"Абай жолы" эпопеясындағы өнерлі Абай бейнесі

"Абай жолы" эпопеясындағы өнерлі Абай бейнесі
Фото: zstmielec.nazwa.pl

Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып отырады. Алғашқы беттерден-ақ, Абай бойына тән тамаша қасиеттер тереңірек ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде ерен еңбек етеді. Ерекше жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз.  Жасына жас, ойына ой қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.

Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы.

Абай халықтың талантын, оның әні мен жырын шын жүректен сүйеді. Оның Біржанмен кездесуі шығармада өте сәтті баяндалады. Абайдың сазгерлік өнерін айтпай кету мүмкін емес, Ұлжан анасының ақ сүтімен дарыған әлди дана Абайға әсерлі сіңген болса керек. «Желсіз түнде жарық айды» әдемі,  келісті әуезбен келтірген. Әрбір сурет Абайдың дала өмірі туралы әр кездегі түсінігін, көзқарасын танытады. Тұрмыстың талай талқысынан өтіп, шыңдала ширыққан  Абай өзін қоршаған ортаға, шындыққа ойлы да сыншы көзбен қарайды. Бұрынғы байқағандарының оған енді басқаша болып көрінетіндігінің сыры да осында. Бірінші кітаптың ең соңында жазушы кейіпкерінің қаншалықты өскенін образды түрде аңдату мақсатымен оны тасты жарып, шыңға шыққан шынарға байлайды. «Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да  қатер болудан қалған еді».  Қаһарлы қысты да, долы дауылды да елемейтін бұл шынар енді әбден толысып, мәуелі де саялы бәйтерекке айналуға, ал оның ығында басқа көптеген шынарлар көптеп өсу керек. Ал мұны бейнелеу – екінші кітаптың үлесі.  

Егер бірінші кітап Абайдың азамат ретінде есеюін образды түрде бейнелесе, екінші кітабы, негізінен алғанда, ақын Абайдың қалыптасуына арналған. Шығарманың бүкіл өн бойына біз Абайдың өнерін нәрлендірген және оны тудырған себептерді, ақынның белгілі бір шығармаларының қандай жағдайда, қалайша жасалғанын біліп отырамыз. Өзін ғажайып қызық ертегілерімен әлдилеген сүйікті әжесі Зереге, аға-сұлтан, ұлықтардың қайырымсыздығын шенейтін, сырлы терең Барласқа, қаймығуды, қамығуды білмейтін, тіліп түсер өткір тілді Шөжеге де Абай аз қарыз емес-тұғын.

Абайдың барлық саналы өмірі мен ойлы еңбегі сол сертін орындауға, халыққа қызмет етуге жұмсалады. Ал осы халыққа қызмет етудің негізгі тура жолын Абай орыс достарының ақыл-кеңесінен тапты. Михайлов айтқан, елді ағарту, өнер-білімге үндеу жолы, халықты қанаушыларды кекті жырмен бауыздау еді. Абай осы жолдан алыстамады. М. Әуезовтің эпопеясын оқып отырғанда Абай өткен осы жолдың бел-белесін, сыр-сипатын айқын көріп отырамыз. Жазушы Абайдың Пушкинмен жақындығын алғаш қазақ ақынының «Дубровскийді» оқып отырған сәтін суреттеу арқылы аңдатады.  Бұл Пушкин өнерінің тереңіне Абайдың жаңадан бет қоя бастаған кезі. Шығарманың соңғы бөлігінде Пушкин поэзиясымен айырылмастай табысып, туысып кеткендей болады. Бұдан Абайдың жан-жақты екенін байқарымыз хақ. Орыс әдебиетін сол кездегі адамның оқуы таңғажайып дүние. Ол мезгілдің адамдары тіпті ескіше сауат білмеді. Ал Абай тежелген жоқ, керісінше оқи берді. Мұның есесіне автор орыс адамының үлкен, жарқын образын жасаған. Ол – Михайлов. Бұл – идеялық тереңдігі, көркемдік құндылығы жағынан да ірі, тұлғалы образ. Абаймен бірге толғанып, оған ақыл, кеңес беріп отырады. Ол Абайдың өз тағдырына да үлкен әсер еткенін, оны дұрыс бағытқа сілтегенін автор нанымды суреттейді. Михайлов образында автор Абайдың белгілі досы Михаэлистің бейнесін шебер жасаған.  Абайдың Михайловпен кездесулері суреттелетін тұстар – эпопеяның жарқын, бояуы қою беттері. Абайдың әділетті жақтайтын мінезін, талантын биік бағалаған Михайлов оның тайыз жатқан жерін де тез таниды, оған деген ақыл-кеңесін сол арада, сол бағытта дәл әрі нақты айтып отырды. Михайловпен кездескеннен кейін Абайдың бүкіл өмірінде, көзқарасында, тіпті психологиясында да көп өзгерістер туындады. Елді өнер-біліммен суару жолында біршама оқып, ізденген Абай туындының басында шәкірт болып көрінсе, кейін жанашыр, ұстаз болып бейнеленеді. Осы жолда көп тер төгеді. Бұл  пікірге төмендегі үзінді айғақ болсын.

Абай Гоголь кітапханасына кіргенде, оқырмандардың бәрі тегіс Абайға қарады. "Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан,  бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Әлгі чиновник:

− Бұл не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған?-деді. Осы тұрпайы әзілді естіген Абай чиновник жаққа салқын ызамен жалт етіп бір қарады. Зал бәрі күлді. Сонда Абай енді күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылды да, лезде жауап қатты:

− Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, бұнда ол түгілі, есек те отырыпты ғой! – деді. От ауызды, орақ тілді Абай оқу-ағарту үшін көппен таласып оқығанын көріңіз.

Жазушы Абай мен Әйгерімнің арасындағы ғаламат сезімді баян етердегі түйер ой мынадай: Тоғжаннан айырылған, Ділдәға еріксіз қосылған шақта Абай жас та шарасыз еді. Енді есейіп тағдырына өзі ие болған кезде Абай өз жүрегінің дегенін істейді.

Абай керемет әке де бола білді. Әбіш, Мағаш, Ақылбай секілді тәрбиелі, сөзге жүйрік, ойлауға тез перзенттерге үлгі болды. Бала болса да, олардан кеңес сұрап, ой бөлісіп отырды. Өзі алған білімдерден жоғарырақ білім алуға ықпал жасайды. Әбішті Петербургке оқуға жіберіп, талабын ұштауға жәрдемдесті. Ол да әке жолын қуған, қара ақылымен қара тасты қақ жарған, әділдікті сүйетін халықтың баласы. Айтпағымыз: Абай − ұрпағын өте тағылымды тәрбиелеген әке.

Е. Жұмабайұлы