«ТӘЖ» әдеби-интеллектуалды клубы туралы не білесіз?

«ТӘЖ» әдеби-интеллектуалды клубы туралы не білесіз?

«ТӘЖ» әдеби-интеллектуалды клубы – жастардың шығармашылық қабілетін жетілдіруге негізделген ұйым. 

«ТӘЖ» клубы Астана қаласындағы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханаға келуші жастардан жаңа интеллигенцияны, сауатты, білімқұмар, салауатты, мәдениетті, саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейді. 

Қаламгерлер клубы шығармашылықтың жеті бағыты бойынша жұмыс жасайды:

1. Жас қаламгерлердің шығармашылық кештерін өткізу; 
2. Жас қаламгерлердің кітаптарының тұсаукесерін өткізу; 

3. Астана және аймақтар жас қаламгерлерінің әдеби байланысын күшейту (шығармашылық кештер, бейне-көпірлер, онлайн тәжірибе алмасу); 
4. Жас қаламгерлерге арналған мастер-класстар ұйымдастыру; 
5. Жас қаламгерлерді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мәдени іс-шараларына тарту және кітапхана жұмысын насихаттауын қадағалау; 

6. Жас қаламгерлерді шығармашылыққа ынталандыру үшін демеушілерді тарта отырып, әдеби конкурстар ұйымдастыру; 
7. Жас қаламгерлерді мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде бірлесе жұмыс істеуге тарта отырып, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіру.

Мәдениет пен өнердің жанашыры, кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаеваның мұрындық болуымен жұмысын бастаған клубтың мақсаты – қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу, жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, әдеби-мәдени интеллигенцияның бас қосар орталығына айналу.

Клуб жетекшілері өзге де аймақтармен байланыс жасау мақсатында әдеби бейне-көпірлер, өзге де аймақ қалам­герлерімен кездесу кештерін өткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «ТӘЖ» клубы дәстүрлі түрде жас қаламгерлердің басқосуларын, шығармашылық кештерін, кітаптарының тұсаукесерлерін, «Авторлық бағдарламаларын», «Қолтаңба күнін», «Кітап көрмесін», «Мастер-класстарды», «Маусым ақынын анықтауды», «Маусым жазушысын анықтауды», «Маусым сыншысын анықтауды», «Жаңа кітапты талқылауларын» өткізіп тұратын болады.

«Тәж» құрмындағы жастар саны 100-ге жуық. Клуб мүшелерінің жас аралығы 15-50 жасты қамтиды. Жақында барлық клуб мүшесіне арнайы билет табысталды. 

Клубтың міндеті – ұлтымыздың рухани құндылықтарын, философиясын, поэзиясын өскелең ұрпақтарға жан-жақты насихаттау; әдеби-көркем шығармашылықты дамыту үшін Астана қаласында жастарға барынша қолайлы жағдай жасау, жас дарындарға қолдау көрсету;

Сондай-ақ еліміздегі танымал тұлғалармен еркін байланыста болу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында шығармашылық кештер өткізіп, кітапхана мен оқырман, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайта түсуді мақсат тұтады.

«ТӘЖ» клубының құрамында Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Құралай Омар, Ұларбек Нұрғалым, Ықылас Ожай, Асылзат Арыстанбек, Ғабиден Қуанышбай сынды танымал ақындар бар.

«ТӘЖ» клубына поэзия, прозаға әуестеніп, әңгіме, эссе, жыр жазумен шұғылданатын, яғни сөз өнерін сүйетін кез келген тұлға мүше бола алады. 

Клубтың төрағасы – белгілі ақын Ерлан Жүніс.

Рухани ошақтың жетекшісі, ақын Ерлан Жүніс "Айқын" газетіне берген сұхбатында клуб туралы: "Клуб Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қаласындағы кішкентай көмекшісі іспеттес. «ТӘЖ» клубы мүшелерінің он шақтысы Жазушылар Одағының мүшелері болғандықтан, біз Одақтың «Жас­тар кеңесімен» бірлесе жұ­мыс істейміз. Бізге керегі – диалог алаңы мен шы­ғар­ма­шылық жоспарларымызды жү­зеге асыру кеңістігі ғана", - деген болатын. 

Сондай-ақ, "әдебиеттегі аға буын өкілдеріне «ТӘЖ» клубының Құрметті мү­шесі» деген ат беру ойымызда бар. Олар біздің клубтың қадірлі қонағы болады", - дейді клуб жетекшісі.

Клуб кабинетінің дизайнын белгілі суретші Алмас Сырғабаев жасаған.

Әдеби клубтарымыз көбейе берсін!

Сурет: ©Мassaget.kz