«Арландар» мен «Баку оттарының» кездесетін жұптары анықталды

«Арландар» мен «Баку оттарының» кездесетін жұптары анықталды

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) төртінші маусымы аясындағы жартылай финалда "Арландар" мен "Баку оттары" клубы алғашқы кездесуіндегі жекпе-жектеріне қатысатын боксшылардың есімдері белгілі болды. Кездесу 26 сәуір күні өтеді.

Астана қаласында өтетін алғашқы кездесуде бірінші 49 келідегі былғары қолғап шеберлер бақ сынайды. Еліміздің намысын Мардан Берікбаев қорғайды. Ал оның қарсыласы – Хамза Наметов. 56 келі салмақ дәрежесінде Мади Шолақов пен Гаирбек Гермаханов жұдырықтасады. 64 келіде Жәнібек Әжібай мен Гайбатулла Гаджиалиев жекпе-жегін тамашаласақ, 75 келі салмақ дәрежесінде Ерік Әлжанов Солтан Мигитиновпен  жекпе-жек өткізетін болады. Жартылай ауыр салмақта Василий Левит пен Абдулкадир Абдуллаев жұбының айқасын тамашалайтын боламыз. Шаршы алаңдағы шайқастар Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде өтеді. 26 сәуір күнгі сағат 20:00-де басталатын кездесудің билеттері 1000 теңгеден сатылуда.

Естеріңізге сала кетсек, "Astana Arlans" топтық кезеңде өз тобынан екінші орын алып, ширек финалға өткен болатын. Ширек финалда немістің «German Eagles» клубымен жұдырықтасқан жерлестеріміз қос кездесу қорытындысы бойынша жартылай финалға сүрінбей аяқ басқан еді. Ал әзірбайжандық клубпен топтық кезеңде бір өнер көрсетіп, Алматыдағы өткен алғашқы кездесуде 4:1 есебімен жеңсе, түзде дәл сондай есеп айырмасымен «Арландар» есе жіберген-ді. Қарымта кездесу 3 мамырға жоспарланған. Өткен маусымның чемпиондық атағын қорғайтын жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай