Тұманбай Молдағалиевтың лирикалық шығармаларындағы кіршіксіз сезім, асқақ арман мен ынтық жүрек жылуы

Тұманбай Молдағалиевтың лирикалық шығармаларындағы кіршіксіз сезім, асқақ арман мен ынтық жүрек жылуы
Фото: www.azattyq.org

Ақын поэзиясында сапалы жырлар мол. Ол жас шағынан бастап, философиялық ойға толы сезім лирикасына көңіл аударған. Тұманбай Молдағалиев кішкене ғана детальдан философиялық ой туғыза білген. Жастық дәуірінде қай ақынның болса да, жүрегі махаббатқа аласұратыны анық. Ақын махаббатты жырлаудан шаршамаса керек. Сол үшін Тұманбай ақынның да махаббат лирикасында өз қолтаңбасы, өз бояуы бар. Ол махаббат тақырыбын жеріне жеткізіп жырлайды, алдымен өз басынан өтіп отырған махаббат сырлары арқылы шындық өмірден қашық емес, романтикалық суреттер сызады. Оның жырларында ғашық ақынның жүрек лүпілі, үлбіреген аппақ көңілі, мейірім шуағы бар. Өміршең өлеңдерінде махаббат өзінің бейкүнәлілігімен, лапылдаған жалынымен, ауадай мөлдірлігімен, мөлтілдеген мұңымен, шынайы сырымен көрінеді. Кей-кей өлеңдер, шумақтар, жолдар бірін-бірі қайталағандай болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде ақын өзі тапқан бояуларды, ой-сезім ұшқындарын, айшықты теңеулерін жаңа қырынан түрлендіре түседі.

Елді, жерді, адамды сүйе білу – ұлы бақыт. Тұманбай ақын өлеңдері осы шынайы сүйіспеншіліктен туындап жатады. Сондықтан да оның өлеңдері әрқашан жүрегімізде. Алғашқы жинақтарының бірі «Алатау қызында» ақын:

«Қайда жүрсем ойлап сені жүремін,
Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.
Саған ғана арқамды мен сүйедім,
Саған ғана аяғымды тіредім», - деген еді. Тұманбай ақынның ерекшелігі – ауыл, туған жерге, жеке адамдарға арналған өлеңдерінің алтын арқауын сағыныш сазы ұстап тұрады. Ол сағыныш сазы өмірді, адамдарды сүюден туындайтындықтан көңіл-күйіңді баурап алғыш-ақ.

Ақын қозы баққан бала күнін, жетім өскен күндерін жырға қосуға бейім. Бұған дәлел ақынның «Әпкеме», «Бала күннің достары», «Өзім жайлы сыр», «Әпкеммен сырласу», «Әкем әлі тірі жүрген сияқты», «Топырағың торқа болсын, анашым» өлеңдері. Бұл тебіреністен туған туындыларда адамның бір-біріне деген махаббаты, адамгершіліктің асқар шыңы, мейірім шыңы жатыр. Тағдырдың тәлкегіне мойын ұсынбаған қайсар жандардардың тұлғалары ерекше көрінеді.

Өлең салмағының өңменінен өтетін қуат-күшін ақын қысқа қайырыспен-ақ қарбыта айта алған. Мұнан елдің барша болмысының бір қыры – бірлігі, достық-туыстығы, ерлік-еңбек даралығы сыйысқан шашаусыз жолдар тізбегін табамыз. Өлеңнің образдылық қасиетін сөз етпегенде, ақынның уытты ойын, отаншылдық сезімін бірден аңғарамыз.

Халық көкейі талғампаз. Халықтың іңкәр жүрегі сырты жалтыраған өнерсымақты, құрғақ айқайды маңына жуытпайды. Өмір шындығын бейнелейтін өркенді өнер иесі Тұманбай Молдағалиев бұл мүддеден шыға білді.

Ұқсас жазбалар:

Тұманбай Молдағалиев: "Бақытты бол, қазағым!"

Тұманбай ата - лирик ақын, сыршыл сазгер

Ж. Исакаев