"Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі

"Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

2-күн: "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

3-күн: "Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

4-күн: "Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

5-күн: "Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

6-күн: "Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

Тезірек жиналып, кетуді емес, бір жеті бойы жолдың қиындығы мен қызығын бірге көрген, қазірде жолдас болып үлгерген жандармен әңгімелесуді, өткен аптаны талқылап, алда байланысып тұрамыз деп серттесуді мақсат тұтқан ел бұл күні ерте оянды. Тұра салып бәрінің естігені сүйінші хабар болды. Кеше кешке "Nomad Explorer"-дің ұйымдастырушы комитеті дауыс беру арқылы келесі жылдың экспедициясы өтетін өңірді анықтаған екен. Ол — Жамбыл мен Түркістан облыстары. Баратын жаңа өлкенің анықталуы — қазіргі сапар аяқталуға жақындағанының белгісі. Содан болар, жаңалықтан кейін көпшіліктің абыр-сабыры басталып кетті. Қайда қарасаң да жымыңдасып, әңгіме айтып, құшақтасып, телефон алмасып жатқан адамдар. Бәрі көңілді. Десе де, олардың күле тұра, бірін-бірі қимайтындары да байқалады. Арасында Алтайды қойып, Түркістанды талқылап жатқандары да бар. Ұйымдастырушылар жағдайдың осылай болатынын алдын ала білді ме, бұл күні көретін нысан санын азайтып, "номадшылардың" уақытты еркін өткізуіне мүмкіндік берген екен.

Бүгін көретін жалғыз нысан — Берел қорымы. Бұқтырма өзенінің оң жағасында жатқан қорым Сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш болып саналады.

Оның ғылым үшін де, ұлтымыз үшін де маңызы зор. Сол себепті, Берел қорымы қазіргі күні мемлекет қорғауына алынып, "Мәдени мұра" бағдарламасына енгізілген. 

1998 жылдан бері осы жерде тұрақты түрде қазба, зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал, 2008 жылдан бастап тарихи-мәдени қорық-музейі құрылып, жұмыс істеп тұр. 

Музейдің құрамына "Патшалар алқабы" аталып кеткен жазықтағы обалар мен құнды жәдігерлер сақталатын ғимарат кіреді. Экспедиция мүшелері алдымен ғимаратқа соқты.

Оның жанына түрлі экспозициялар орналастырылған.

Ал, ішінде кейбірі осы маңнан табылған, кейбірі басқа өңірлерден әкелінген түрлі жәдігерлер бар.

Көне заттарға қарап, тарихымыздың қаншалықты тереңде жатқанына таңданасың.

Ерте заманда осы өңірді мекен еткен қауымның (бәлки сіздің тікелей бабаларыңыз) шеберлігіне сүйсінесің.

Өкінішке орай, ғимарат ішін суретке түсіруге болмайды екен. Кіре берісте: "Фото-видео түсіруге рұқсат етілмейді" деген жазу тұр. Көпшілік бұл жайтқа қатты мұңайды. (Мен фотограф болғандықтан қызметкерлер түсіністік танытып, тек 3-4 кадр жасауға мүмкіндік берді).

Бірақ олардың мұңы тез-ақ басылды. Себебі, келесі соғатын нысан — атақты №11 оба болатын.

Зейнолла Самашев басшылық еткен халықаралық археологиялық экспедиция 1998-1999 жылдары қазба жұмыстарын жүргізіп, дәл осы обадан біздің заманымызға дейін IV-III ғасырларда өмір сүрген екі адам мен он үш жирен аттың сүйегін тапқан болатын.

Зерттеу нәтижелері, екі адамның бірі 35-40 жасар ер азамат, екіншісі одан 25-30 жасқа үлкен әйел екенін көрсетті. Сондай-ақ, ДНҚ сараптамасы жерленгендердің туыс болғанын да анықтады. Осыған орай, ғалымдар бұл анасы мен баласы деген болжамға тоқтаған.

Адамдармен қатар көмілген он үш ат әшекей бұйымдармен көмкерілген және сүйектері өте жақсы күйде сақталған. Айта кетерлігі, көму рәсімі кезінде жасалған мұздату жүйесінің арқасында оба ішінде ғасырлар бойы тоң тұрған.

Қазір №11 оба қайта жөндеуден өтіп, оның орнында жәдігерлердің көшірмелері қойылған кешен жұмыс істеп тұр. Бәрі заманға сай, әдемі. Десе де, шамадан тыс қолданылған қазіргінің заттары өткеннің ізін өшіріп тастағандай. Мысалы, қабырғаны пластик тастан емес, табиғи тастан жасаса, қалай болар еді?

