Бүгін қай ойынды тамашалайсыз?

Бүгін қай ойынды тамашалайсыз?

Бүгін Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер өтеді. Ал біз әдеттегідей, кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

«Бавария» бір дүрлікті...


«Е» тобында мәскеулік «ЦСКА» сөзсіз аутсайдер саналуда. Бірінші ойында римдік «Ромадан» ойсырай жеңілген ресейлік ұжым бүгін «Баварияның» бабынан мін табады деп айту қиындау. Соңғы ойындарында қорғанысы сыр беріп жүрген Леонид Слуцкий командасының жағдайы мәз емес. Футбол мамандары бұл ойында қонақтар 3:0 есебімен жеңеді деп болжауда. Ал кеше қонақүйге жайғасқан мюнхендік команда ойыншылары келеңсіз жағдай дабылынан кейін далаға шығып, бір дүрлігіп қалды. Сонымен қатар, «ЦСКА» Хосеп Гвардиола шәкірттерін бос стадионда қабылдайды. УЕФА шешімімен жанкүйерлер тәртіпсіздігі үшін осындай жаза кесілген болатын. Алан Дзагоев пен Вернблумның ойындардан шектелу мерзімі аяқталмаса, Эльм әлі жарақатынан айыққан жоқ. Сейду Думбияда да аздап жарақат бар көрінеді. Ал «Бавария» бүгін үш ұпайды маңызды санап келіп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Тотти командасы топ бастауға дайын


Бірінші ойында «Бавариядан» соңғы минутта гол жіберіп алған «Манчестер Ситидің» жағдайы көңіл көншітерлік емес. Есесіне «мәңгілік қала» футбол ұжымының көңіл-күйлері көтеріңкі. Соңғы бес кездесуін де жеңіспен аяқтады. Аса көп күш те жұмасамады. Ал «қалалықтардың» халі мәз емес. Мюнхендік командадан кейінгі «Ливерпуль», «Арсенал» мен «Челсиге» қарсы ойындар ойыншыларға ауырлау соққаны анық. Өз жанкүйерлері алдында Мануэль Пеллегрини жеңіске жетіп жатқан күннің өзінде, ірі есеп тіркеледі деп айту қиындау.

Моуринью өз еліне келді


«G» тобындағы алғашқы екі ойында да 1:1 есебі тіркелді. Бүгін португалдық маман Жозе Моуринью өз Отанына оралып, үш ұпай үшін талас жүргізетін болады. Осыған дейін «Спортинг» пен «Челси» өз тарихтарында кездеспеген екен. Екі ұжым да маусым басталғалы бері жеңіліс таппаған. Бірақ, «ақсүйектер» айқын фаворит саналуда. Диего Коста алғашқы минуттардан өнер көрсеткелі отыр. Лондондық ұжымға екінші ойын қатарынан ұпай жоғалту қиын соғары анық. Ал футбол мамандары алаң иелерінің гол соғатынына сенім білдіруде.

«Шальке» «Мариборды» шаң қаптыра ма?


Гельзенкирхендік клуб «Марибордан» мықты екені айтпаса да белгілі. Словенияық ұжым Чемпиондар лигасындағы әлсіз командалардың қатарында. «Спортингтен» иеленген бір ұпайдың өзі командаға ірі нәтиже саналды. Болжамдар бойынша алаң иелері екі доп басымдығымен немесе одан да ірі есеппен жеңіске жетуі мүмкін деп күтілуде.

Тең қарсыластар тең тарқаса ма?


Донецкілік «Шахтер» мен «Порту» арасындағы кездесу нағыз тартысты өтпек. Қос ұжым да жылдам шабуыл жүйесіне машықтанған. Спорт сарапшылары Мирча Луческу шәкірттері өз алаңында ойнайтындықтан үш ұпайды иеленуге мүмкіндігі мол деп санауда. Ал ойыны бір келіссе «Портуды» да тоқтату мүмкін емес. Сондықтан, тең есеп тіркелуі бек мүмкін.

«БАТЭ» «Баварияға» жасаған ерлігін қайталай ала ма?


Беларусь футбол клубы бірінші ойында «Драгау» стадионында «Портудан» ойсырай ұтылды. Ал бильбаолық «Атлетик» донецкілік «Шахтермен» тең тарқасты. Испандық клуб ойында фаворит саналғанмен, «БАТЭ» де өз алаңында жанкүйерлерін жерге қаратпайтын командалардың қатарынан. Соңғы ойындарында ұпай жоғалтумен жүрген «Атлетик» бүгін түнде бабын байқатар ма екен? Әлде 2012/2013 жылғы маусымда мюнхендік «Баварияны» жеңген алаң иелері ерлік жасай ма екен?

Еуропа лигасына талас...


«F» тобының аутсайдерлері болып «АПОЭЛ» мен «Аякс» саналады. Қос ұжым бүгін түнде үш ұпайды сарапқа салады. Мамандар пікірі бойынша, Еуропа лигасына берілер жолдама осы командалар арасында өрбиді деп күтілуде.

Ибрагимович «Барсаға» қарсы ойнамайды


Париждік командада соңғы кездері футболшылардың өзара келіспеушіліктері жиі орын алуда. Екіге бөлінген команданы басқаруға Лоран Бланның шамасы жетпей жүргендей. Кей сыбыстарға сенсек, бас бапкерлік қызметке Роберто Манчини келуі мүмкін екен. Ал «ПСЖ» сапынан жарақатына байланысты Златан Ибрагимович бұрынғы командасына қарсы ойнай алмайтын болды. Каталондық клуб қатары болса ойынға сақадай-сай дайын. Ла-лиганың 6 тур ойындарынан кейін, әлі бірде-бір гол қақпаларына соқтырған жоқ.  

Ал сіз бүгін түнде қай ойынды тамашалайсыз? Өз ойларыңызды айта отырыңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru

Ө. Сансызбай