Сыңғырла соңғы қоңырау

Сыңғырла соңғы қоңырау

Бүгін барлық мектеп оқушылары асыға күткен ерекше күн. 25 мамыр күні барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқушылар сыныптан сыныпқа көшсе, мектеп түлектері алтын ұясымен біржола қош айтысады. Біз бүгін О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математикалық орта мектеп-интернатының соңғы қоңырау салтанатына барып қайтқан болатынбыз.

Мінекей, айтқанымыздай физика-математикалық орта мектеп алдына да келіп жеттік. Оқушылар да бұл күнді асыға күткен тәрізді. Биылғы оқу жылында ең соңғы рет сап түзеп, түлектерін шығарып салуға дайын тұр.

Түлектеріміз де көпішілік қошеметімен ортаға қарай қадам басты. Әрине бәрінің жүзінен үлкен өмірге аяқ басу алдындағы қимастық, қобалжу сезімі анық байқалады.

Бірі баласының, енді бірі немересінің үлкен өмірге қадам басуының куәсі болып келіп отыр. Әрине мұндай демеушілері бар оқушы ертеңгі күнге нық сеніммен қадам басары анық.

Мектеп ауласы адамға лық толы болды. Тіпті аула ішіне сыймаған ата-аналар сырттан келіп тамашалап, сыйлықтарын тапсырып жатыр.

Сынып жетекшілеріне де өз шәкірттерімен қоштасар сәт келіп жетті. Әрине қолға қалам ұстатып, алғаш әріп үйреткен ұстаздарды ешқашан ұмытпай, есте сақтауымыз керек-ақ.

Мектеп директоры өз кезегінде түлектерге алдағы келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеп, жоғары балл жинайтындарына сенім білдірді.

Мектеп басшысының сенімі жас талапкерлерге үлкен жауапкершілік артары анық. Арқаларындағы жүктің ауырлығын сезінген жастар үдеден шығу үшін барын салары сөзсіз.

9, 10-сынып оқушылары мектеп қабырғасынан аттанғалы тұрған жас түлектерге ізгі ниеттерін білдіріп, сәттілік тіледі. Бір үйдің баласындай болып бірге тәрбиеленген достарына деген қимастық сезімі көңіл толқытады.

Ата-аналар баласын біліммен сусындатып, адамгершілікке баулыған, болашаққа жол сілтеп, бағыт берген ұстаздарға гүл шоғын табыстап, алғысын білдірді.

Алдағы үлкен өмірде әр жасты әр қилы асулар күтіп тұр. Сыныптастарымен енді қашан кездесері де белгісіз. Сондықтан да бітірушілеріміз ортаға шығып соңғы вальстерін биледі.

Көптен күткен соңғы қоңырау үні де сыңғыр қақты. Енді олар үлкен өмірге аяқ басады. 

Кей оқушылар осылай ұстаздарымен естелік суретке түсті. Әрине 11 жыл бойы білім алған мектебін, ұстаздарын сағынары сөзсіз.

Түлектердің арман-тілегі жазылған шарлар көкке қарай қалықтап барады.  

Жиылған оқушылар мен ата-аналар бітіруші түлектерді үлкен өмірге аттандырып, қол бұлғап қоштасуда.

Тілек білдіру бұнымен таусылған жоқ. Жалаушалардан басталған ізгі ниеттер жейдеге де жазылып жатыр. Барлығы бір-біріне тілек-ниеттерін жазып қалдыруда. Бұл да ертең үлкен естелікке айналары анық.

Барлығыңызды да бүгінгі соғылған соңғы қоңырауыңызбен құттықтаймыз. Демалыс маусымыңыз сәтті өтсін. ҰБТ тапсыратын оқырмандарымызға 125 балл жинауына тілектеспіз!

Сурет: Massaget.kz