Қазақстандық балуандар қола жүлдеге таласады

Қазақстандық балуандар қола жүлдеге таласады
Фото: vesti.kz

Қазақстандық балуандар Ғалымжан Өсербаев пен Нұрислам Сана Риодағы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге таласатын болады.

Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта боз кілемге шыққан Ғалымжан Өсербаев Олимпиаданың жартылай финалына дейін жетті. Бірінші кездесуінде молдовалық Евгений Недялконы айқын басымдықпен ұтты. 1/8 финалда Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері кубалық Ливан Лопеспен белдесіп, 8:7 есебімен айласын асырды. Ширек финалда жапон балуаны Сосуке Такатанимен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіп шықты. Ал жартылай финалда ирандық балуан Хасан Язданиға жол беріп алды. Нәтижесінде Олимпиаданың қола жүлдесіне таласатын болды.

57 келіге дейінгі салмақта Нұрислам Сана да жұбаныш белдесу арқылы қола медальға таласуға мүмкіндік алды. Бірінші кезеңде отандасымызды жеңіп кеткен грузин Владимир Хиншегашвили Олимпиада ойындарының финалына шықты. 

Қазақстандық балуандар Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-ден бастап қола жүлдеге таласты бастайды.

Ө. Сансызбай