Софы Сматаевтың өмірі мен шығармашылығы

Софы Сматаевтың өмірі мен шығармашылығы
Фото: www.azattyq.org

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әдебиетке келіп, күні бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келе жатқан заманымыздың көрнекті өкілі – ақын, прозашы, драматург Софы Қалыбекұлы Сматаев. 

Софы 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысы Ақадыр ауданында дүниеге келген. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап, Жаңаарқа аудан орталығында нағашыларының қолында бітірген. 

Жоғарғы оқуын Софы Қазақ Мемлекеттік университетінде бастайды да, келесі жылы Мәскеудегі Болат және кен қорыту институтына ауысады, инженер-металлург мамандығын алып шығады. Осында оқып жүріп ол Мәскеудегі Орақ-балға, Теміртаудағы металлургия зауыттарында өндірістік тәжірибеден өтеді, біраз уақыт оқудан қол үзбей жұмыс істейді. 

Жасынан әдебиетке құмар Софы инженер-метталург болып жүріп әдебиетпен шұғылдана бастайды, өлеңдер, шағын көлемдегі прозалық шығармалар жазады. Қазақ тарихының мәселелерін зерттеп, тарихи тақырыпта тың туындылар жазуға дайындалады. Ақыры 1968 жылы мамандығын өзгертіп, әдеби қызметке ауысады. Софы қазақ сыны мен әдебиет зерттеу ғылымында тиісті бағасын алған. Оның кітаптары Р.Бердібай, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, Т.Сыдықов, З.Серіққалиев сияқты сыншылардың талдауынан өткен. Жеке кітаптары жайлы бірсыпыра мақалалар мен рецензиялар бар. 

Софының баспа бетін көрген тұңғыш кітабы – «Астана оттары» (1968) атты өлеңдер жинағы. Содан бергі уақытта ол әр жанрда 20-ға жуық кітап жариялады. Софы өндіріс маманы есебінде шығармаларын негізінен өзі білетін өмір шындығына сүйеніп жазды. Оның әңгіме-хикаяттарының кейіпкерлері – жұмысшы ортасынан шыққан жастар. Жазушы олардың өмір танудағы алғашқы баспалдағын көркем суреттеуге ұмтылады. Мұны біз жазушының «Алау» , «Аймандай» хикаяттарынан аңғарамыз. 

Жазушыны кеңес дәуірінің қайшылықты тарихы да қызықтырды. «Алғашқы асу» хикаятында ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақтар бастан кешкен ауыр тұрмыс-тіршіліктің көркем суреттерін жасауға ұмтылды. Аштықтан, қуғын-сүргіннен мезі болған елдің қоныс аударуы, оларды қуып, қолға түсіріп қайтару, жазалау оқиғалары сол дәуірдің ащы шындығына сүйене жазылған. Кейін ол бұл тақырыпқа қайта оралып, «Ақжелкен» атты роман жазды. 

Софының жазушылық есімін танытқан – оның романдары, әсіресе, тарихи романдары. «Елім-ай»  оның тұңғыш романы. Бұл қазақ тарихының ең күрделі әрі ауыр дәуірінде туған осы атаулы халық әні тарихымен тікелей байланысты. Жазушы өзі романның жазылуына ой салған осы «Елім-ай» әні болғанын әңгімелейді. Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары жиналып, елді еске алғанда, айтатын әндерінің бірі – «Елім-ай» болыпты.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ел билігінің ауысуына байланысты партиялық қатаң бақылаудың босаң тартқаны, әдебиет пен өнерде «жылымық» аталатын кезең туып, белгілі дәрежеде қаламгерлердің еркіндік алғаны тарихтан мәлім. Осы бір тұста бұрын әдебиетте ақтаңдақ күйде қалып келген, әр халықтың ұлттық сезімі мен Отан сүйгіштігін айқындауға мүмкіндік беретін тарихи тақырыпқа жаппай бетбұрыс басталды. Ел мен жер, халық тарихы арқылы өмірдің бұралаң, қайшылықты даму сырларын көркем әдебиетте бейнелеп көрсету мүмкіндігі туды. І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сияқты қаламгерлер қазақ тарихының қайшылықты мәселелерін көтеріп, романдар жазды. Осы ғалымдармен бірге қазақ тарихы тақырыбына қалам тербеп, осы топтың алдыңғы легінде «Елім-ай» атты шығармасымен көзге түскен – С.Сматаев болатын. 

«Елім-ай»  жазушы сайын сахараның ойы мен қырына, көлі мен шөліне, туған халқына, оның ұлттық дәстүріне, салт-санасына, мейлінше бай тіліне, дала төсіндегі қыбырсыз қорған-қорымдарда үнсіз жатқан ата-баба рухына табынған сүйіспеншілігі», - дейді З.Серіққалиев. Сол дәуірдегі қазақ-қалмақ қатынастары және оған қатысқан батырлар мен ел басшыларының өмірін, еңбегін Софы кейінгі шығармаларына да арқау етті.

Ж. Исакаев