Ең жас құрастырушылар

Ең жас құрастырушылар

«Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауының тағы бір жеңімпазы 20 000 АҚШ долларына ие болған, балаларға роботехнологияны үйрететін «Нұр» академиясының басшысы Гүлжанар Еңкебаева болатын. Бұл жоба өткен жылдың қараша айынан бастау алған. Бағдарлама бойынша балалар алты жастан бастап, жиырма бір жасқа дейін қабылданады. Роботехника тапсырмаларын күрделендіріп, студенттерді де оқытуды мақсат еткен академияға біз де қонақ болып қайттық.

Балалар білімдерін ортаға салып, жоба жайын ақылдасуда. Бұл құрастырудың ең төменгі сатысы, бұнда "Лего"  (LEGO – өзімен бірге алуан-түрлі нәрселерді құрастыру мен модельдеу үшін арналған бөлшектер жиынтығын әкелетін, ой қабілеттілікті дамытатын ойыншықтар топтамасы) бөлшектерімен кран құрастырып, арнайы қозғалтқыштар орнатылады.

Орнатылған қозғалтқыш, құрастырушы бұйрығына бағынуы үшін компьютердің көмегімен сан түрлі бағдарламалар жазылып, қозғалтқыш жұмысын бірнеше бағытта тексерістен өткізеді.

Топ болып құрастырып, жұмысын толық тексеріп, кем-кетігі жоқтығына көз жеткізгеннен кейін осылай бұзылып қорапқа салынады. Енді қайта құрастыру топпен емес, жеке-жеке өтпек. 

"Жалғыздың жолы тар" демекші кей балаларға құрастыру қиынға соғатын тәрізді. Інішектеріміз қанша қиналғанымен өзіне жүктелген міндетті орындап, келесі сатыға аяқ басып келеді.

Құрастырған кран жұмысы сәтті шыққан оқушыны мынандай айналмалы әткеншек жасау сыны күтіп тұр. Бұл сатыны бітіріп нағыз роботты қолдарына алмақшы.

Бұл саты ерекшелігі, бұнда құрастыру жұмысы "Легомен" емес, қозғалтқыштарды бір-біріне арнайы кабельдер арқылы дұрыс жалғаудан басталады.

Роботты қолына алмас бұрын теориялық тұғыда түрлі сабақтар өтіп, кабельдерді жалғау туралы кітаптардан оқып үйренеді. Гүлжанар ханым өз сөзінде қабылдау деңгейі әртүрлі болғандықтан, әр балаға жеке-жеке тоқталып, толықтай түсінуін де басты назарда ұстайтынын айта кетті.

Балалар компьютердің көмегімен түрлі бағдарламалар енгізіп роботтарына жан бітіруде. Енді роботтары өз бұйрығына бағындыра білу сыны күтіп тұр.

Бұл суретте бүкіл қозғалтқыштардың тізбегі көрсетілген. Осы тізбекті өзгерту арқылы түрлі қимыл жасай аласыз. Қарапайым көрінгенімен бұл бағдарламаның атқарар қызметі жоғары.

Машина қозғалысын реактивті лазері арқылы түрлі бағытқа өзгерте алады. Лазерге жасыл түсті көрсетсеңіз алға, сары түс оңға, көк солға бағыттаса, қызылды көрсетсеңіз қозғалысын тоқтатады.

Тексерудің тағы бір әдісі осындай жолақты қағаз үстінде өтпек. Бұндағы түрлі жолақтарға келгенде лазер көмегімен робот өз бағытын өзгерте алады.

Бүгінде шәкірттердің барлығы дерлік 6-11 жас аралығығындағы балалар. Гүлжанар Еңкебаеваның айтуынша ұтыс аудиторияны кеңейтіп, барынша жаңа жабдықтар алуға жұмсалады.

Бүгінгі ең соңғы сатыдағы робот үлгісі осы. Шетелден келетін тапсырыс ішінде қабілеттілігі бұдан да жоғарғы автоматтандырылған роботтар да бар.

Балалар жасаған жұмыстарға қызыға қарап, жеткен нәтижелеріне қуанып қалдық. Гүлжанар Еңкебаеваның басшылығымен балаларға роботехнологияны үйрететін «Нұр» академиясының жұмысына табыс тілеп, қош айтыстық.

Сурет: ©Мassaget.kz