Шалғайдағы Шалабай...

Шалғайдағы Шалабай...

Еліміздің шығысында Шалабай деген кішкентай ғана ауыл бар. Өзі қаншалық кішкентай болса, аты соншалық үлкен бұл ауыл бір кездері қазақтың ақбас сиырын өсіріп, барша жұртқа танымал болған. Бірақ 90-шы жылдары дағдарыс кесірінен шаруашылық құлдырап кетті. Қазір Шалабай жайлы көп айтыла бермейді. Өскеменнен 100 шақырым жерде орналасқан, халқының саны 1000 адамнан сәл асатын, Қызылсу өзенін жағалай қонған ауылдың бүгінгі жағдайы нашар емес екенін өз көзімізбен көріп келдік. Шалабай ауылында қайта құрылған "Шалабай" шаруа қожалығы сөзімізге дәлел бола алады. Ендеше сол қожалыққа сапар шеккенде жасаған фоторепортажға назар салыңыздар!

Деректер "Шалабай" шаруа қожалығы 1918 жылы құрылған деседі. Бірақ айтып өткеніміздей, 90-шы жылдары ол құлдырап, 1998 жыл түбегейлі жабылып қалған болатын.

Сол жылдары елді жайлаған жұмыссыздық пен дағдарыс бұл ауылға да әсерін тигізеді. Бірнеше жылдың ішінде мал басы күрт төмендеп, қора-жайдың бәрі талауға ұшырайды.

Алайда, тұрғындар күдерін үзе бастаған кезде, яғни 2000 жылдардың басында ауыл маңынан Өскемен-Шар теміржолының құрылысы басталады да, қосымша жұмыс орны пайда болып, басқа өңірлермен байланыс қайта жанданады.

Теміржолдың салынуынан шабыттанған ауыл тұрғындары мен кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов бірлесе жұмыс бастауы нәтижесінде, қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруашылық 2005 жылы қайта құрылады.

Ал енді шаруашылықтың жұмысымен танысайық...

Қазақтың ақбас сиыры – бұл сиырдың етті тұқымы. Ол қазақ (қалмақ) сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-1950 жылдар аралығында Қазақстан мен Ресейде пайда болған тұқым.

Бұл тұқым еліміздің далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген. Яғни, жаздың аптап ыстығына да, қыстың үскірік аязына да төзімді.
 

Бірақ соған қарамастан, бұл сиырларды өсіру әсте оңай емес. Бұл жұмыс қажырлы еңбек пен қалыптасқан жүйені қажет етеді.

Әлбетте, ең бірінші қажеті, ол – жайылымдық жер.

Жайылымдардағы шөп қаншалықты қалың әрі құнарлы болса, мал соншалық етті болады.

Шөптің құнарлы болуына аралардың да үлес қосатынын біліп пе едіңіз? Иә, дәл солай. Аралар гүлден гүлге қонып, тозаңдандыру арқылы шөптің құнарлы болуына, егін өнімділігінің артуына әсер етеді. Сол себепті қожалық жайылым маңында ара өсіреді.
 

Малды үнемі қадағалауында ұстайтын бақташыларды да ұмытпаған жөн.

Бұл кісілердің жұмысы қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті шығар...

Жайылымнан бөлек, арнайы мал суаратын өзен-көлдердің болуы шаруашылық үшін өте маңызды. 

Мамандардың айтуынша судың құрамын да тексеріп тұру артық етпейді, себебі түрлі аурулардың таралуы сумен тікелей байланысты.

Ал қыстыгүні көл мен өзендердің бетіне мұз қатқанда, арнайы құбырлардан су алынады.

Күн суықта мал салмақ тастайды және көп азық қажет етеді. Сол себепті қыста оларды осындай қораларда ұстаған жөн.

Қыстың қамын жаз ойла! Малға қыста берілетін шөп жаз соңына қарай дайындалады.

Қысқа шөптен бөлек, астық та дайындалады.

Бұл малдың қыстан қысылмай шығуына сенімді болу үшін өте қажет.
 

Орылған астықты арнайы қоймаларда сақтайды.

 
Ал орнын қайтадан жыртып, келесі кезеңге дайындап қояды.

Көктемде бұл жерлерге қайтадан астық егіледі.
 

Мал өсіру тек жайылымдар мен су көздерінен тұрмайды, мал өсіру үшін көптеген құжаттармен де жұмыс істеуге тура келеді екен. Мысалы, "Бұл не?" дерсіз. Бұл – қожалықта тіркелген сиырлардың шежіресі. Қызық, ә? Бұл шежіре қан тазалығы үшін қажет!

Одан бөлек әр бастың осындай жеке құжаты болуы шарт. Бұл жерге сиыр жайлы түрлі деректер жазылады. Қай құжат қай малға тиесілі екенін құлағына қыстырылған нөмір арқылы білуге болады.

"Шалабай" шаруа-қожалығының мұражайы да бар екен.

Шуаруашылықтың негізгі күші қазақтың ақбас сиырын өсіруге бағытталған. Дегенмен, басқа малдарды өсіру де ақырын қолға алынып жатыр.

Мысалы, жылқының саны қазіргі уақытта 600 басқа жеткен.
 

Жылқыдан бөлек, бірнеше отар қой да бар.

Бірақ бұл мүлде басқа әрі ұзақ әңгіме...

Ал бүгінгі фото әңгімемізді аяқтар болсақ, мың адам тұратын кішкентай ауылда осыншалық үлкен жұмыстар жасалып жатқанын көріп қатты қуандық. Олардың тек өз өңірлерін ғана емес, бүкіл елімізді етпен қамтамасыз ететін деңгейге жетулеріне тілектеспіз!

Шалғайдағы Шалабайға қарап, ел ертеңінің келешегі кемел екеніне кәміл сенемін.