Қазақ әдебиетіндегі парцелляциялық құбылыстар

Қазақ әдебиетіндегі парцелляциялық құбылыстар
Фото: rifmnet.ru

Парцелляция құбылысы деп сөйлем ішінде айтылуы тиіс бір сөздің немесе сөйлем мүшесінің сөйлемнен оқшау, өз алдына жеке сөйлем ретінде берілуін айтамыз. Қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы мұндай құрылымдарды «іргелес сөйлем» деп атайды.

Шынымен де, іргелес тұрып, алдыңғы ойды толықтырып тұрады. Бұл көркем әдебиетте жазушының ойды жеткізудегі шеберлігін көрсетеді. Жалпақ тілмен айтқанда, айтайын деп отырған ақпаратына екпін беріп, оны ерекше етіп көрсету үшін пайдаланады. Оқып отырған оқырман да ойдың ашығын бірден түсінетін болады. Қазақ әдебиетінде шығармаларын парцелляциялық құбылыспен шебер өрнектейтін ерекше жазушы – Мұхтар Мағауин.

Зерттеуші Ақылбаева Г.И. «Парцелляция дегеніміз – фразаны (ойды, сөйлемді) бөлшектеп, соған қатысты бір сөзді не тексті жеке өз алдына аулақтатып орналастыру» деп анықтама береді. Бұл жерде парцелляцияның орналасқан орнынан бұрын оның мазмұндық реңкі үлкен рөл атқаратынын ескеру керек.

«Сөйлеу тілінің тәсілі, яғни ауызекі тілде сөйлеушінің өз ой-пікірін жағдайға қарай, жекелеген сөз, сөз тіркестері ретінде бөлшектеп жеткізуі» дейді зерттеуші Б.Ж.Исхан. Және оның ерекшелігін былай көрсетеді.

Парцелляция жеке сөзді, сөз тіркесті, сөйлемді болып, өзі қатысты сөйлемнің

- айырылмас бір бөлшегі;

- мағыналық жағынан тиянақтаушы;

- сөйлемнің өн бойына, не жеке бір мүшелігіне қатысты;

- төртіншіден, өзі қатысты сөздермен әдеттегі айқындауыштар сияқты тұлғалық жағынан кейде ұқсас, кейде ұқсас еместігімен де ерекшеленеді.

Бұл теорияларды практикалық тұрғыдан көрсетсек. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романынан мысалдар келтірсек.

"Төрт-бес күн бойы алдарқатып жүріп, кешкі алакеуім, қағаберіс қалтарыста, әп-сәтте сатып алып, сығымдай бүктеп, қойныма емес, ышқырыма, ышқырдың арғы жағына тығып жібердім. Үш құлаш жібек арқан. Арқан болғанда, кәдімгі, ашық аулада кір ілетін жуан жіптің бір үзігі. Тартып көргем. Өткенде".

"Келер мезетте көлеңке жақындай түсті. Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, бауырыма тығылды. Марат..."

"Балжан жымиған қалпы, көзінің қиығымен маған қарайды. Содан соң, мойнын оқыс бұрып, арғы жағына... Онда тағы мен. Қайтадан бері қарады… Маған…"

Әуелі жуандығы шынашаққа жуық, берік жібек жібімнің қолға ұстаған басын, бас бармақ сиятындай ғана ілмек қалдырып, берік байладым. Содан соң, екінші ұшын іздемей-ақ, түйін түбінен кері айналдырып, ілмектен өткізіп, тұзақ шығардым. Дайын. Менен сұраусыз бөлініп, сүйген жарымды бауырына басқан, енді ата-бабамның аруағына шәк келтіріп, бүкіл ескілікті әулетімізге көлеңке түсірмек сұмырай Жармақтың дар тұзағы дайын болды».

Байқадыңыздар ма? "Келер мезетте көлеңке жақындай түсті. Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, бауырыма тығылды. Марат..." деген үзінді мен "Келер мезетте көлеңке жақындай түсті. Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, Марат бауырыма тығылды" деген сөйлемнің айырмашылығын көрдіңіздер. Бұл қарапайым құбылыс емес. Оны оқырманға жеткізу де, оны жазу да қиынның қиыны.

Е. Жұмабайұлы