ӘЧ-2014. Кім не деді?

ӘЧ-2014. Кім не деді?

Бразилия жерінде жалауын желбіреткен ХХ Әлем чемпионаты да аяқталды. Ал дүбірлі доданың дүбірі әлі басыла қойған жоқ. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға аламанның басты оқиғаларына қатысты пікірлерді ұсынамыз. Сіздер де өз ойларыңызбен бөлісе отырыңыздар.


Жартылай финалда Германия құрамасы алаң иелерін ойсырата жеңді. Мұны бразилиялықтар түгіл, әлем жұртшылығы күтпеген-ді. Бұл туралы кім не деді екен?

Луиш Филипе Сколари, Бразилия құрамасының бас бапкері:

- Мені енді барлығы Бразилия құрамасының тарихындағы абыройдан жұрдай болып, 1:7 есебімен жеңілген бапкер ретінде еске алады. Өзге бапкер келгеннен кейін, тарихта қалғанмен, мұның ұмытылатынына сенемін.


Франц Беккенбауэр, бұрынғы ГФР капитаны әрі бапкері:

- Мен нені сезіндім? Мен өз көзіме өзім сенбедім!

Диего Марадона, Аргентинаның әйгілі футболшысы:

- Жарыс басталғанда-ақ маған бразилиялықтардың ойыны ұнаған жоқ. Бірақ, немістердің бұл құраманы жүндей түтетінін күтпеп едім.

Гари Линекер, ағылшын құрамасының ардагер футболшысы:

- Менің футбол қарап жүргеніме жарты ғасырдай уақыт өтті. Бірақ, дәл мұндай стильдегі ойын нәтижесін көрмеппін. Көрсем де есімде жоқ екен.

Стивен Джерард, Англия құрамасының жартылай қорғаушысы:

- Бразилияны бәрі жоғары бағалады. Бірақ, олар ешқашан фаворит болмаған. Оларда Неймар, Аргентинада – Месси, Португалияда – Роналду болса, Германияда – командалық ойын бар.

 

Ширек финалда Колумбия құрамасына қарсы кездесуде «селесаоның» көшбасшысы Неймар жарақат алды. Нәтижесінде бұл оқиға да бір ауық пікірлер жинады.

Хуан Суньига, футболшыны жаралаған колумбиялық қорғаушы:

- Менде біреуді жарақаттаймын деген ой мүлде болмапты. Мен елімнің намысы үшін күрестім.

Неймар, Бразилия құрамасының шабуылшысы:

- Құдай мені сақтаған екен. Егер соққы бірнеше сантиметр омыртқама жақын тигенде арбаға таңылып қалған болар едім.

Роналдо, Бразилия құрамасының экс-шабуылшысы:

- Бұл өте қауіпті ереже бұзу. Жазалау керек.

Суарестің Кьелиниді тістеп алуы «мундиальдың» басты жаңалықтарының бірі болды. Соңынан ФИФА футболшыны жазалады. Ал бұл оқиға туралы кім не деді екен?

Луис Суарес, Уругвай құрамасының шабуылшысы:

- Мен оны тістеген жоқпын. Құлап бара жатып Кьелинидің иығына тісіммен барып соғыстым. Оның иығы көгеріп, менің тісім ауырып қалды.


Диего Марадона, Аргентинаның әйгілі футболшысы:

- Суарес біреуді өлтірді ме? Бұл – футбол. Бәрі де болады. ФИФА Луисті тез арада Гуантанамоға жібермегеніне таң қалдым...

Жером Вальке, ФИФА бас хатшысы:

- Суаресті емделу курсына жіберу керек...

Джорджо Кьелини, Италия құрамасының қорғаушысы:

- Мен Суареске берілген жазаға қуанған жоқпын. Оқиға алаңда болды, алаңда қалғаны дұрыс.


Финалдық кездесу аяқталғаннан кейін, Месси Әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы атанды. Жұртшылықтың пікірі екіге жарылып шыға келді. Бір топ пікірі – дұрыс десе, бір топ – Месси бұл атаққа лайықты емес екендігін жеткізді.

Диего Марадона, Аргентина құрамасының әйгілі футболшысы:

- Мессиді насихаттаушылар жақсы жұмыс жасайды. Бұл атақты иеленуі әрине әділетсіз шешім. Мен оның бұл жүлдені алуға шыққысы келмегенін де көрдім.

Йозеф Блаттер, ФИФА президенті:

- Месси Әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы атанғанда менің өзім таң қалдым.

Әлем чемпионатының тартысты кездесулері аяқталып, чемпион анықталғанмен, қызығы таусылар емес. Өзге де оқиғаларға байланысты пікірлерге назар аудара отырайық.


Карлос Кейрош, Иран құрамасының бас бапкері, Аргентина құрамасымен кездесуінен кейін:

- Месси әлемнің ең үздік футболшысы атанар еді. Егер ол жұмыр басты пенде болғанда...


Луи Ван Гал, Нидерланды құрамасының бас бапкері, Аргентина құрамасымен кездесуінен кейін:

- Серхио Ромеро 11 метрлік айып добын қайтаруды мен жаттықтырып жүргенде «АЗ» сапында үйренген. Мен үшін өкінішті емес!

Фред, Бразилия құрамасы шабуылшысы, Камерун қақпасына соққан голынан кейін:

- Доп менің мұртыма тиіп қақпаға енді. Бұл – мұртпен соғылған гол!

Марио Балотелли, Италия құрамасының шабуылшысы, Коста-Рикамен болатын ойын алдында:

- Егер біз коста-рикалықтарды жеңер болсақ, ағылшын ханшайымы менің бетімнен келіп сүюі керек. Менің сондай арманым бар.

Робин Ван Перси, Нидерланды шабуылшысы, Испания қақпасына соққан голынан кейін:

- Бұл менің спорттық мансабымдағы ең тамаша гол. Мұндай сәт өмірде бір-ақ рет болады.

Бенуа Ассу-Экотто, Камерун құрамасының қорғаушысы. Франция құрамасы сапында өнер көрсетуден бас тартуының себебі жайлы:

- Франция құрамасы жеңілген жағдайда командадағы қара нәсілділер немесе мұсылмандарға қарсы айыптаушылық үлкен дау пайда болады. Сондықтан да мұндай жағдайда ойнағым келмейді. 


Роберт Ковач, Хорватия құрамасының бас бапкері, Фредтің құрамасына пенальти сыйлаған сәтіне байланысты:

- Мен Фредті пенальти орындау мүмкіндігін тудырғаны үшін кінәламаймын. Айып алаңында құлау – оның міндеті. Мен төрешіні кінәлаймын. Өте қате шешім болды.

Доп додасы мәресіне жетсе де, қызықты ақпараттары әлі таусылмасы белгілі. Біз сіздерді күнделікті  хабардар етіп тұратын боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, goal.net.ua,vk.com, fifa.com

О. Сансызбай