The Spirit of Tengri фестивалі қалай өтті?

The Spirit of Tengri фестивалі қалай өтті?

6 маусым күні The Spirit оf Tengri ІІІ заманауи этникалық музыка фестивалі басталғанын хабарлаған болатынбыз. Екі күнге созылған фестивальде 11 елдің (Венгрия, Түркия, Грузия, Қытай (Ішкі Моңғолия), Эстония, Таулы Шория, Тыва, Башқұртстан, Бурятия, Норвегия және Қазақстан) өнерпаздары өнер көрсетті. Елімізден "Алдаспан", "Шарапат", "Арқайым" жіне "Тиграхауд" топтары қатысты.

Республика сарайының алдында үлкен сахна құрылып, фестивальді бастауға қызу дайындық жүруде. Кештің басталуына санаулы уақыттар қалды, қала тұрғындары Абай алаңына толассыз келіп жатыр.

Екі күнге созылған концертке hand-made көрмесіне қатысқан қолөнершілер де шақырылды. Олар әр елдің мәдениетін таныстырып, түрлі бұйымдарын көрмеге қойған екен. Қызықтап келген көрермендер заттарды алып кетпесе де, суретке түсіп қарық болуда.

Көрмеге көне ескерткіштерімізді де орналастырылды. Аса шеберлікпен жасалған бұл бейнелерді қасына келіп, қолымызбен ұстап көрмейінше қолдан жасалғанын біле алмадық. Бұлардан бөлек фестивальге арнайы тігілген футболкалар сатылды. Айта кетейік, бұл футболкаларды әрлеумен Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев айналысты.

Халық сахна алдына жиналып концерттің басталуын күтуде. Кешегі өткен күннің әсері жақсы болса керек, бүгінгі кешке де көрермен көп жиналды.

Концерт шымылдығы қазақтың біртуар әншісі Батырхан Шүкеновке арнап, "Отан ана" әнін шырқаумен ашылды. Бұл шығармаға "Алдаспан", "Арқайым" және эстониялық "TRAD.ATTACK" тобының мүшелері қатысты.

Әннің әсері сондай көрермендеріміз еріксіз жанарына жас алды. Дәл осы кезде Батырханнын жоқтығына аспан да наласын білдіргендей нөсерлетіп қоя берді. 

Тосыннан жауған жауын әсерінен көрермендер де қалқаға тығылуда. Бұлттың күтпеген жерден үйіріліп келіп жауын болып төгерін ешкім де ойламаған тәрізді.

Көп ұзамай батыстан жарқырап күн бейнесі көрінді. Жауын жауып табиғат тарапынан тосын жайттар орын алып жатса да, концерттің өз дәрежесінде өтуіне кедергісін тигізе алмады.

Өз ісіне берілген фотографтар да жауынның жауғанына қарамай жұмыстарын жалғастыруда. Жылына 1 рет ұйымдастырылатын жобадан сәтті кадрлар жинап қалуға барын салып жүр.

Бұндай үлкен дәрежедегі фестивальдің Алматыда өтуіне барша қазақ жұрты қуанышты. Әрине, бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Жиылған жұрт ішінде осындай топ құралып би де биленді. Қызықтар енді ғана басталғандай, орындалған әндер шынымен де құлақтан кіріп бойды билеп жатты.

"TRAD.ATTACK" әндері көрермендерді тез баурап үлгерген секілді, барлығы дерлік билеп, алғыстарын білдірді.

Қас қарайып барады, алаң көрермендерге лық толды, өнерпаздарымызға соғылған шапалақтар да қала көшесін жаңғырта түсті.

Қытайлық Hanggai және венгриялық әнші Тилла Торок HoldViola тобының құрамында өнер көрсетті. Сонымен қатар, сахнаға әлемге белгілі Мари Бойне Персен мен норвегиялық Nordiс тобы да шығып, Namgar ұжымымен бірге ән орындады.

Міне, құрметті оқырмандар концерт тамашалауға келген көрермендеріміздің көңіл-күйі жоғары. Концерттің ұнап жатқандығын осындай жарқын бейнесінен байқауға болады.

Этнофестивальдің екінші күнінің қорытынды әнін айту үшін сахнаға The Spirit of Tengri фестивалінің қазақстандық қатысушылары — "Арқайым", "Шарапат" және "Тиграхауд" топтары, Еділ Құсайынов және Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Ян Рудковскийдің жетекшілігіндегі хоры шықты. Олар 2015 жылғы The Spirit of Tengri фестивалінің соңғы әнін, яғни "Ахау керім" әнімен аяқтады.

Сурет:Massaget.kz