Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясы

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясы
Фото: worldartdalia.blogspot.com

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясы - қайшылығы мол күрделі жылдар поэзиясы. Қазан төңкерісінен кейін ақындардың басты ойы Кеңес өкіметін қалай түсініп, қалай бағалау керек деген төңіректе болды. Салт-дәстүрі қалыптасқан қазақ поэзиясының байырғы өкілдері жаңа заман ұрандарына сын көзбен қараса, теңдік, бостандық жалауын өз жалауым деп ұққан жалшы, кедейлерден шыққан ақындар тобы төңкерісті өз төңкерісім деп қарсы алды. Заман ағымын әрқалай түсінушілік, ұлттық бостандықты әртүрлі деңгейде қабылдау, болашақты дәл болжап білу қиындығы әдебиетті дағдарысқа ұшыратты. Жиырмасыншы жылдарда қазақ поэзиясы әрқилы шығармашылық тағдырды бастан кешірді. Уақытқа, қоғамға деген әртүрлі көзқарас бірте-бірте дараланып, шығармашылық қалпы сан алуан поэзия дүниеге келді.

Қазан төңкерісі алдындағы кезең және жиырмасыншы жылдар - ең алдымен қым-қиғаш күрес дәуірі. Бір емес, бірнеше халықты тұтастай қараңғылықта ұстап келген патша өкіметі құлады да, әрбір ұлт бостандыққа, теңдікке, азаттыққа ұмтылды. Міржақып Дулатов "Оян, қазақ" деп жар салды. Ахмет Байтұрсынов, ең болмаса ұйқыдағы жұртын "Масадай" шағып, оятуды көздеді. "Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер", деп Мағжан Жұмабаев келешекті ойламау түпке жететінін жырлады. "Басып жатты тәтті ұйқы Сарыарқаның даласын", - деп Сәкен Сейфуллин ел-елге аттанды. "Алалықты арадағы жой, қазақ..." деп Бейімбет Майлин барша қазаққа үндеді. "Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер", - деп Ілияс Жансүгіров "үміті біткен тірліктің" үмітін оятты.

Жиырмасыншы жылдарда Мағжан Жұмабаев шығармашылығы енді күрделене бастаған еді. Ақын алдағыны болжағыш, қай саясат болсын оған ойлана қарап, туған халқының тағдырына көз салды. Ел-жұртының ендігі қамын ойлады. Ақынның толғанатыны - халық тағдыры, ел басына төнген науқан. Ақын ашынған тұста:

Іс - санаулы, сөз - аңдулы, ерік жоқ,
Өз қолымен ұнамды тон піштірмес, - деп өкімет саясатының сол тұстағы "ұнамды тондай" ұнамды жырын жазуға тұсау салғанына назалана отырып, өзіне-өзі тоқтау айтады:

Ер жүректі азаматтың басына,
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес, - дейді.

Жиырмасыншы жылдарға дейінгі қазақ поэзиясының тағы бір шоқтығы биік шыңдарының бірі - Міржақып Дулатовтың өлеңдері. Ақынның "Қайда едің?" атты өлеңі - көркемдігі жағынан айрыықша, мән-мазмұны жағынан әлі күнге дейін қасиетін жоймаған асыл құндылық.

Әділет пен әділетсіздік тақырыбы - жиырмасыншы жылдар поэзиясының басты айырмашылығы. Жамбылдың "Замана ағымы", Иса Байзақовтың "Құралай сұлу", "Қойшының ертегісі", Ж.Сыздықовтың "Майкөл тамы" шығармаларында қытымыр заманның әділетсіз жайлары баяндалды. Езілген ел-жұрттың еңсе көтеруі, бостандық, әділет іздеуі поэмаларға арқау болды.

Иса Байзақов 1925 жылы жарық көрген "Құралай сұлу" поэмасында қалмақ ханы Сейхынның қамсыз жатқан қазақ еліне шабуыл жасап, жылқыларын қуып кететін оқиғасы берілген. Оқиға Есім ханның тұсынан өрбіп, он сегізінші ғасырдың бас кезіндегі қазақ, қалмақ арасындағы тарихи жанжалдасу, ата-қоныс үшін айқастарға ұласады.

Бұл кезеңде елеулі поэмалық шығармалар жазылды. Бейімбет Майлиннің "Маржан", Сәбит Мұқановтың "Сұлушаш", Жақан Сыздықовтың "Майкөл тамы" поэмаларында адамның бас бостандығы, өз теңіне қосыла алмаған жастар трагедиясы жырланса, Сәкен Сейфуллиннің " Көкшетау", Ілияс Жансүгіровтың "Күй" атты поэмаларында өткен заман оқиғалары жырланды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1917-1920 жылдары жазылған "Адасқан өмір", "Кедей", "Айтыс" поэмалары және де "А, дүние", "Жас жүрек", "Неге жасаймын" өлеңдері адам өмірінің әрқилы жайларына арналды, шеберлік жағынан да, өмірді көрсете білу жағынан да аса құнды көркем шығарма болып ұлттық әдебиетіміздің қорына енді.

Ж. Исакаев