Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» романының жаңашылдығы

Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» романының жаңашылдығы
Фото: wallpaperswa.com

«Сәкен творчествосының халықтығы, ұлттық өнерге, салт-дәстүрге, елге, жерге деген махаббаты негізгі үш күрделі туындысы – «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» романдары мен «Аманай мен Заманай» атты повесінде қадари-хал түйінделеді». Бұл Сәкен Жүнісов туралы айтқан Рамазан Тоқтаровтың естелік сөзі болатын. Иә, оның әр шығармасында елдің, заманның күйі жазылған. Бүгін оның «Жапандағы жалғыз үй» шығармасы туралы сөз қозғамақпыз.

«Жапандағы жалғыз үй» шығармасы қос ғасырды кезек-кезек алмастырып, кеңістік пен уақытты ауыстырып суреттеу әдісі арқылы жазылған, қазақ әдебиетіне келген тың жаңалық болды. Автор Сұлумұрт, Халел мен Жәлелді, Райхан мен Күргерейдің тағдыр жолының арасына көпір тастап, салыстыра суреттеп, соңғы түйінді оқырманның еркіне қалдырады. Уақыт арасындағы және кейіпкерлер арасындағы байланыс сәтті бейнеленеді. Мысалы, өткен мен болашақ, Сұлумұрт пен Қарасайдың арасындағы тартыс оқырманға ұнауы сөзсіз.

Бұл шығармадағы уақыт шегінісі әлемге жаңалық деп танылмаса да, біздің әдебиетіміз үшін тың леп болды. Бұл әдісті португалиялық жазушы Эса де Кейрош «Реликвия» романында көп қолданған. Бұл тәсіл осы шығарма ішінде де көрініс табады. Өткенді еске алып, бүгінгі күнді әңгіменің арқауы етіп алынған шығарма бұл.

«Жапандағы жалғыз үй» романы осы уақытқа дейін қазақ даласына жасалған кеңес дәуіріндегі жағымсыз әрекеттерді әшкерелеп, ұрпаққа жеткізген жалғыз көркем туынды. Яғни жазушының ескі әрі жәдігерге айналған мәдениетке төтеп берер көркем туындысы енді қалыптаса бастаған қоғамдық, ұлттық және рухани дүниетанымға керек-ақ.

«Ескі жұрт – көршілес салған он шақты үйдің орны. Шымнан қалаған қабырғалары ұзақ жылдар бойы жел өтіне мүжіліп, құлай-құлай жатаған төмпешікке айналған» деп басталатын бұл шығарма  көлікпен келе жатқан үшеудің ойымен өрбиді.

«Бұл арада да бұрын адамдар тұрған, өздерінше қарекет жасап, тіршілік еткен. Талай қарт, талай қыршын жас осы жұртта демі таусылып, дүние салған, олар да көз жұмғанша адам баласына тән арман, қиял арқалап, қадари халінше жақсы тұрмысқа ұмтылған. Мүмкін, жайлы өмір кешкен болар. Бәлкім, өмірлері өксумен өткен шығар». Бұл – осы өлкенің табалдырығын алғаш аттаған Федор Моргунның ойы, оған бұл өңірдің сыры мен қыры белгісіз. Себебі, «бар сырын бауырына басқан қалың жусанды төмпешіктер үнсіз, тілсіз, томаға-тұйық, сұлқ жатыр».

Ал Райханға бәрі аян. Бәрі көз алдында. Даланың әр дөңі оған «қош келдің» айтып, бауырына басып жатыр. Үшеу айналаға көз тігіп, ойға шомып тұрған сәтті қарғаның қарқылы бұзбасы бар ма?

