Таныс бейтаныс. Еуродода жеребесі тартылды

Таныс бейтаныс. Еуродода жеребесі тартылды

Чемпиондар Лигасының жартылай финалдық жеребесі тартылды. Испандық қос команда өз алаңдарында "Бавария" мен "Челсиді" қабылдамақ. Жартылай финалға берілер мүмкіндік тең болғанымен, командалардың артықшылықтарына тоқтала отырсақ. 

"Атлетико" осы маусымда жарқын ойын өрнегімен күллі Еуропаны аузына қаратты. Кешегі күні өз алаңында каталондық "Барселонаны" тізе бүктірген соң, көпшілік мадридтік команданың кәрі құрлық додасында топ жаруына шындап сене бастады. Қалай дегенмен, Диего Симеоненің командасы халықаралық аренада өзін жақсы көрсете алды. Айтулы турнирдің жартылай финалына клуб тарихында бірінші рет шығып отырғанына қарамастан, команда сенімді жеңіспен шыға алды. Мұндайды көпшілік, әрине, күтпеп еді. 

Күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі, Тибо Куртуаның "Челсиге" қарсы ойын өткере алмайтындығы. Айтылғандай, бүгін УЕФА басшылығы халықаралық деңгейде мұндай шектеудің жүргізілмейтінін, қажет болса "Челсиге" айыппұл салатынын жеткізді. Дегенмен, мадридтік "Атлетиконың" басшылығы алаңдаулы. Жуырда ғана клуб президенті Куртуаның өнер көрсете алмайтынын өз аузымен жеткізген екен.

Мадридтіктердің президенті Энрике Сересо ертеректе "Атлетиконың" Еурододада чемпион бола алатынын жеткізіп еді, мұны бірақ сол уақытта ешкім  құлаққа іле қоймаған-ды. 

"Барселонаға" қарсы ширек финалдық кездесуде шыға алмаған бірқатар ойыншылар команда сапын қайта толықтырады. Олар - Диего Коста мен Арда Тұран. Қыс мықтысыз-ақ мадридтіктер жеңістерін сақтап қала алды. Алайда, жартылай финалдық ойынның бәсі қай уақытта болмасын жоғары тұрған. Жолыққалы отырған команда да осал емес. Әсіресе, Жозенің басшылығында. Португалдық әккі маман тосын шешімге келгенде алдына жан салмайтыны анық. Оның үстіне, Терри бастаған жігіттер көп мүмкіндік беріп қоймасы тағы анық. Оның үстіне, қарымта кездесуді өз үйлерінде өткізетіндіктен, Жозенің қол астындағы тәлімгерлер өздерін жайлы сезінері анық. Сондықтан, негізгі құрам ойыншылары барынша сақ болғаны жөн. 

Осы тұста "Челсиге" "Атлетиконың" ең жайсыз қарсылас екенін айта кеткіміз келеді. Көпшілік ойлап отырғандай, "Реал" мен "Бавария" жанында "Атлетико" осалдау болып көрінуі мүмкін. Қазір де осылай деп ойлап отырғандар бар шығар. Алайда, Чемпиондар Лигасындағы ең жайсыз қарсылас "Атлетико" екенін тағы бір мәрте естеріңізге сала кеткім келеді. Мадридтен шыққан жігіттер нағыз жекпе-жектің, жан алысып жан беріскен талас-тартыстың ұжымы саналады. Және осы бір ойын мәнері - лондондық "ақсүйектерге" тойтарушы күш. 

"Челсидің" ширек финалда "ПСЖ"-ны айналып өте алғаны, үлкен ерлік болды. Әсіресе, бірінші кездесуден кейін.

Бұл тұста Жозенің үлкен еңбегін атап өтпей тұра алмаспыз. Тарыдай шашылып жатқан клубты таудай биіктерге сүйреп жүрген бапкер, сегізінші мәрте әртүрлі команда тізгінінде Чемпиондар Лигасының жартылай финалына шығып отыр. 51 жастағы маман сол арқылы футбол аңызы сэр Алексті басып озды (Фергюсон жеті мәрте шыққан екен).  

"Ақсүйектердің" бір алаңдайтын тұсы, командада гол соға алатын, кез келген мүмкіндікті зая кетірмейтін шабуылшының жоқтығы. Осы мақсатта "Базельден" арнайы Мұхаммед Салахты сатып алған еді, алайда, ол әзірше ел біріншілігіне қатысумен шектеліп жүр. Фернандо Торрес сол баяғы күйінше бабы мен бағын таба алмауда. Ал жасына байланысты көп әңгіме айтылып келген Это аздап жарақат алып қалған сыңайлы. Ортаңқол командалардың бірінен сатып алған Ба да тұрақты ойын өрнегімен көзге түсе бермейді. Құдай қолдағанда, командада  гол соға алатын жартылай қорғаушылар жеткілікті. 

