"Абай жолы" эпопеясындағы Абай портреті

"Абай жолы" эпопеясындағы Абай портреті
Фото: fondoimagen.com

Француз жазушысы Луи Арагон "Абай жолын" оқығаннан кейін мынадай ой түйіпті: "Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі". Бұндай пікірді тудыру үшін автор эпопеяда суреткерлігін танытқан. Эпопеяның өн бойында адам образдарын жасайтын штрих, детальдар толып жатыр. Мінездеу, мүсіндеу, жинақтау – бәрі бар.

Сөзбен салынған кейіпкер суреті І томның өн бойында көптеп кездеседі. Рахманқұл Бердібаев шығармадағы портреттердің кескінделуі туралы былай деді:

1. Қаһарманның сырт келбетін толық келтіру.
2. Адамның бірер белгісін атап өту.
3. Адам портретін түрлі жағдайда қайталап, әрбір қырынан толықтыра отыру.
4. Қаһарманның бет-жүзіндегі, денесіндегі ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату.

Осы төрт белгіні дәлірек келтірсек, бірінші ерекшелікке Абайдың Ділдәға үйленгеннен кейінгі бейнесі толық келеді. Екінші ерекшелікке Ұлжан портретін алуға болады. Оспан "Ойбай, бауремдеп" келгенде, толық денесін қозғағанынан денелі екенін білеміз. Ал Құнанбайдың бейнесі әр қырынан көрінеді. Қатал кескін түрлі оқиға барысында қайталанып отырады. Бұл үшінші ерекшелікке келетіндей. Ал соңғысына Абайдың бейнесін алайық. Әке сәлемімен Байдалыға барып тілдесіп, оның сөзін мырзаға жеткізуге асыққан Абай бейнесі Құнанбайдың көзімен көргенде, "екі көзі от шашып, беті қызғылттанған".

Әдеби туындының тұтастық жүйесін құруға елеулі үлес қосатын, біртіндеп тұрақты эстетикалық өлшемге айналған ежелгі көркемдік межелерінің бірі – портрет. Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы". Осы әрбір өткелден өткен Абайдың образды бейнелерін келтіріп көрейік.

«Ауылға асыққан шәкірт 3 күн дегенде аптығып келді. Шешесі мен әжесінің ыстық алақанын аңсаған баланың бүгін мауқы басылғандай. Кәрі әжесінің «құлағын ашам» деп «су-ф-ф!» деп, ұшықтағанына ел сүйсіне қарап еді. Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды. Қара сұр бала көптің көзі бір өзіне қадалғанға енді қысылыңқырап, қызарып еді. Бірақ көзінде жайнай жанған от білінеді. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты. Биыл денесі өскелеңдеп қалған Ұлжан баласы мінез жағынан да ересек тартқанын байқады». Бұл үзіндіде Абайдың өңі емес, көзіндегі от өзге балаларынан ерекшелеп тұр. Тек тұлғасы емес, мінезі де толысқанын автор анасы Ұлжанның көзімен көрсетеді.

Қодар мен келінінің өліміне кінәлі болған әкеге Абай ашуланып, Жиреншемен, Құлабестімен шауып келе жатқан. Әкеге көңілі қалған, адамдардың кескінін көз алдынан кетіре алмаған, өмірдің қаталдығымен алғаш рет бетпе-бет келген Абайдың келбеті романда былайша суреттелген. «Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай егіліп жылады. Ағындап ұшып келе жатқан бестінің екі жағында көделі, бетегелі көк дала тасқын судай зулап жөнеліп, артқа қарай құлдырап ағып кетіп жатыр. Екі құлағын бітіргендей боп, дыңылдап соққан екпін желі Абайдың көзінен аққан жастарды қат-қат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді». Ал мына бір тұсында автор Абайдың бейнесін беру үшін кейіпкер мен табиғатты байланыстырады. Ашынып жылаған бала Абайдың көз жасы жерде өскен көде мен бетегеге тамып келе жатқанын дәл бейнелейді. Суреттеудің ішіндегі кішкене детальдің үлкен мағынаға ие болып тұрғанын көруге болады.

Келесі бір үзіндісінде Абай Көлқайнарға Жиреншеге жеткізбей шауып келе жатады. «Ұлжан тыста тұр екен. Баласы үйге тақай бергенде өңіне көзін салып, тіксініп қалды. Абайдың түсі құп-қу, қатты өзгерген. Тіпті, Абай сияқты емес. Ұлжан: «Көзім бұлдырып тұр ма?» деп кірпігін жиі қағып, қайта қарады. Абай. Бірақ, тіпті, жат реңді. Көзі де, қып-қызыл боп ісіп кетіпті. Абай сол жылаумен ұйықтап қап еді. Түс ауа ұйқыдан оянады... Басы мең-зең. Еті лапылдап, күйіп тұрған сияқты. Аузы құрғап, ерні қатты кезеріп қапты. Құр тамсанады». Алдыңғы оқиғамен байланысты мына бір үзіндіде Абайдың өңінің қуарғанын көреміз.

