"Алма ұрлау" операциясы

"Алма ұрлау" операциясы

Балалық шағыңыз есіңізде болар? Жазылмаған қағидаларымыз көп еді. Солардың бірі: "Сол аяғыңа су тисе, оң аяғыңды да сула, әйтпесе ит қабады" - десе, екіншісі: "Төбеңнен бір топ құс ұшқанда отыра қалмасаң, сабақта екілік аласың" - дейтін. Қағидалардың ішінде шындыққа көбірек жанасатын біреуі бар еді, ол: "Көрші бақтағы алма үйдегі алмадан дәмдірек!" - дегені. Расында, қалада болсын, ауылда болсын, бала кезінде көршінің бағына түсіп алма ұрламаған жан кемде-кем шығар. Бәрімізге ортақ осы бір ерекше ермек қазіргі балалардың арасында да сақталған екен. Ендеше, солардың "Алма ұрлау" операциясынан дайындалған фоторепортажға назар салыңыздар!

Бұл істі жүзеге асыру үшін бізге арнайы дайындықтан өткен үш бала көмектеспек. Солардың бірі — Жанай. Оның жасы жетіде.

Операцияның Жанайдан кейінгі мүшесі  Олжас. Жазғы демалысты пайдаланып әжесінің үйіне келген қонақ бала. Жасы — онда.

Ал үшінші бала — Елдар. Алма ұрлау ісі бойынша Жанай мен Олжастан асып түсетін тәжірбиелі "ұры". Он жаста.

Көршінің бағына түспес бұрын, оның үйде не үйде емес екенін, иттерінің байлаулы не бос жүргенін анықтау керек. Сол себепті жағдайды анықтау мақсатында балалар Жанайды айналаның бәрі жақсы көрінетін биік қабырғаға шығарды.

Барлау жұмыстарын жүргізген Жанай жағдайдың алма баққа түсуге өте ыңғайлы екенін анықтады.

Ақылдаса келе балалар алма баққа қора жақ арқылы түсуді ұйғарды.

Алма әлі толық піспеген. Десе де, дәмі тіл үйіреді.

Қораның қабырғасынан ең бірінші болып тағы да сол жасы кіші Жанай асты.

Елдар оған айналаға тағы бір қарап, ұсталып қалу қауіптілігінің деңгейін анықтауды бұйырды.

Бәрі жақсы екенін білдіретін арнайы белгіден кейін қабырғадан үлкендері де асты.

Енді өзінен тәжірбиесі аздау екеуін артқа тастап, алға Елдар шықты.

Оның көшбасшылығымен балалар ақырын әрі анық басып, баққа еніп кетті.

Ағаш пен қалың шөптың арқасында бақ ішінде біреу көріп қояды деген қауіп азырақ.

Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деген нақылды ескеріп, балалар Жанайды қарауылға қоюды жөн санады.

Бұл баққа бірнеше мәрте түсіп, екі ретінде ұсталған Олжас иттердің қай тұстан келуі мүмкін екенін Жанайға көрсетіп, ыңғайлы орынға отырғызды.

Қарауыл барда жан да тыныш. Алманы асығыс жүріп жерден тергенше ағаш басынан үзіп алған жөн деп санаған Елдар мен Олжас іске кірісіп кетті.

Ағаш басындағы алманың бәрін тауысқаннан кейін, олар жерге түсті.

Қол жеткен жемістің бәрін жинап алған екеуі кетуге асықпады.

Олар алманы мүмкіндігінше көп жинауға тырысты. Мұндайда ішкөйлек — дорба орнын алмастыратын таптырмас жабдық.

Ал қарауылдағы Жанай серіктерін асығуға шақырды.

Терімшілер болса "Қазір, қазірлеп..." аздан кейін кететіндерін жеткізді.

Алайда Жанай иттердің жақын маңда жүргенін айтып, уайымдай бастады.

Алғашында Жанайды қалжыңдап тұрған болар деп ойлаған Елдар да иттерді көріп, не істерін білмей қалды. 

Соңғы шешімді өзі шығаратынын түсінген ол жолдастарын артына ертіп, қабырғаға қарай асықты.

Қашып бара жатқан балаларды көріп қойған иттер соларға қарай атыла жөнелді.

Абырой болғанда бәрі қабырғаны уақытылы асып үлгеріп, ешкім зардап шекпеді.

"Ұрыларды" ұстай алмаған иттер үріп-үріп шаршағаннан кейін айналаны торуылдауға кетті.

Қабырғадан аман-есен асқан балалар қуаныштарын жасырмады.

"Алма ұрлау" операциясы сәтті өтіп, бастан кешкендерін күліп отырып әңгімелеген Елдар, Олжас пен Жанай жинаған алмаларын бір демде тауысып тастады.