«Кебеже қарын қара биеге мінген төртбақ адам ай бүлкекпен жақындай берді. Қара санынан келетін саптама етік, сыртын кеңірек қара барқытпен тыстаған түлкі тымақ киген адамның бетіндегі жалпақ қап анадайдан көрінеді. Құйрығын шарт түйген семіз ту бие таянған сайын үзеңгілес тұрған қос машинаға құлағын қайшылай үрке қарап, танауы делдиіп, тағы малдарша ойқастай бастады. Біреу оқыс жөтеліп қалса-ақ, ала қашатындай елең-елең етіп, ойнақшып келеді. Өңкей кісі мойын қара иттер екі жағына алма-кезек шығып, үздік-создық сумаң-сумаң етеді».

Автор осындай суреттеумен кейіпкердің портретін, динамикасын көрсетіп отыр. «Кебеже қарын қара бие», «қара барқытпен тыстаған түлкі тымақ», «құйрығын шарт түйген семіз ту бие», «өңкей кісі мойын қара иттер» деген секілді эпитеттермен өрілген адамның, биенің және иттің образдары жүйелілікпен жасалған. Абзацтағы динамика да оқырманның көз алдына қозғалған бейнені елестетері сөзсіз. Бұл кісі осы өңірдегі жалғыз үйдің иесі – Қарасай. Көлікпен келген бөтен адамдарды аудан басшылығы болар деп пішіп келе жатқан ол жаңылыспады. Бұл үшеудің бірі райком өкілі, райком басшысы және Райхан еді.

Автор осы сәтте Райханның бейнесін: «терең әжім көмкерген жұқа қабақтың астында мұңды көз бір сәт сабырлылығынан айрылып, әлденеден үренгейлендей Қарасайға тесіле қарап, жылан арбаған торғайдың көзінше ешқайда бұлтара алмай, шарасынан шығып барады» деп бейнелейді.

Ал енді Қарасай мен Райханның кездескен сәтін тым әсерлі етіп жеткізеді:

«Жаңа ғана күліп, бипаздап сөйлеген Қарасай да Райханды көргенде тілі күрмеліп, тап алдынан аяқ-қолына жан біткен тірі аруақ шыға келгендей әп-сәтте өңі өзгеріп кетті. Үстіне құдия сорғалаған бүркіттен зәресі ұшып, кірерге жер таба алмай, әр тал қылына дейін қалтырап, бір уыс боп жер бауырлай дәрменсіз көжекше, көзінің жанары сөніп, жасаурап, қас қаққанша мүшкіл халге енді».

Екі-ақ сөйлеммен сол сәттегі күйді ерекшелеп жазады. Қарасайды «үстіне құдия сорғалаған бүркіттен зәресі ұшып, кірерге жер таба алмай, әр тал қылына дейін қалтырап, бір уыс боп жер бауырлай дәрменсіз көжекке» теңеп оқырманның қызығушылығын оятады. Неге? Не үшін азамат жыламсыраған Райханға бұлай қарады?

Ал Райханның кейпі қандай болды екен? Оның «көзі баяу жылжып Қарасайдың бетіндегі көк бауыр түстес жалпақ қалға тірелгенде, Қарасайдың көзі тайғанап барып Райханның ақ қырау шалған самайына түсті. Тотияйын араластырғандай талаураған жалпақ қалдың бояуы өшпепті. Баяғы қалпы. Тек үстіндегі сирек үш тал қара қыл ғана күзгі шөптей қуарып, қылау тартқан. Бүкіл кәрілік тауқыметі сол үш талға кеп жиналғанда, Райхан тартқан батпандай ауыр жылдар жүгі самайдағы шашқа түскен секілді». Автор асқан шеберлікпен суреттелген сәтте екі адамның осыншама жылдан кейінгі кездесеуін тым әсерлі етіп баяндайды. Бір қалдың өзін «көк бауыр түстес жалпақ қал», «тотияйын араластырғандай талаураған жалпақ қал» деп сипапттап, портретін береді. «Бүкіл кәрілік тауқыметі сол үш талға кеп жиналған» деген тіркестен көп нәрсені аңғаруға болады.

Бұл – прологқа телінген сипаттама. Бұл екеуі не үшін таңғала қарады? Мұны автор келесі бөлімдердің еншісіне қалдырады.

Г. Берік