Темірхан Медетбек лирикасының тақырыптары, жанрлық ерекшеліктері, поэзиясындағы көне түркілік сарын

Темірхан Медетбек лирикасының тақырыптары, жанрлық ерекшеліктері, поэзиясындағы көне түркілік сарын

Қазіргі қазақ поэзиясына тың дүние толқынын тудырып, жаңа леп әкелген ізденістің ақыны Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Ақынның жастайынан өлеңге деген құмарлығын әдебиеттің құдіретті күші шыңдап, қазақ поэзиясының жаңашыл ақындарының қатарына қосты. Орта мектепті бітірген соң Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтында (қазіргі Ұлттық педагогикалық университет) оқыған. Алғашқы еңбек жолын 1968-2002 жылдары радио мен телевидениеде, әр түрлі газет-журналдарда қызмет атқарып, шығармашылық ұйымдардан бастаған. Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болып тағайындалды. 2003 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы болған. Саналы ғұмырын мағыналы өлең – жырға арнап жүрген ақын алғашқы жинағын 1970 жылы «Жанымның жапырақтары» деген атпен жариялайды. Басқа да бірнеше өлеңдері орыс, украин тілдеріндегі жинақтарда жарық көреді. Ал өзі украин ақыны Валерий Гужваның, өзбек ақыны Еркин Вахидовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударады.

Ақын – ақиқаттың жүгін арқалаушы. Өткір тілді, оқшау ойлы Темірхан өлеңдері лирикадан үйлесімді сыр шерте отырып, «қара қазан, сары баланың» қамын жырлаудан да алыстамайды. Ақынның кейде шындықты айтамын деп, «туғанына да жақпай» қалатын сәттері болған. Елдің басындағы халді айна-қатесіз жырлап, санасы мен тұрмысы азат ұрпаққа өлеңдерін жолдады.

«Өткен замандарда,

Қандай дархан едік.

Қандай тарпаң едік!» , - деп қазіргі қоғамның келеңсіз тұстарын көрсете отырып, ақын халықты жарқын болашақпен байланыстырар қайсарлыққа үндейді, тәуелсіздігімізге тәубе етеді. Ақын шығармашылығының тағы бір тармағы – таңдай қақтыра жырлаған әйел сұлулығы, әйел нәзіктігі. Әйелдер қауымының қоғамдағы артықшылықтарын ерекше көрсетіп берген ақын. Ол осы арнаны өзіндік ерекшелігімен жырлаған ақындардың бірі. Нәзіктіктің символына арналған жырлары ақын шығармашылығын өзгеше қырынан танытады.

Сонымен қатар, ақын қазақ поэзиясының түркілер кезеңінен қалыптасқан романтикалық-реалистік өршіл сарынын өзіндік көркемдік шешім аясында жаңашыл туындыларымен байытты. “Көк түріктер сарыны” атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған, ақын көне түрді жаңа дәстүрмен ерекшелеген. Пішін құрылымынан гөрі ой ұшқырлығына көбірек иек артатын ол өлеңдерінде азаттық пен еркіндікті аңсайды, көне түркілердің ірілігін сағынады, кейінгі ұсақталуды мінейді. Ғасырлар қойнауында елеусіз қалған ерлік рухын насихаттайды. Ол бұл батырлықтың рухын “Қуат жырында”, “Асқанның орманын отындай өртедім. Тасқанның көлдерін астаудай төңкердім” деп беріліп, батырлар айбарын асқақтата түседі. Оның “Махамбет рухының монологы”, “Күлтегін”, “Тоныкөк” дастандары — ұлттық бояуы қанық, күрескер, рухани құндылықтарды толықтай танытқан поэтикалық қуатты шығармалар. Жалпы, қазақ поэзиясында өз үні мен жолын белгілеп алған ақынның азаматтық болмысы әр өлеңінен көрініс табады.

Сурет: altyalash.kz

Оқи отырыңыз:

Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасындағы Абылай хан бейнесі

Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы

Иранбек Оразбай (Иран-Ғайып) поэзиясындағы шеберлік үрдістер

Оралхан Бөкей шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы

Ж. Исакаев