Олимпиаданың бірінші күні жаңарған рекордтар

Олимпиаданың бірінші күні жаңарған рекордтар
Фото: google.kz

Рио Олимпиадасының бірінші күні 12 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жеңімпаз атанған спортшылар анықталып қана қоймай, бірнеше әлем және Олимпиада рекордтары жаңарды. Олай болса жаңарған рекордтар туралы айта отырайық.

Бразилиядағы додада садақ арту спорты бойынша оңтүстік кореялық Ким Уджин әлем және Олимпиада рекордын жаңартты. Ол іріктеу кезеңінде 720 мүмкін ұпайдың 700-не ие болып, отандасы Лим Дон Хеннің нәтижесін (699 ұпай) түзетті.

Венгриялық Катинка Хошсу Рио-де-Жанейродағы  Олимпиада ойындарында 400 метр қашықтыққа кешенді жүзуде әлемдік рекордты жаңартып, алтын медальға ие болды. Ол бұл қашықтықтықты 4 минут 26,36 секундта жүзіп өтті. Осыған дейін бұл рекорд 4 минут 28,43 секунд нәтижесімен қытайлық Е Шивеньге тиесілі болып келген еді.

Суда жүзу спортынан Аустралия әйелдер құрамасы еркін әдіспен 100 метрлік эстафеталық сында әлем және Олимпиада рекордын тіркеді. Эмма Макеон, Бриттани Элмсли, Бронте Кэмпбелл және Кейт Кэмпбелл орнатқан жаңа рекордтық көрсеткіш - 3 минут 30,65 секунд.

100 метрге брасс әдісімен жүзуде де әлем рекорды жаңарды. Британдық жүзуші Адам Пити 2015 жылы Лондонда орнатқан рекордын жаңартты. Енді бұл қашықтықтағы жаңа рекордтық уақыт 57,55 секундты құрап отыр.

Аустралиялық теннисші Джон Миллман бірінші айналымда литвалық Рикардас Беранкиске екі сеттің бірде-бір геймінде ұтылмай, Олимпиада рекордын тіркеді.

Ө. Сансызбай