ӘЧ-2014. Жолы болмағандар...

ӘЧ-2014. Жолы болмағандар...

Әлем чемпионатының аяқталғанына да 10 күнге жуық уақыт өтті. Төрткүл дүние көз тіккен «мундиальда» өзін тамаша қырымен таныта білген бір топ футболшының трансферлік құны бірден өссе, бір топ футболшы өздерін жоғары деңгейде көрсете алмады. Ендеше бүгін біз сіздерге жолы болмаған «джентельмендер» туралы айтпақпыз.

«О, спорт! Сен – түгел әлемсің!» - деп Пьер де Кубертен айтпақшы, спорт бірде жеңумен, бірде жеңілуден тұрады. Жасыл алаңның талай шаңын қаптырып жүрген жігіттердің асып-сасып жатқан сәттерінің де куәгері болдық. Бәлкім, жол болмады деген осы болар олар үшін...

Дани Алвес


Бразилия құрамасының оң қанатын алғашқы кездесуде қорғаған Дани Алвес бабында болмай шықты. Каталондық «Барселонаның» қорғаушысы бапкер сенімін ақтамай, қосалқы құрамнан орын алды. Оның орнын жасы келсе де жасымай Майкон қорғады.

Давид Луис


Бұл қорғаушыны лондондық «Челсидің» бас бапкері Жозе Моуриньо уақытында трансферге шығарғаны дұрыс болды деп қарайтындар көп. Ең қымбат қорғаушы болып бағаланған Давид Луис Бразилия құрамасының сапында негізгі құрамда ойнағанмен, гол соққанмен, қорғаныста сәтті өнер көрсете алмады. Шабуылды басты назарға алып жүріп, қорғанысты ұмытқандай сыңай танытумен өнер көрсетті.

Пепе


Португалиялық қорғаушы әлем чемпионатына психологиялық тұрғыдан дайын болмай шықты. Нәтижесінде алғашқы ойынында Томас Мюллерге қарсы мінез танытып, алаңнан қуылды. Ал командасы топтық кезеңнен аса алмады.

Лейтон Бейнс


Англия ұлттық құрамасының бас бапкері Рой Ходжсон команданың сол қанат қорғанысын Лейтон Бейнсқа сеніп тапсырған-ды. Оны алаңдамасын деп ардагер қорғаушы Эшли Коулды шақыртпады да. Бірақ, футболшы құрамаға көмегін тигізе алмады. Италия құрамасы соққан екі гол да Лейтон қорғаған қанаттан енді. Луис Суаресті де тұсап ұстай алмады. Нәтижесінде соңғы ойынға қатыстырылмай, оның орнына 19 жасар Люк Шоу шықты.

Стивен Джеррард


Англия құрамасының капитаны үшін бұл маусым шешуші сәттерде сәтсіз болды. Премьер-лига ойындарында да, әлем чемпионаты кездесулерінде де ең маңызды голдардың соғылуына Стивен себепкер болды. Жолы болмады десек қателеспейміз. Бұл сәтсіздігі үшін жанкүйерлері де жазғырған жоқ.

Александр Сонг


Камерун құрамасы үшін әлем чемпионаты сәтті өте қойған жоқ. Өзара кикілжің, ауызбіршіліктің болмауы, ақша үшін ойнау құраманың ақыры түбіне жетті. Ал Александр Сонг болса, Хорватиямен болған кездесуде Марио Мандужикичке қарсы дөрекі ойнап, алаңнан қуылды. Нәтижесінде доп додасын сәтсіз өткізген футболшылардың қатарын толықтырды.

Халк


Бразилиялықтар Халктан көп үміт күтіп еді. Бірақ, «Зенитте» ойнайтын футболшы гол соқпақ түгілі тура соққы бағыттай алмай әлек болды. Енді футбол тойын өткізген жұрт Халкты ұлттық құрамадан көргісі келмейтіндіктерін жасырмады.

