Хопкинс әлемнің абсолютті чемпионы атанды

Хопкинс әлемнің абсолютті чемпионы атанды

Жаңа ғана АҚШ астанасы Вашингтондағы DC Armory аренасында жартылай ауыр салмақтағы (79,4 келіге дейін) әлемнің абсолютті чемпионы анықталды. Шаршы алаңда IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 49 жастағы америкалық боксшы Бернард Хопкинс (54-6-2, 32 КО) пен WBA суперчемпионы деген атағы бар, 30 жастағы қазақстандық Бейбіт Шүменов (14-1, 9 КО) кездесіп, өзара мықтыны анықтаған болатын.

Шыны керек, бокс кешінің басты оқиғасына баланған кездесу тартымдылығы жағынан бокс жанкүйерлерінің сенімін ақтамады. Баяу жылдамдық пен қорғаныста өткен кездесудің бірінші раунды боксшылардың бір-бірін зерттеумен өтті. Екінші раундта Шүменов біршама сәтті шабуылдар жасағанмен де, үшіншісінде Хопкинс таразы басын теңестірді.  

Төртінші және бесінші раундтарта қарсыластар кішкене болса да белсенділік танытты. Бірақ жекпе-жектің дәл осы кезеңінде Шүменов Хопкинстің тарапынан екі-үш ауыр соққы жіберіп алды. Осы сәттерді есепке алмайтын болсақ, кездесу бірқалыпты деңгейде жалғаса берді.  

Ал оныншы раундта Шүменов қарсыласын ринг арқанына әкеліп, тығырыққа тіреп, сәтті шабуылдар бастай бергені сол еді, гонг үні Хопкинске дер кезінде көмекке келе білді. Он бірінші раундта Хопкинс кездесу тағдырын бір соққымен шешіп кете жаздады. Америкалықтың бар күшімен бағыттаған ауыр соққысы Шүменовтің жағына дөп тиіп, оны бірден шаршы алаң еденіне отырғызып тастауға мәжбүр етті. Төреші қазақстандыққа нокдаун санап, абырой болғанда Бейбіт кездесуді жалғастыруға шамасы жететінін айтып, жекпе-жек одан әрі қарай жалғасты. Он екінші раундта қалған кезеңдерден еш айырмасы болмады.

Осылайша қапталдағы төрешілердің қорытынды есебі бойынша жеңіске америкалық Бернард Хопкинс жетті. Бір төреші жеңісті Шүменовке бергенімен (114-113), қалған екеуі бірауыздан 116-111 есебін Хопкинстің еншісіне жазды.

Осы жеңісінің арқасында Хопкинс бокс тарихындағы жаңа рекордты да еншісіне жазды. Енді 49 жастағы америкалық чемпиондық атақтарды біріктіру жекпе-жектерінде жеңіске жеткен ең қарт боксшы атанып отыр. Бұл оның кәсіби мансабы жолындағы 55-ші жеңісі болып тіркелді.  

Ал Бейбіт Шүменов болса кәсіби бокс ғұмырындағы осымен екінші жеңілісіне ұшырап, суперчемпион деген атағынан айырылып қалды.

Назарларыңызда кездесудің соңғы раундтарынан үзінді:  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: fightnews.ru

Б. Қосмағамбет