Родригес «Реалға» тегін келді ме?

Родригес «Реалға» тегін келді ме?

Футбол мен ақша қатар жүреді. Бүгінде танымал клубтардың табысының да мол екенін, шығыны да жоғары екенін жанкүйерлер мен футбол мамандары жақсы біледі. Бірі – табыс көзін тауып жағдайын жақсартып жатса, енді біреулері шығынға ұшырайды. Яғни, футбол – нағыз бизнестің қайнаған ортасы. Ал ол бизнесті дамыту мен табыс түсірудің сан жолы бар. Соның бірі – жейделерінің (форма) сатылымы.

Жақында мадридтік «Реал» сапын Бразилияда өткен әлем чемпионатында ең үздік сұрмерген атанған Хамес Родригес толықтырды. Ал ежелгі қарсыласы каталондық «Барселона» Луис Суаресті қатарларына қосты. Екеуінің де трансфер құны шамалас. Бірақ, екі футболшыны осыған дейін салыстыруға келмейтін-ді. Уругвайлық шабуылшы өзін мойындатып үлгерген болса, колумбиялық футболшыны жанкүйер қауым аса тани қоймайтын. Бірақ, «корольдік клуб» жарқ еткен жаңа футбол «жұлдызын» өз құрамына қаймықпастан шақырды. Өйткені, бұл футболшыны алдыруда Флорентино Перестің өзіндік жоспары болды. Мұны біреу түсінсе, біреу түсіне бермеді. Неге десеңіз, Родригессіз де «Реалдың» «жұлдыздары» жетіп артылады...


Әлемді талантына жаңа бас идірген Родригес «мундиальдан» кейін өзіне жанкүйерлік танытатын жандардың қарасын молайтты. Бүкіл Колумбия Фалькаоны Бразилияға бармағанына аһ ұрғанда, Хамес шығып үміттерін ақтады. Бір сөзбен айтқанда, командаласының орнын жоқтата қойған жоқ. Асқан шебірлікпен соғылған ең әдемі голдың да авторы атанды. Осыдан кейін-ақ мадридтік клуб өзгелерден бірінші болып футболшыға құда түсті. Тұрмыстың таршылығын кішкентайынан татып өскен жігіт пен ол өнер көрсетіп келген «Монако» «галактикос» ұсынысын қабыл алды. Сөйтті де, «Сантьяго Бернабеу» төрінен бір-ақ шықты. Ал бұл футболшыны алар алдында клуб басшылығы алдында айтып өткен дүниелерді басты назарға алғаны кәміл. Өйткені, Хамес ойынынан бұрын, оның ауысып келуінің өзінен көп пайда түсетінін ертерек білді. Соның бірі – жейделерінің сатылымы.


Колумбиялық сұрмерген ресми түрде «Реалға» ауыспай тұрып-ақ оның аты жазылған жейделер Мадридте сатыла бастады. Ал ресми таныстырылым өткен екі күннен кейін клуб сағатына жаңа футболшының 7187 жейдесін сатып отырған. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде 345 000 дана жейдесін сатып үлгерген. Әр данасын 60 фунттан бағалаған клуб қазіргі таңда өз шығынын толықтай қайтармаса да үштен бірінен астамының орнын толтырып қойды деуге негіз бар. Өйткені, жейделерінің өтімділігі мен саны бойынша өткен маусымда көш бастаған мадридтік клуб 112 миллион еуро қаржыға кенелген. Тек жетінші нөмірдегі Криштиану Роналдудың есімі жазылған жейделерден түскен қаржы, кей ортаңқол клубтардың түсірген табысынан жоғары болған. Ал Хамес командада өнер көрсетпей-ақ аты жазылған жейделерінің арқасында клубтың қаржы қорына 40 миллионға жуық АҚШ долларын түсіріп үлгерді. Трансфер құны 80 миллион еуроны құраған болатын. Осылайша «корольдік клуб» сапындағы ауысып келген ең қымбат футболшылардың да үштігіне енген-ді.

«Реал» тарихындағы ең қымбат трансферлер:

1. Гарет Бэйл – 85.3 миллион фунт стерлинг ( «Тоттенхэмнен»)

2. Криштиану Роналду – 80 ( «Манчестер Юнайтедтен»)

3. Хамес Родригес – 63 ( «Монакодан»)

4. Кака – 56 ( «Миланнан»)

5. Зинедин Зидан - 46 («Ювентустан»)

6. Луиш Фигу – 37  («Барселонадан»)

7. Асьер Ильярраменди – 34 («Реал Сосьедадтан»)

8. Лука Модрич – 30 («Тоттенхэмнен»)

9. Хаби Алонсо – 30 («Ливерпульден»)

10. Карим Бензема – 30 («Лионнан»)

Қорыта айтқанда, Хамес Родригестің «Реалға» тек келмегені белгілі. Ал мадридтік клуб жоспарсыз алмағаны анық. Өйткені, жартылай қорғаушы командаға сіңісе алмай кеткеннің өзінде шығынға ұшырамайтынын алдын ала білді. Флорентино Перес 2004/2005 жылғы маусымдағыдай тағы да «Реалға» «жұлдыздарды» шоғырландыруда. Анхель ди Мария, Иско және Хедира өзге клубтарға ауысып қалуы да бек мүмкін. Бұл туралы әлі айтармыз. Ал сіз колумбиялық футболшы жаңа клубтың ойын жүйесіне сіңісіп кете алады деп ойлайсыз ба?

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:goal.net.ua

Ө. Сансызбай