Денис Тен "Құрмет" орденімен марапатталды

Денис Тен "Құрмет" орденімен марапатталды

Сочиде өткен Ақ Олимпиада ойындарында ел қоржынына жалғыз медаль салған Денис Тен «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығында: «2014 жылы Сочи қаласында өткен ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Денис Юрьевич Тен «Құрмет» орденімен наградталсын» делінген.

Естеріңізге салар болсақ, Сочиде өткен Олимпиадада Денис Тен мәнерлеп сырғанау бойынша еркін бағдарламадан кейін қола медальға қол жеткізген болатын. Ол тек жапондық Юдзуру Ханю мен канадалық азулы спорт шебері Патрик Чанға ғана жол берді.  

Кейінірек Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Тенге Chevrolet Cruze автокөлігінің кілтін табыстады. Сондай-ақ ол ҚР спорт және дене шынықтыру агенттігінің ұйымдастырған «Жыл спортшысы» байқауында «Жыл жаңалығы» номинациясында үздік деп танылды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет