Василий Левит қытайлық қарсыласын нокаутпен ұтты (видео)

Василий Левит қытайлық қарсыласын нокаутпен ұтты (видео)
Фото: vk.com

Қазақстандық боксшы Василий Левит Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегін жарқын жеңіспен бастады. Отандасымыз қытайлық боксшы Ю Венгкайды техникалық нокаутпен ұтты.

Бірінші раундтан бастап бірінші нөмірмен жұдырықтасқан Василий қарсыласын бірден жойқын соққыларының астына алды. Ю Венгкай қорғана жүріп, қазақстандық боксшының осал тұсын табуға талпынды. Дегенмен тәжірибелі Василий Левит қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Аңдысын тауып, айласын асырумен болды. Ал екінші раундтағы отандасымыздың жойқын соққыларының бірі қытайлықты жер құштырып, есеңгіретіп тастады. Нәтижесінде Ю Венгкай жекпе-жекті үшінші раундта жалғастыра алған жоқ.

Василий Левит ширек финалда Маврикий елінің боксшысы Кеннеди Сент-Пьермен жұдырықтасады. Ол алғашқы жекпе-жегінде алжирлік Чуаиб Булудинацты 2:1 (29:28, 28:29, 29:28) есебімен жеңді.

Айта кетейік, осыған дейін Біржан Жақыпов пен Жәнібек Әлімханұлы қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өткен болатын.

Ө. Сансызбай