Толғау жанры туралы түсінік

Толғау жанры туралы түсінік
Фото: www.intergid.ru

Толғау – әдебиетте өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, әдебиетте жеке термин ретінде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар табиғи сипаты мен жүйелі оқиғасы бар жырға жақын, үндес келеді. Бізге жеткен толғаулар халық өмірінің аса жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп ұқсатады. Мәселен, Сыпыра жырау жырларының бізге жеке күйінде жетпей, эпостарда кездесуі де көп мәселенің сырын аңғартса керек.

Толғау жанры қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы творчествосынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Оған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті.

Толғау бұл кезеңде тақырыбы ауқымдылығы мен мазмұны байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылысы жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Жыраулар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды сөз еткенде, көбінесе, өмірдегі құбылыстарды салыстыра отырып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін арттыруға мән береді.

Ең алдымен толғау түріндегі туындылардың жанр ретінде туып қалыптасуы тікелей жыраулар творчествосымен байланысты іске асты. Жыраулар өз шығармаларын, көбінесе, ауыз әдебиеті дәстүрінде тудырып отырғанымен, құрылысы мен көркемдік тәсілі, бейнелеу мүмкіндіктері жағынан бірден-бір дара әдебиет өкілі ретінде танылды. Бұл – әдебиеттегі даралық творчествосының ең алғаш тек поэзияда, оның ішінде жыраулық толғауларда туып дамығанын көрсетеді. Мұны әдебиетіміздің даму жолындағы басты ерекшелігі деп атап көрсеткен жөн.

Ж. Исакаев