КХДР футболы жайлы не білеміз?

КХДР футболы жайлы не білеміз?

Әлемдегі құпиясын аша бермейтін, заңды қатал әрі берік ұстанатын елдердің бірі – Корей Халық Демократиялық Республикасы. Жақында елдің басшысы Ким Чен Ын ел ұлттық телеарнасынан ағылшын премьер-лигасының ойындарын көрсетуге рұқсат берді. Осы орайда біз елдің футболға деген көзқарасы мен дамуын таразылап көруге арналған ақпарат ұсынуды жөн санап отырмыз.


Корей Халық Демократиялық Республикасында басқа салалармен қатар, футбол тағдыры басшылық қолында. Ел көшбасшысы Ким Чен Ын баскетбол спортын ұнатады. Басшылық та осы спорт түрінің дамуына үлкен мән бере қарайды. Яғни, елдегі бірінші спорт түрі баскетбол болмағанның өзінде, футболдан бір елі жоғары тұрады. Жақында көшбасшының тағы бір құпиясы жария болды. Ол өзінің ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының жанкүйері екенін мәлімдеді. Кей ақпарат көздері енді елде футболға ден қойылады деп хабарлауда. Ал көшбасшының өзі болса ел ұлттық телеарнасынан ағылшын премьер-лигасының ойындарын көрсетуге рұқсат берді.

Ағылшын премьер-лигасы ойындарының көрсетілуі – ел тұрғындарын толық таңдандырмауы мүмкін. Өйткені, елде Еуропа елдерінің чемпионаттарының қысқа шолулары көрсетіледі. Сонымен қатар, Солтүстік Корея елінің телеарналары ағылшын премьер-лигасын көрсету үшін осы уақытқа дейін рұқсат та алмаған көрінеді.

Корей Халық Демократиялық Республикасында футбол ойынын тұрғындар тікелей эфирде 2010 жылы тұңғыш рет тамашалаған екен. Ал ол уақытқа дейін ойындар жазба күйінде көрсетіліп келген. Тіпті, ел біріншілігінің ойындары да. Оңтүстік Африка жерінде өткен әлем чемпионатында КХДР құрамасы Бразилияға қарсы ойында 1:2 есебімен жеңілгенмен, сәтті өнер көрсеткен-ді. Мұны елеген басшылық халыққа Португалиямен өтетін ойынды тікелей эфирде тамашалауға алғаш рет мүмкіндік берген. Өкінішке орай, ол ойын 7:0 есебімен португалдықтар пайдасына шешілген болатын.

КХДР құрамасының 2010 жылғы әлем чемпионатындағы ойын жүйесін Ким Чен Ын өзі жасақтап беріп отырған деген де ақпараттар бар. Сол кездегі бас бапкер Ким Чон Хон айтуынша, арнайы телефон арқылы ұлт көшбасшысынан ойын жүйесіне арналған арнайы бұйрықтар алып тұрған. Әлем чемпионатынан кейін елге қайтуға қорыққан құраманың кей футболшылары шетел асып кетуге бел буған да көрінеді. Расында да елге оралғаннан кейін басшылық кей футболшылармен қоса құраманың бас бапкерін екі жылға еңбекпен түзеу лагеріне жөнелткен екен. Ал әлем чемпионатына басталмай тұрып, ФИФА алдында КХДР құрамасының бір қулығы әшкере болған-ды. Олар үшінші қақпашының орнына шабуылшыны алып бармақ болған. Нәтижесінде Халықаралық футбол федерациясының қауымдастығы Ким Мен Вон өтінішін қабыл алғанмен, алаңда шабуылшы болып өнер көрсете алмады. Ол ішкі чемпионатында 100-ден астам гол авторы атанған ойыншы екен. Алайда алдын-ала ойластырған қулықтары жүзеге аспаған.

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасы жалғыз саясатта ғана емес, спортта да алшақ. Оның ішінде футболда да. Ресми кездесулер екі ел аумағынан өзге жерде өткізілсе, жолдастық кездесу жайлы әңгіме қозғалмайды да. Тіпті, шетелде екі ел футболшыларының бір клубта ойнауының өзі қатаң бақылауға алынады. Алғаш рет екі елдің ойыншылары ресейлік «Крылья Советов» командасында өнер көрсеткен. Оның өзі үлкен дауға ұласып КХДР өз ойыншысын Самараға жібермей де қойған. Клуб басшылығы келіссөздер нәтижесінде екі ойыншының бір клубта ойнауы мен бір мезетте алаңға шығуына әрең рұқсат алған екен.

Корей Халық Демократиялық Республикасының ерлер құрамасынан әйелдер құрамасы көбірек жетістікке жеткен. Олар үш рет Азия чемпионатын жеңіп алса, 2007 жылы әлем чемпионатының ширек финалына дейін шыққан. 2011 жылы өткен әлем чемпионатында бес бірдей ойыншысының қан құрамынан допинг пайдаланғаны мәлім болып, 2014 жылғы Азия чемпионаты мен 2015 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығынан айырылған болатын.

Расында да заңды берік ұстанатын елдің спортшылары ел намысын қорғайтын сындарда аянып қалмай тер төгетіні байқалады. Мұны бір тұрғыдан ұлттық намысты жоғары қоюуынан деп ұғынсақ, бір шетінен елінде оны жаза күтіп тұруы да мүмкін деп түсінеміз. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:foto.rg.ru, sports.ru

Ө. Сансызбай