Алматыда McDonald's ашылды

Алматыда McDonald's ашылды

Бүгін Алматыда McDonald's тез тамақтану мейрамханасының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл брендтің Қазақстандағы алғашқы мейрамханасы 8 наурыз күні Астанада таныстырылып, ол шараға халық көп жиналғандықтан ұйымдастыру жұмыстары бойынша бірқатар қиындықтар туындаған еді. "Бүгінгі тұсаукесерде елордадағы жағдай қайталанды ма? Алматы жұртшылығы көптен күткен McDonald's-тың ашылу салтанаты қалай өтті?"– деген сұрақтарыңыз болса, оны осы фототоптамадан біле аласыздар.

1940 жылы Дик пен Мак Макдоналдтар құрған "McDonald's" корпорациясы қазіргі таңда франчайзинг жүйесі бойынша жұмыс істейтін ең үлкен тез тамақтану ресторандар желісінің бірі. Соңғы мәліметтер бойынша, әлемнің 120 мемлекетінде 36 000 McDonald's рестораны бар екен.

Айта кетерлігі, сол 120 мемлекеттің тізімінде, Қазақстан 120-шы болып тұр.

Жарнамасы әлемдік деңгейде жасалатындықтан біздің елде бұл брендтің жанкүйерлері көп. 

Олардың жас шамалары да әр алуан.

Арасында кішкентай балалар да, үлкен кісілер де бар.

Айта кетерлігі, ресторанның бүгінгі тұсаукесері сағат 12.00-ге жоспарланғанына қарамастан халық ерте жиналып, ашылу салтанатын асыға күтумен жүрді.

Әрине, жұма жұмыс күні болғандықтан Астанадағыдай жұрт көп келген жоқ. Десе де келгендерің нағыз McDonald's жанкүйерлері екені байқалып тұрды.

Олар кезектерін жоғалтып алмас үшін бірнеше сағат бойы күннің астында тұруға да дайын еді.

Халықты көп күттірмей ресми ашылу салтанаты дәл уақытында басталды.

Шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, "McDonald's Қазақстан" тарапы "Мейірім" оңалту орталығына ақшалай сыйлық жасады.

Артынша Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев, "McDonald's" компаниясының Ресейдегі президенті Хасбулатов Хамзат пен "McDonald's" Қазақстандағы франшизасының иесі Қайрат Боранбаев есік алдына тартылған бауды кесіп, McDonald's-тың Алматыдағы ресторанын ресми түрде ашты.

Осы күнді асыға күткен көпшілік қол соғып, тарихи сәтті суретке түсіріп қалуға асықты.

Шараның ресми бөлімі ресторан ішінде жалғасын тапты. Қайрат Боранбаев мырза арнайы дайындалған тортты кесіп, көпшілікке таратты.

Алатау бөктеріндегі әсем қалаға сәлемдесіп тұрған бұл торт McDonald's түстеріне сай етіп жасалған екен.

Ресторанның ашылуын қала жұртшылығынан бөлек асыға күткендер қатарында осында жұмыс істеп бастаған ұжым да бар.

Бірнеше айдан бері қызмет көрсету машықтарын жетілдіріп, қызу дайындалған олар қуаныштарын жасырмады.

Ресторанға алғаш болып көзіне жас алған мына балақай кірді.

Артынша күзет өкілдері кірушілер санын реттеп тұрды. Онсыз мекеме іші лық толып, қалаймақан басталар еді.

Келушілерге осындай мәзір ұсынылды. 

Әркім қалауы бойынша, касса немесе автомат арқылы тапсырыс беріп, көптен армандаған тағамдарының дәмін татуға асықты.

Ал бургерлерге қойылған бағалар шамамен осындай...

Міне, алғашқы клиент өз тапсырысын қолына алды. Оның қуанышы жүзіндегі күлкісінен-ақ байқалып тұрған сияқты.

Кассадағы кезегі жақындаған балалар болса, не жейтіндерін айтып, сыбырласып жатты.

Айта кетерлігі, ресторанның қызмет көрсету жылдамдығы өте жоғары деңгейде. 

Ішке жұрт көптеп кіріп жатса да, тапсырысын күтіп қалған адам байқалмады.

Тапсырысын алғандар қалыптасқан жүйе бойынша бос орынға жайғасып, тамақтанып жатты.

Ал тағамдарын ішіп болғандар қызметкерлерге алғыстарын айтып, кезекте тұрғандарға орын босату үшін сыртқа шықты. Осылай бірі кіріп, бірі шығып жатып, Алматыдағы McDonald's тез тамақтану рестораны да өз жұмысын бастап кетті. Бұл ресторан бүгіннен бастап қала жұртшылығы мен қонақтары жиі баратын орындар қатарына кіретініне шүбә жоқ. Десе де, редакция тарапынан фастфудқа аса қызықпаңыздар деген кеңес берер едік! :)