын 13 сатыға көтеріліп 52-орынға табан тіреген Ярослава Шведова өз қанжығасына байлап отыр. Уимблдон жарысында Шведова да төртінші айналымға дейін өнер көрсеткен боатын. Ал еліміздің бұрынғы бірінші ракеткасы Галина Воскобоева жарақатына байланысты жарыстарға қатыса алмайтындығынан 100-ден 107- орынға төмендеді. 

Айта кетсек, WTA рейтингісінің жаңа тізімінде алғашқы ондықта да біршама өзгерістер орын алған. Ресейлік Мария Шарапова бір сатыға төмендеп, алтыншы орынға тұрақтаса,  Уимблдон жарысының жеңімпазы атанған чехиялық Петра Квитова екі саты жоғарылап, төртінші орынға көтерілді. 

7 шілде күні жарияланған WTA рейтингісі:
1 (1). Серена Уильямс (АҚШ) — 9510 ұпай,
2 (2). Ли На (Қытай) — 6960,
3 (3). Симона Халеп (Румыния) — 6785,
4 (6). Петра Квитова (Чехия) — 6070,
5 (4). Агнешка Радваньска (Польша) — 5330,
6 (5). Мария Шарапова (Ресей) — 4881,
7 (13). Эжени Бушар (Канада) — 4460,
8 (7). Ангелика Кербер (Германия) — 4365,
9 (8). Елена Янкович (Сербия) — 3900,
10 (9). Виктория Азаренко (Белорусь) — 3812,
...52 (65). Ярослава Шведова (Қазақстан) - 1017,
53 (72). Зарина Диас (Қазақстан) - 1007,
107 (100). Галина Воскобоева (Қазақстан) - 574.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:24.kz

Л. Лига