Тағы бір өкінішті тұсы, "Nomad Explorer" мүшелері тосыннан байқап қалған мына көрініс болды. Экскурсия кезінде музей қызметкерлері көпшілікке табылған құнды заттар арнайы орындарға жіберілді деген еді. Алайда, кей жәдігерлер әлі де осы маңда сақтаулы екен және бір қарағанда олардың жағдайы нашар секілді. Кейін бұл арнайы далалық зертхана екені белгілі болды. Тасуға қиын көне ескерткіштер осы жерде сақталатын көрінеді. "Оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ! Жақын арада басқа жерге ауыстыру жұмыстары жүргізіледі", - деп сендірді музей қызметкерлері. Бірақ, бәрі жақсы дегенге илану қиын. Кім білсін... 

Осылайша Берелден екіұдай әсер алған жұрт түске таман екіге бөлінді. Біреулері тағы бір нысан — №2 обаны көруге кетті. Екіншілері осы жерден 80 шақырым қашықтықта тұрған Қатонқарағайға ертерек жетуді ойлап, жолға шықты.

Екінші топтың қатарында біздің де көлік бар болатын. Бірақ, біз Қатонқарағайға тез жетуді емес, жолай Бұқтырма өзенінің сол жағасында жатқан Шыңғыстай деген ауылға соғуды ойлаған едік. Мақсатымыз: әйгілі жазушы, журналист Оралхан Бөкейдің үйін көріп, суретке түсіру.

Жоспарымыз жүзеге асып, Шыңғыстайға аман-есен жеттік. Ауыл кішкентай болғандықтан және Оралханды бәрі білетіндіктен, оның үйін қиналмай таптық.

Үй сыртына осындай тақта ілінген. Бірақ, есігі жабық болып шықты.

 Кілті осы үйге көрші тұратын жазушының Талғат есімді жиенінде, ол жиені шөпте екен.

Ішке терезеден үңіліп едік, ештеңе байқамадық. Кейін жергілікті тұрғындар үйдегі заттар осы маңнан ашылған Әбдікерім Ережепұлы музейіне қойылғанын айтты.

Не керек, осының өзіне мәз болып, драматургке қойылған мүсіннің жанында суретке түсіп, Қатонқарағай жаққа тарттық.

Сарымсақты жотасының баурайында жатқан Қатонқарағайға жеткенімізде түстен кеткен еді. Бір кездері өзі аттас ауданның орталығы болған, қазірде төрт мыңға жуық халқы бар ауылда көп тұрақтай алмадық. Тек шай ішіп, дүкенге кіруге ғана уақыт табылды. Оның себебі де жоқ емес. Біз Шыңғыстайға кіріп, Оралхан Бөкейдің үйіне барған уақытта Берелде қалған көпшілік те экскурсиясын аяқтап, Қатонқарағайға келіп үлгеріпті. Енді соларға қосылып, ауыл маңында дайындалған арнайы орынға барып, лагерь құру керек.

Солай істедік те... Әп-сәтте лагерь құрылып, қарбалас басталып кетті.

Біреулер ас дайын болғанша әңгіме айтуды ұйғарды.

Екіншілер көлік жуып, ертеңгі жолға дайындықтарын пысықтап жатты.

Үшіншілер ойынға кірісті. Дені жастар секілді. Бірақ, кеш батқанда үлкен-кішісіне қарамай, экспедиция мүшелерінің бәрі осы суреттегілердің қатарынан табылды. Көпшілік арасында таңертең басталған ерекше атмосфера осылайша кешке де өз жалғасын тапты. Жеті күн бойы таныспаған жандар осы кеште танысып, сырласып үлгермегендер осы кеште сырласты. Ел ұйқыға таңға жуық қана жатты. Бәлкім, ұйықтамағандар да бар шығар.

Алтай өңіріндегі сегізінші күннің таңы атқанда көпшіліктің көңілі жайдары еді. "Иә! Біз осы қиын да қызықты жолды жүріп өттік! Жеті күн ішінде өзімізге дос, бауыр таптық. Нағыз көшпелілер ретінде бірімізге-біріміз демеу бола алдық! Ешкімді жолда қалдырмадық. Ұйымшылдығымызды көрсеттік!", - деген сөздер сыртқа шықпаса да, "Nomad Explorer" мүшелерінің көзінде жазылып тұр еді. Олар ерекше көңіл-күймен, көтеріңкі рухпен Қаратай батырдың мүсіні алдында бір суретке түсті де, осы жерден қоштасып, "Алтай қазынасы" экспедициясын аяқтады.

Енді экспедиция мүшелері жан-жаққа тарап, бірі Алматы, бірі Астана, енді бірі сонау Атырау, Ақтауға қарай жол тартпақ. Көліктері де әр алуан: ұшақ, пойыз, машина. Қалай болса да, бәріне ақ жол тілейік! Сапар оң болсын! Келесі экспедицияда жолыққанша!