Әсет Найманбайұлының қисса-дастандары

Әсет Найманбайұлының қисса-дастандары
Фото: elitefon.ru

Өз тұстастарымен жыр бәйгесіне түскен Әсет ақын шығыс әдебиетінің озық шығармаларымен түпнұсқасы арқылы танысып, классикалық шығармаларын өлеңмен қисса-дастан етіп жырлады. Жазба әдебиет үлгісіндегі «Сәлиха-Сәмен», «Кешубай» дастандары ақынның өмірге көзқарасының, білім, талғам дәрежесінің артқандығын, жаңа арна, бағытқа бет бұрғандығын аңғартады. Ақын дастандарының өзіндік бір ерекшелігі – оның көбінесе басқа ақындар жырламаған тың тақырыптарды таңдауында. Оған «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Барат қыз» қиссаларының сюжеті дәлел. Әсет Найманбайұлының адамгершілік, адалдық, имандылық секілді қасиеттерді дәріптей жырлауы – гуманистік ой-пікірлерінің жемісі.

«Кешубай» поэмасына патша үкіметінің отарлау саясаты өзек болады. Ал «Үш баланың әңгімесі» поэмасында сертке беріктік, уәдеге адалдық ерлікке тең дәрежеде сипатталады. Бұл тұрғыда ақын – гуманист ретінде танылады. Әсеттің алашқа атын шығарған қиссасы – «Ағаш ат». Әсеттің ертеден ел аузында жатталып, сақталып келген бұл поэмасының көшірме қолжазбасының бір нұсқасы Абай музейінің қолжазба қорында сақтаулы. Поэма 1947 жылы жазылып алынған. Көлемі бес жүз он өлең. Поэманы Әсет ақын қай жылы жазғаны белгісіз.

«Ағаш ат» поэмасының оқиғасы да Шығыс елінің әңгімелерінен алынған. Поэма шығыс әдебиетінің әсерімен жазылса да, баяндауы басқаша. Ақын оқиғаны түйінін өзінше қорытады. Поэмадағы оқиғаның желісі бастан-аяқ ағаш атқа байланысты. Бұл образ орыс ертегісінің сюжетіне басылған Ершовтың «Конек-горбунок» поэмасына ұқсас. Бірақ ағаш ат адамның қолынан жасалған өнердің табысы ретінде сипатталады. Әсет Найманбайұлының "Ағаш ат" поэмасында ғылыми-фантастиканың негізі бар. Ол поэмада құр әйтеуір ағаш ат бір кереметпен аспанға ұшты демейді. Өз шамасына қарай ағаш аттың қалай жасалғанын өнер-білімге сүйеніп сипаттайды:

Ішіне резинканың жел кіргізіп,
Жасайды бек тамаша бір ағаш ат, - дейді.

19-ғасырдың екінші жартысында ғылым мен техника жедел дамып, ұшқыш аппараттар жасалғаны мәлім. Әсет ағаш атын құдайдың құдіретімен немесе басқа бір белгісіз күштің қуатымен көкке ұшырмай, өзінше адам ақылымен жүзеге асырады. Поэмада Қасен қызға шығыс сюжеттеріндей сырттай көрмей ғашық болмайды. Қасеннің Гүлғұсылға кездесуіне ағаш ат, шебер ұстаның өнері себеп болады. Оқиғаны дамытуда Әсет Найманбайұлының жаңалығы Қасеннің қолын ғашығына жеткізетін ағаш ат образы. Бұл мифтік образ емес, адам ақылының жемісі. Ақын поэманың аяғында ағаш атты жасаған өнерлі ұстаны бір шаһарға патша етеді. Ол сол кездегі халықтық санадан туған идея, яғни, ақылды, білімді, өнерлі адам ел басқарса деген арман, тілек.

Сонымен, «Ағаш ат» поэмасын шығыс әңгімелерінің әсерімен жазылған, өз уақытына сай қазақ поэзиясында туған ғылыми-фантастикалық поэма деуге болады.

Ж. Исакаев