"Жұлдыз FM" туған күнін қалай атап өтті?

"Жұлдыз FM" туған күнін қалай атап өтті?

20 қараша күні "Жұлдыз FM" радиосы біржылдық мерекесін атап өтті. Аз уақыт ішінде ұлт үнжариясына айналып үлгерген 101,4 толқынын құттықтап келушілердің қарасы көп болды. Олардың қатарында өнер жұлдыздары да бар. 

"Жұлдыз FM" - бұл Қазақстандағы жастардың тұңғыш радиосы және Орталық Азиядағы түркі халықтарының музыкасын тарататын бірінші радио. Радио толқынында тек қазақ тіліндегі әндер беріледі. Радиостанция бір жылдығын кереметтей радиомарафонмен атап өтуді қолға алды. 

Радио таңның атысынан күннің батысына дейін нон-стоп тәртібінде өз тыңдарманына керемет көңіл-күй сыйлап, шақырылған қонақтарымен әңгіме-дүкен құрды.

Таңның атысынан, кештің батысына дейін қонақтармен сұхбаттасып, көрерменге әдемі көңіл-күй сыйлау үшін таңғы бағдарлама жүргізушісі Жасұлан Қали бас қатырып отыр.

Ал, осы бір әдемі күнді тек қана қуанышпен атап өту үшін келген екінші жүргізуші Анар Мыңбай бұған өзін іштей дайын екенін сездіргендей.

Өздерінің тарап кеткендіктерін жариялаған "Орда" тобының жігіттері, айтулы күнде радионың туған күнін естен шығармаған екен.  Студияға келіп, тілектерін айтып, көрермендер қойған сауалдарға жауап берді.

Радио эфирінен көрінбейтін дыбыс әрлеуші жігіттердің де еңбегі ерен. Әрбір әдемі тілектен кейін тамаша әуендер жіберіп, жұршылықты таңдандырып отыратын азаматтар да бүгін аянбай тер төкті.

Түрлі аспаптың құлағында ойнайтын жігіттер де бүгін сіздерге танымал жұлдыздардың тікелей эфирден жанды дауыста ән шырқауына өздерінің үлестерін қосты. 

Осы бір тамаша күнді есте қалдырып, радионың мұрағатына алтын видеолар қалдыруға тырысып, қолынан келгенін аянбаған жігіттер, келесі әншінің орындауындағы әндерді түсіруге күтіп тұрған сәті.

Студияға келген қонақтар тәй-тәй басқан "Жұлдыз FM"  радиосына өздерінің ізгі тілектерін жолдап, қолхаттарын қалдырып жатты. 

Бірлесіп жұмыс істеп, БАҚ-тың әр саласында қызмет ететін, төртінші биліктің білікті мамандары да бұл жиыннан тыс қалмады. Өздерінің құттықтауларын жолдап, болашақта үлкен белестерді бағындыруларын тілге тиек етті. 

"Жұлдыз FM" радиосының басшысы Мадина Өмірбекованың қызметкерлерімен естелік суреті.

Талай арудың арманына айналған "Меломен" тобының жігіттері, жаңа әндерін жұртшылық назарына ұсынды. 

Әншілердің легін толықтырып, Әли Оқапов та студияда өзінің әсерлі сұхбатын беріп, көңілді күнге өзінің хит әндерін тарту етті.

"Ханшайым" әні хит болған Ғаділбек Жанай, Нұржан Керменбаев және Мадина Сәдуақасова қосылып тікелей эфирде сұхбат берді.  

Өзінің ерекше стилімен көрерменді жылдам баурап алған Ғалымжан Молданазар тыңдармандардың сұрақтарын мұқият тыңдап, ыждаһаттылықпен жауап берді. 

"Алдаспан" тобының жігіттері Мақсат пен Шамшаддин, қандай ән айтатындарын талқылап тұр. 

"МузАрт" тобындағы Сәкен ағамыз әлеуметтік желіде Мейрамбек пен Кенжебектен көп отыратын ескертіп, көзі қарақты көрермендерге сәлем жолдауда.  

Бұл студияның соңғы қонағы "МузАрт" тобы болды. Көңілді әңгімелер айтылып, біраз тыңдарман топ туралы ойындағы сұрақтарына жауап алды. 

Бір жасында, биік белестің шыңынан көрініп үлгерген "Жұлдыз FM"  радиосын біз де мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Болашақта да дәл осындай сапалы бағдарламалары көп болып, халықтың сүйіп тыңдайтын радиосы болуына тілектеспіз. 

"Жұлдыз FM" қосулы болсын!