Қытайда интерактивті баскетбол алаңы ашылды

Қытайда интерактивті баскетбол алаңы ашылды

Ғалымдар танымал спорт түрлерінің алаңдары уақыт өте келе интерактивті жүйеге ауысатынын айтуда. Соның бір дәлелі ретінде Қытайдың Шанхай қаласында интерактивті баскетбол алаңы пайдалануға берілді.

Баскетбол ойыны «аспан асты елінде» ұлттық дәрежеге көтерілген, танымалдылығы жағынан футболды да жолда қалдырады. Жыл сайын елдің әр аймағында жүздеген ерекше үлгідегі баскетбол алаңдары салынады. Оның әрқайсысын бір-бірінен ерекшелеу үшін қытайлықтар тағы да еңбектенеді. Жақында Шанхайда ашылған алаң соның бір дәлелі болып отыр. Арнайы «Nike» компаниясымен серіктес болып жасалынған интерактивті алаң әйгілі Коби Брайант құрметіне орай «House of Mamba» деп аталыпты.

«House of Mamba» - әлемдегі ең бірінші интерактивті баскетбол алаңы. Алаңдағы паркет жарық шығаратын арнайы диодты элементтерден тұрады. Алаң сызығы, және ойын нәтижесі мен кейде суреттер паркет бетінде бейнеленетін болады. Сонымен қатар, кезеңдер мәресіне жеткен кезде жанкүйерлерге спортшылар туралы ақпараттар беріліп отырмақ. Алып паркет-экран арқылы ойынның үздік сәттерін қайталау да жоспарларында бар екен.

Жақын күндері бұл алаңда «Nike Rise» супершоуы өтпек. Ойында Қытайдың танымал баскетболшылары мен Коби Брайант бастаған әлемдік баскетбол «жұлдыздары» өнер көрсетеді деп күтілуде. «Nike Rise» жарысы қыркүйек айында Барселонада өтетін әлемдік «Nike World Basketball Festival» турнирінің іріктеу кезеңінің де бірі болмақ.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:mirfactov.ru

Ө. Сансызбай