Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға нәтижелерін ұсынамыз.

«Зенит» пен «Монако» тең тарқасты

«Петровский» стадионында өткен кездесуде алаң иелері көбірек шабуылдағанмен, түк өндіре алмады. Француз клубы да тең ойынды қанағат тұтты. Таблодағы есепке еш өзгеріс енгізбей тарқасты.

«Байер» 3 ұпайды еншілерінде қалдырды


Леверкузендік «Байер» өз алаңында лиссабондық «Бенфиканы» ұтты. Бұл маусымда португалдық клубтың ойыны жүрмеуде. Бірінші кездесуде ресейлік «Зенитке» жеңілген болатын.

"C" тобы   Ойын     Жеңіс     Тең     Жеңіліс     Голдар     Ұпай  
1.    Зенит 2 1 1 0 2:0 4
2.    Монако 2 1 1 0 1:0 4
3.    Байер 2 1 0 1 3:2 3
4.    Бенфика   2 0 0 2 1:5 0

«Мальме» «Олимпиакосты» құр қайтарды


Швецияның «Мальме» футол клубы гректің танымал «Олимпиакос» командасын ұпайсыз шығарып салды. Алаң иелері сәтті ойнай білді. Ал қонақтар болса менсінбеді, әлде 3 ұпайды қажет етпеді... Бірінші ойында пирейлік клуб мадридтік «Атлетиконы» жеңген болатын. Бүгінгі ойында «Мальме» сапынан Розенберг дубль авторы атанды.

«Ювентус» маусымдағы бірінші голын соқтырды


Туриндік клуб жаңа маусымдағы ресми кездесулерінде бірінші рет қақпаларына гол өткізді. Және ол гол команданы 3 ұпайдан айырды. Мадридте «Атлетикомен» жолыққан ұжым Арда Туран еншісіне жазған голға жауап қайтара алмай қайтты.

"A" тобы   Ойын     Жеңіс     Тең     Жеңіліс     Голдар     Ұпай  
1.    Ювентус 2 1 0 1 2:1 3
2.    Атлетико М 2 1 0 1 3:3 3
3.    Мальме 2 1 0 1 2:2 3
4.    Олимпиакос   2 1 0 1 3:4 3

«Ливерпуль» ойыны оңалмай жүр


Брендан Роджерс жаттықтыратын команданың жаңа маусымдағы ойыны жанкүйерлерін қуантпай келеді. Топтық кезеңнің бірінші ойынында «Энфилдте» «Лудогорецті» әупірімдеп жеңген еді. Бүгін «Базельге» шамалары жетпеді. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды Марк Штреллер соқты.

«Лудогорец» жеңіспен пара-пар ойын көрсетті


Болгар футбол клубының топтық кезеңге өтуінің өзі үлкен тосын сый болған еді. «Энфилд» стадионындағы «Ливерпульге» қарсы бірінші ойында да жақсы қырымен таныла білген-ді. Бүгінгі кездесуі де жанкүйерлерінің көңілінен шыққаны рас. «Корольдік клуб» қақпасына бірінші болып гол соқты. Артынша Криштиану Роналду соққысын Стоянов қайтара білді. Төреші екінші рет 11 метрлік айып соққысын белгілегенде де қақпашы португалдық сұрмерген добының бағытын тағы да анықтады. Бірақ, доптың жылдамдығы жойқын шықты. «Реалға» 3 ұпай иеленуге себепкер болған голдың авторы Карим Бензема болды. Ол екінші таймда Хавьер Эрнандесті ауыстырған болатын. Роналду болса Чемпиондар лигасындағы 69-шы голын соғып, Мессиден озды.

"B" тобы   Ойын     Жеңіс     Тең     Жеңіліс     Голдар     Ұпай  
1.    Реал 2 2 0 0 7:2 6
2.    Базель 2 1 0 1 2:5 3
3.    Ливерпуль   2 1 0 1 2:2 3
4.    Лудогорец 2 0 0 2 2:4 0

«Арсенал» «Галатасарайдың» апшысын қуырды


Лондонда жергілікті «Арсенал» «Галатасарайды» ірі есеппен жеңді. Жақында ғана «қызыл сойқандардан» ауысып келген Дэнни Уэлбек хет-трик авторы атанды. Ал бір голды Алексис Санчес соқты. Түркиялық клубтың бір гол соғуына қақпашы Войцех Щенсный алаңнан қуылғаннан кейін ғана барып, мүмкіндік туды. Пенальтиді Бурак Йылмаз сәтті орындады. Сонымен қатар, түркиялық клуб жанкүйерлерінің алаңға тез тұтанатын заттар лақтыруы салдарынан ойын аз уақытқа тоқтатылды да. «Арсенал» ойыншылары бас бапкері Арсен Венгердің клуб тізгінін ұстап келе жатқанына 18 жыл толуына орай үлкен сый жасай білді.

«Боруссия д» қаһарманы – Рамос


Дортмундтық «Боруссия» сырт алаңда «Андерлехтті» ірі есеппен ұтты. Ойында Чиро Иммобиле есеп ашса, Адриан Рамос дубль авторы атанды. Нәтижесінде 6 ұпаймен топ тізгінін қолға алды.

"D" тобы   Ойын     Жеңіс     Тең     Жеңіліс     Голдар     Ұпай  
1.    Боруссия Д 2 2 0 0 5:0 6
2.    Арсенал 2 1 0 1 4:3 3
3.    Андерлехт 2 0 1 1 1:4 1
4.    Галатасарай   2 0 1 1 2:5 1

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

О. Сансызбай