AIBA төрешілерді айыптап құтылмақ па?

AIBA төрешілерді айыптап құтылмақ па?
Фото: Данияр Майлыбаев

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында қателікке бой алдырған төрешілерді айыптамақ. 239 жекпе-жекті сараптаған ұйым "кейбір шешімдер лайықты деңгейде шығарылмаған" деген тұжырымға келіпті.

Қателікке бой алдырған төрешілер алдағы бокс жекпе-жектерінде қазылық жасамайтын болады. Бірақ олардың қателігінен кеткен осыған дейінгі бокс жекпе-жектерінің қорытындысы өзгеріссіз қалады екен.

AIBA нақты қай жекпе-жектерде төрешілердің қателік жібергенін ресми түрде хабарлаған жоқ. Олардың қатарында Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы кездесу болуы да мүмкін. Себебі ресейлік боксшының жеңіске жетуі көпшіліктің күмәнін туғызған болатын. Дегенмен нәтижелер өзгеріссіз қалатын болғандықтан, төрешілердің Олимпиада ойындарындағы қызметінен шеттетілуі жанкүйерлер үшін аса қуанарлық жаңалық емес екені белгілі.

Айта кетейік, кеше өткен ресейлік Владимир Никитин мен Майкл Конлан арасындағы жекпе-жектен кейін де дау шыққан болатын. Ирландиялық боксшы AIBA-ны айыптап, сұқ саусағын көрсетіп кеткен-ді. Бір қызығы, бұл жекпе-жекте де Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы кездесудің төрешілері (Майкл Галлахер (Ирландия), Армандо Карбонелл Альварадо (Колумбия), Хейра Сиди Якуб (Алжир) және рингтегі Жерардо Погги (Аргентина)) қазылық жасаған еді.

Ө. Сансызбай