Драма жанрының қазақ әдебиеттануында зерттелуі

Драма жанрының қазақ әдебиеттануында зерттелуі
Фото: baq.kz

Қазақ драматургиясын зерттеуде ХХ ғасырдың 60-80 жылдары шешуші қадамдар жасалды. Қазақ драматургиясының өзекті мәселелерін арқау еткен еңбектерге классикалық туындылардың жанрлық болмыс-бітімін жан-жақты қарастыру, қаламгер шеберлігін шығармашылық тұрғысынан саралау, мұрағат деректері, жанрдың дамуы мен қалыптасуын, жүйесі мен поэтикасын жан-жақты зерттеу тән. Осы ретте С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ж.Шанин сынды суреткерлердің драматургиялық мұрасының қайта оралуы, М.Әуезовтің отыз төрт жылдан соңғы үзілістен кейін «Қарагөз» трагедиясының «Қараш-Қараш» жинағында жариялануы, «Еңлік-Кебектің» 1956 жылы таңдамалы шығармаларының V томында соңғы нұсқасының берілуі қазақ драма өнерінің келелі мәселелерін ғылыми негізде саралауға баса назар аударды.

Қазақ драматургиясын зерттеудегі тың ізденістерді Р.Нұрғалиевтың «Трагедия табиғаты» атты монографиясынан көреміз. Бұл монографияны жазу барысында тоталитарлық жүйенің қысымынан еш именбей Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» поэмасын атап қана қоймай, «Еңлік-Кебектің» барлық нұсқасын салыстыра қарастыруы ғалымның ғылыми жетістігі еді. Ғалым зерттеуі қазақ драматургиясының трагедия жанрын М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Түнгі сарын» шығармалары негізінде алғаш кешенді қарастыруымен, драма жанрының күрделі табиғатына жіті назар аударуымен ұлттық әдебиеттанудың жетістігін айқындайды. Әсіресе Р.Нұрғалиев драмалық шығармалардың ұлттық рухының өзіндік болмысын ашуда қырағылық танытқан.

Қазақ драматургиясының мәселелерін зерттеуде Н.Ғабдуллиннің «Шығарма арқауы – шындық, «Ғабит Мүсірепов – драматург» еңбектерінің де маңызы айрықша. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ақан сері – Ақтоты», «Болашаққа аманат» пьесаларын талдай отырып, өзіндік сын пікірлерін қалыптастырды. Ғалым «Ғабит Мүсірепов драматургиясының көркемдік ерекшелігінің биіктігін танытатын басты бір қасиеті – тілінің поэзиялық мәнері» деп бағалайды.

Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесін қарастыруда М.Дүйсенов зерттеуінің де өзіндік орны бар. Ғалым қазақ драматургиясының теориялық мәселелерін Ә.Тәжібаев пьесалары негізінде қарастырады. Зерттеудің негізгі нысанасы бір жазушы пьесалары болғанымен қазақ драматургиясындағы жетістіктер мен кемшіліктерді жоғарғы дәрежеде нақтылай білді. Сонымен қатар қазақ драматургиясының тууы мен қалыптасуындағы ұлттық фольклордың поэтикалық нәрі мен мәнін жан-жақты қарастырған зерттеуші « М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ә.Тәжібаевтің «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез» пьесаларының сюжеттік өзегі халықтың аңыздары мен эпостық дастандарынан алынды» деп өз пікірін дәлелдеуде салыстырмалы әдісті тиімді қолдана білгенін байқатады.

Қазақ драматургиясы алғаш жүйелі байыпталған еңбек деп С.Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркін» атауға болады. Бұл еңбекте 1917-1960 жылдар аралығындағы қазақ кеңес драматургиясының басты туындылары талданған. С.Ордалиев еңбегінде К.Тоғысов, А.И.Лиханов, Б.Серкебаев, И.Меңдіқанов пьесаларын тақырыбы жағынан, көркемдік құрылысы жағынан саралай отырып, сол кездің драматургиясының сипатын ашуға тырысқан.

Ұқсас жазбалар:

Драма жанрының ерекшеліктері

Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры - қазақ өнерінің қара шаңырағы

Ж. Исакаев