Диего Коста


Испания құрамасының шабуылшысы Диего Коста Бразилия азаматтығын ауыстырып, «қызыл фурия» сапында ойнауды қалады. Бас бапкер Висенте дел Боске ойып тұрып орын сыйлады. Мадридтік «Атлетико» сапында маусымын сәтті өткізген шабуылшы әлем чемпионатында түк те тындырмады. Жанкүйерлердің де бұл футболшыға өкпесі қара қазандай. Жалғыз бітіргені – пенальти сыйлағаны. Құрама сапынан соңғы ойынға Давид Вилья шығып, Фернандо Торрес шабуылда ойнап, Аустралияны жеңді.

Марио Балотелли


«Супер Марио» үшін бұл әлем чемпионаты да сәтсіз өтті. Ағылшын құрамасы қақпасына жеңіс голын соққанымен, уругвайлықтар мен коста-рикалықтарға қарсы тойтарыс бере алмады.

Икер Касильяс


Испания құрамасының әйгілі қақпашысы үлкен сәтсіздікке ұшырарын сезбеді. Жанкүйерлер де күтпеген еді. Алғашқы екі кездесуде-ақ Икер Касильяс қақпасынан 7 бірдей допты шығарды. Нәтижесінде соңғы аса мәні болмаған кездесуде Пепе Рейна негізгі құрамда өнер көрсетті.

Серхио Рамос


Мадридтік «Реалдың» соңғы ойындарында баспен гол соғудың майталманы болып алған Серхио Рамос өз биігінен көріне алмады.

Эден Азар


Бельгия құрамасы жаман өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Әсіресе, футбол мамандары мен жанкүйерлер Эден Азардан үлкен нәтиже күткен еді. Бірақ, "Челси" ойыншысы бұл үддеден шыға қоймады.

Яя Туре 


Африка құрлығының үздік футболшысы үшін де әлем чемпионаты сәтті өте қойған жоқ

Фил Джагелка


Рой Ходжсон үмітін ақтауға барынша тырысқан Филге аздап тәжірбие жетіспеді.

Луис Густаво


Алаң жанкүйерлерінің сенімінен шықпаған футболшыларының бірі – Луис Густаво. Жаңадан Бразилия құрамасының тізгінін қайта ұстаған Дунга «Вольфсбург» жартылай қорғаушысын енді негізгі құрамға шақырады деп айту қиындау.

Криштиану Роналду


Португалия құрамасының сұрмергені өзін танытуға ұмтылғанмен, аса көп нәтижеге қол жеткізе алмады. Жүйелі ойынымен ерекшеленбеген Паулу Бенту шәкірттері топтық кезеңнен аса алмады.

Фред


Көптеген Бразилия жанкүйерлері түгілі, әлем футболының жанкүйерлері бұл орталық шабуылшыны құрамаға неге алынғанын түсінбеді. Түсінбей де кетті. Оның орнына Кака немесе Рональдиноны алу керек еді деп жар салғандар да болды. Өзінің сәтсіз өнер көрсеткенін мойындаған Фред ұлттық құрамамен біржола қоштасты.

Игорь Акинфеев


Әлем чемпионатындағы сәтсіз өнер көрсеткен ойыншылардың қатарында Ресей құрамасының қақпашысы Игорь Акинфеев бар. Алжир құрамасымен өткен кездесуде қақпашы алыстан бағыттаған соққыны ыңғайсыз қайтарып, қақпасына ендіріп алды. Нәтижесінде Ресей құрамасы топтан шыға алмады.

Ия, Бразилиядағы Әлем чемпионаты бір топ футболшының бағын ашса, енді бір топ танымал ала доп шебері үшін сәтті өте қойған жоқ. Футболшы арманындағы ең биік шыңды бағындыру үшін бәрі де барын салды. Сол еңбектерінің арқасында әлем жұртшылығының назарына ілігіп, өздеріне тиесілі қошеметке де ие болды.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, footballtop.ru

Ө. Сансызбай