"Ұлытау мұрасы" экспедициясы. Үшінші күн

"Ұлытау мұрасы" экспедициясы. Үшінші күн

Экспедицияның екінші күніндегідей емес, бұл таңда шаршаңқырап қалған "Nomad Explorer" мүшелері оянуға асықпады. Алайда алда ұзақ әрі қызықты күн күтіп тұрғандықтан, сағат 8 болды дегенде көпшілікке жылы көрпелерінің астынан шығуға тура келді. Ауа райының бұлтты болғаны ешкімнің көңіліне қаяу келтірмеді. Өйткені бүгін экспедиция Әулиетау шыңын бағындырмақ. Ал мұндай ауа райы тауға шығу үшін өте ыңғайлы. Назарларыңызға "Ұлытау мұрасы" экспедициясының үшінші күні қалай өткенін баяндайтын суреттер топтамасын ұсынамыз.

Экспедиция мүшелері таңғы астарын ішіп болғаннан кейін құрбандық шалып, көп кешікпей Ұлытау тау сілемдерінің ең биік шыңы болып есептелетін Әулиетауды бағындыруға аттанды.

Олар ауылдан ұзамай-ақ табиғаттың әсем көріністеріне куә болды.

Тау етегіндегі биші қайыңдар суретке түсетін таптырмас локация.

Алдымен топтасып жүрген экспедиция легі уақыт өте созыла түсті.

Алдыңғылар тауға көтерілер тұсқа жақындағанда, артқылар әлі алыста еді.

Тауға шыққанда біреулердің озып, енді біреулердің артта қалуы — қалыпты жағдай. Оған жас шамасының әртүрлі болуы да ықпал етеді.

Әсерленгіштік деңгейінің де маңызы бар. Мысалы, біреулер мына гүлдің жанынан өтіп кетті. Ал екіншілер оны суретке түсіріп әлек. Сөйтемін деп уақыт жоғалтты, артта қалды...

Жалпы, тауға шығарда тез шаршап, артта қалмау үшін бір қарқынмен жүрген жөн. 

Алматылық Қайсар Тұрсынқожаев бұл қағиданы берік ұстанушылар қатарында.

Дегенмен, Әулиетау шыңына көтерілу жолы бірнеше белестен тұратындықтан қалыпты қарқында жүру оңай емес.

Сол себепті аратұра демалып алған да артық етпейді. Мұндай сапарларға жиі шығатын Азамат Мұхамеджанов таза ауамен тыныстап, табиғаттың әсем көрінісіне сүйсініп отыр.

Ал әйгілі атасының атын арқалаған Сәкен Сейфуллин тұрып демалғанды жөн санайды екен.

Экспедиция мүшелерінің Ұлытау ауылынан шыққанына біраз уақыт болды. Алайда шыңға жету үшін әлі де ұзақ жол жүру керек.

Бүгінгі сапар да кедергіге кенде болмады. Сондай кедергілердің бірі қыстан қалған қар еді. Бұл жермен көтерілу үшін көпшілікке біраз тер төгуге тура келді.

Вьетнамнан келген поляк қонағымыз Лукаш Рошчик бұл белесті оңай бағындырды. Оның аяқ киімі қармен жүруге өте ыңғайлы екен.

Болашағын режиссурамен байланыстыратын Атыраудан келген Темуджин Дүйсенов үнемі ерекше кадр іздеумен болды. Айта кетерлігі, Темуджин экспедицияға тек екінші күні кешке қосылды. Оның Ұлытауға жетуінің өзі үлкен бір хикая.

Әулиетауға жақын тұста жол жатыңқы келеді, сол себепті шыңды бағындырудың соңғы бөлігі жүріп өтуге жеңіл.

Алайда "Ұлытау мұрасы" мүшелері шыңға жақындаған шақта қатты жел тұрып, жатыңқы жердің өзін жүріп өту қиынға соқты.

Десе де экспедицияның алғашқы легі діттеген жерге уақытылы жете алды.

Олар алған әсерлерімен бөлісіп, естелік суретке түсіп жатқанда, төменде әлі де болса шыңға жетпегендер көп еді.

Экспедиция легінің қатты созылғаны соншалық, шыңға бірінші және соңғы жеткен адамдардың уақыт айырмашылығы бір сағатты құрады.

Желдің қарқынына шыдамаған алғашқылар төменге қайта бастағанда, артқылар да тау шыңына келіп жетті.

Айта кетерлігі, Әулиетау шыңының биіктігі 1134 метрді құрайды. Атауы осы жерде жерленген бес әулиеге қатысты деседі жұрт.

Дегенмен, қазір бұл жерде бес кісіден бөлек көп адамның бейіті жатқаны байқалады.

Келушілер ол кісілердің рухына құран бағыштап, шелпек таратты.

Сонымен қатар, тау басындағы тастарға тағылған түрлі маталарды да байқауға болады. Бұл жер ежелден мінәжәт ету орнына айналған.

Ал тастағы мынадай жазулар көпшілікті қынжылтқаны рас.

Биіктіктен айналаны шолып, демалғаннан кейін экспедиция мүшелері қайтадан ауылға қарай бет түзеді.

Төмен түсу жоғары көтерілгеннен жеңілірек болды.

Ұлытаудың әдемілігіне сүйсініп, табиғат аясында асықпай серуендеу мүмкіндігі туды.

Экспедиция мүшелері таудан түскенше, таңертең шалынған құрбандықтың еті пісіп те қалған еді. Соны білген "Photo Safari Group" атты фотографтар тобы ауылға алдыңғылардың бірі болып жетуге асықты.

Ұлытау ауылында түскі астарын ішкеннен кейін "Nomad Explorer" мүшелері қайта жолға шықты.

Бұл жолғы бағыт осы жерден 140 шақырым қашықтықта орналасқан Терісаққан ауылы. Ол ауылға барудағы мақсат экспедицияның төртінші күніне дәл келетін "Терісаққан көктемі" атты этнофестивальге қатысу болатын.

Терісаққандықтар алыстан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, ауыл балаларының қуанышында шек болмады.

Балалар өз өнерлерін көрсетіп, көпшілік қошеметіне ие болды.

Қонақтар да құр қол келмеген екен. Оларды күтіп алған барлық бала осындай тәттіге қарық болды. Сонымен бірге, көліктерде ертеңгі этнофестивальге арналып әкелінген сыйлықтар да бар еді. Ол қандай сыйлықтар екені әзірге құпия күйінде қалсын.

Бұл шақта ауыл тұрғындары ертеңгі тойға дайындалып жатқан болатын.

"Ұлытау мұрасы" экспедициясының мүшелері келген бойда оларға көмектесе кетті. 

Ақтөбеден келген Дидар Темірбеков керегеге уық байлап жатыр.

Бірі ауыл аралап, енді бірі той қамын ойластырып жүргенде кеш те батты.

Қонақтарға кешкі ас беріліп, бәрі үйді-үйге жайғастырылды.

Осымен "Ұлытау мұрасы" экспедицясының үшінші күні де өз мәресіне жетті. Биік шыңды бағындырып, артынша бірнеше сағаттық ұзақ жолдан шаршаған экспедиция мүшелері күндерін кешкі шай үстінде талқылап, келер күнге күш жинау үшін қалың ұйқыға кетті.

Жалғасы бар...