Көпшілік футболсүйер қауым ерте күзден "Атлетико" мен "Челсидің" кездесуін күткен еді. Бүгін сол қалаулары орындалды. Әсіресе, Куртуа мен Петр Чехтің өнерін қатарластыра салыстырғысы келетіндер үшін жақсы бір матч болмақ. Мадридтіктер сапында жалда жүрген бельгиялық қақпашы жақын жылдарда "Челсиге" қайта оралуы мүмкін. Әзірше, Жозе бұл жағына алаңдаулы емес. Жозе Чех қақпада тұрғанда, өзін қай кезде де сенімді ұстайды. Оның үстіне, бір уақытта өзі жаттықтырған, айырылмас досына айналған бағана күзетшісі Жозенің кез келген тілегін жерде қалдырмайтыны анық. Испан футболынан аузы күйген Жозе туыстары тұрғанда, жастарға сенім арта қоймас. 

Корольдік "Реал" Чемпиондар Лигасының оныншы тәжіне бір табан жақындай түсті. Италиялық маман Карло келгелі ойыны түзелген испандық алпауыт бүгінгі таңда "Баварияға" қарсылас саналатын бірден-бір ұжым саналады. Әлемнің ең бағалы ойыншыларынан жинақталған "галактикос" енді Зиданның баптауында "неміс мәшинесіне" қарсы тұрып көрмек. 

"Боруссияны" айналып өту арқылы, өткен жылы кеткен есені қайтарған команда "Баварияға" түскенде жабырқамаған болар. Өйткені, команда бас бапкері Анчелотти неміс командаларының қыр-сырына жақсы қанығып қалды және бір тапсырма өздігінен шешілді дей беріңіз.

Роналду қайта оралса, Ди Мария жарақаттанып қалмаса, мадридтіктер өз алаңдарында жеңіске жетуге бар күштерін салары анық. Қарымта кездесудің неміс жерінде өтетінін ескере отырып, Перестің клубы әлемнің ең таңдаулы (қазіргі уақытта) ұжымына бірінші матчта-ақ тойтарыс беруге тырысады. 

Команданың тірегі болып тұрған Роналду екенін ескерсек, онда осы бір әлемнің ең үздік шабуылшысын баптап ұстаған дұрыс және сақтап ұстаған абзал. Ішкі примерада алда каталондықтармен екі кездесу күтіп тұр. "Блауграна" мен "неміс мәшинесіне" бөлінер күшті теңдей сақтаған ләзім. 

"Бавария" Гвардиоланың келуімен жандана түсті: топ ойыншылар сатып алынды, ойын жүйесі өзгерді. Ең бастысы, клуб ішіндегі чемпиондық рух сақталып қалды.

Осының барлығы үшін ең бірінші кезекте Хайнсқа алғыс айтқымыз келеді, содан кейінгі кезекте жеткен жетістікті сақтап тұрған Пепке де алғыс жаудырамыз. Испандық маман "неміс мәшинесінің" механизмін өзгертіп қана қоймай, футбол әлеміне жаңалық боларлық өзгерістерді енгізуге тырысуда.

Чемпиондар Лигасының тарихында екі жыл қатарынан жеңімпаз атанған команда жоқ екен. Пептің нөкерлері осы таңда осы бір қамалды алуға тас түйін дайын.

Қарымта ойынды өз алаңдарында өткізетіндіктен, Роббен бастаған ойыншылар, әдеттегідей, салқынқанды һәм өздеріне сенімді. Ішкі біріншілікте ерте көктемде жеңіс тұғырына көтеріліп қойған команда, кезекті жеңісіне сенімді жылжып келеді.

Кім жеңіске жетеді деген сұраққа келсек, финалда қос испандық команда ойнауы да мүмкін немесе... Қолда бар мүмкіндікке қарай отырып, бір команданың бәсі жоғары тұр деуге ауыз бармайды. Қазірден үй ойындарын екінші кездесуде өткізетін командалар басымырақ саналуда. Әлем жұртшылығын қайран қалдыратын бұл кездесулер де күн санап жақындай түспек. Бір жағында - "Реал" мен "Бавария", бір жағында - "Атлетико" мен "Челси".

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: sports.ru; 166betvn.com; english-football.by; sport-xl.org; sport-express.ua

Л. Лига