Қамқа мен Қодардың өлімі Абайдың жанын азапқа салды. Бұл оқиға оның балалық шаттығын су сепкендей сөндіріп, әлдебір ауыр ойларға жетелей берді. Ар азабы тән ауруымен ұласты. Осы сәттегі бала Абайдың бейнесі:  

«Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын бойшаң ғана өсімдік бейнелес. Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір, бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді». Мына үзіндіде Абайдың мүшел жасындағы бейнесін көреміз. Автор кейіпкер бейнесін «салуда» көркемдеуіш құралдарды пайдаланған. «Күн көрмей өскен, реңі солғын бойшаң ғана өсімдік бейнелес» деп Абайды тағы да табиғатпен үндестіреді. «Бойшаң ғана өсімдік бейнелес» деп өсімдікке теңейді. Шашының сиректігін де көркем тілмен жеткізеді.

Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз аралап келеді. Көшеден үш аттыға кезігетін еді ғой: Бөжей, Байсал, Байдалы. «Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты.» Абай тоқтап, иіліп сәлем беріп еді,- Байсал: «Ей, сол антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?» демесі бар ма? Қабағы түюлі. «Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады.» Байдалыша «Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің». Абайдың жанарындағы от сексеуілдің шоғындай жайнап тұрған болатын. Автор бұны Байдалының көзімен бейнелеп, теңеумен береді.

Абай әке тапсырмасымен Сүйіндіктің үйіне келіп, жайлы орында біраз әңгімелер айтысатын еді ғой. Білгісі келген кейбір оқиғалардың шетін тарқатып отырады. Сол сәттердің біріндегі Абайдың кейпі: «Абай қып-қызыл боп кетіп, шұғыл ойланып отырып қалды. Шамға қарап қадалып қалған көздерінде сол шам отындай үлкен қызғылт, алыс от маздап тұрғандай». Мына сәтте де Абайдың көзіндегі от байқалады. Жазушы кейіпкердің көзіндегі отты маздап жанып тұрған шам отына ұқсатады.

Құнанбайдың сәлемімен Байдалыға барып тілдесіп, оның сөзін әкесіне жеткізуге асыққан Абай кейпі, Құнанбайдың көзімен: «Баласының екі көзі от шашып, беті қызғылттанып, танауы да желбірей түседі. Барлық жас ажарында бал-бұл жанған бір құбылыс бар. Әншейіндегі салмақты, қоңыр баяу Абай емес». Байқағанымыздай, Абайдың жаратылысы бөлек екенін автор көзіндегі отпен дәлелдейді. Хакімнің көзіндегі от өз қатарластарынан ерекшелеп тұратындай көрінеді.

Романда Бөжей асының үшінші күнінің түс кезіндегі Абайдың пішіні солғын тарта бастайды. «Абайдың жүзі қан-сөлден айырылып, науқастан тұрғандай. Екі көзі қанталап, жақтары солып, бір түрлі жүдеп, үрпиіп қапты», – дейді автор. Ал роман кейіпкері Ерболша айтқанда: «Ыстықта бәйгеге шауып, жолшыбай болдырып қап, түнде тағы таң асып шыққан Қарашаның шоқайындай бопты». Бұл тұста да автор теңеуді қолданған: «Қарашаның шоқайындай».

Абай Ділдәмен үйленіп, он жеті жасында әке атанды. Ақылбай, Күлбадан атты балалардың әкесі. Әке атанған Абайдың бейнесі ол кезде мынадай еді:

«Бұл кезде Абайдың да денесі іріленген. Жауырынды, сүйекті боп қалған екен. Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп қалған. Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен. Жазық биік маңдайы шекесіне таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең көсілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны тотықса да келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл, отты көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады... Әлі ұзармаса да, теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қара сұр жігіт, сонау сұлу болмаса да, ұнамды, сүйкімді».

Автор толысқан Абайдың бейнесін оқырманына көрсетуде «ұзынша қырлы мұрын», «жазық биік маңдай», «келбетті маңдай», «жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қас», «тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрт», «ойшыл, отты көз», «қара сұр жігіт» деген күрделі эпитеттерді қолданған. Олардың бәрі Абайдың бейнесін дәл әрі анық көрсету үшін қызмет етіп тұр.

М.Әуезов Абайдың көзіндегі отты мейілінше, жалындатып көрсетеді. Оның өзін шабытқа мастанған жастық шақ деп білуге болады. «Болатын бала — жасынан» демекші, Абай жасынан-ақ өзінің даралығын көзіндегі нұрдан байқатып қойған.

Е. Жұмабайұлы