«Оянған өлке» романындағы жазушының адам портретін жасау шеберлігі, тіл көркемдігі, стилі

«Оянған өлке» романындағы жазушының адам портретін жасау шеберлігі, тіл көркемдігі, стилі

Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбына арналған жаңа романдар жарық көрді. Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» (1952), Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке» (1953), Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953) романдары қазақ даласына өндіріс орындарының пайда бола бастауынан бергі ұзақ кезеңнің, қазақ жұмысшыларының туып қалыптасуының көркем шежіресін жасады. Алғашқы екі роман Қарағанды жұмысшыларының бұрынғы және кейінгі өмірін, азаттық жолындағы күресін суреттейді. Бүгін біз Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке» романы туралы сөз қозғайтын боламыз.

Романның алғашқы журналдық нұсқасы «Әдебиет және Исскуство» журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 cандарында жарияланып,  1953 жылы «Оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» романы - арада отыз жыл откен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті.

Екі кітаптан тұратын осынау роман - эпопеяда ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен Ұлы Қазан революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік - экономикалық хал-ахуалы, барша тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан–жақты терең суреттеледі.

«Оянған өлке» Қарағанды тақырыбына арналғанмен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында мұнда көмір өндірісінің ашылуы, жұмысшылардың алғашқы ұрпағының шығу кезеңі шындығын қамтиды. Роман атынан көрініп тұрғандай, автор сол негізде қазақ өлкесінің оянуын, оған келген адамдарды көрсетуді көздейді. Ол қазақтың көшпелі феодалдық тіршілігі мен жаңа туып келе жатқан капиталистік қарым-қатынастың қақтығысын бейнелейді. Өмір шындығының жан-жақты кең суреттелген көріністерімен, адамдар тағдырының шындығымен, өмір ағысы мен сыры жайлы кең толғамды мазмұнымен, байсалды реализмімен «Оянған өлке» осы дәуірдегі қазақ әдебиетінің өскелең бағытының куәсі тәрізді болды. Онда қазақ даласындағы экономикалық жаңа қарым-қатынасқа икемделген жаңа бай Игілік, көшпелі дәуірдегі қазақ байының типі Жұман, жаңа ашылған өндіріс орнынан өзінің келешегін тапқан Бұланбай, қазақ даласын аш қасқырдай кезіп жүріп, оның байлығын алуға ұмтылған Ушаков, Рязанов, орыс демократиялық қоғамының өкілдері Елизавета Сергеевна, Шило сияқты кесек бейнелер жасалған.

1984 жылы ұзақ үзілістен кейін Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабын «Жат қолында» деген атпен жариялады. Оның негізгі оқиғасы бұрынғыша Қарағанды жерінде, өндірістің шетел капиталының қолына өтуі оқиғаларына құрыла бастауы суреттеледі. Кейіпкерлері де негізінен бұрынғы таныс адамдар, жаңа кейіпкерлер ішінен дараланып көрінген – Игілік бидің баласы Кенжеғара. Жазушы шетелдік алыпсатарлардың байлыққа құмартқан пиғылын, амал-айласын көз алдыңыздан өткізеді. Ескінің тозып, жаңаның өніп келе жатқанын бейнелейтін күреске Кенжеғара араласады. Жас жігіт әділет жолын іздейді, тарих тағылымынан кеш қалған елін сүйреуді мақсат етеді. Роман ескі өмірдің күйреуімен, шетелдіктердің Қарағандыны тастай қашуымен аяқталады. Халық алға үмітпен қарайды.

Осынша тарихты бастан кешіп, дүрбелеңге түскен даланың бейнесі – жазғы шапақты күні мен қысқы бораны, жайлауы мен жайлы шуақ түні үлкен суреткердің қолымен жарқын суреттеліп, романға өң берген. Романдағы адам мінезі, кейіпкердің ішкі жан – дүниесін беруде порттерік тәсілдерді шебер де ұжымды пайдаланады. Игілік образын сомдаудағы оның портеріне үңіліп көрелік: «Игілік би паң да, тәккапар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетеп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп,  қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді... Бұйырғаны өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана» - деп мінездейді. Ал Игіліктің осы мінезін жазушы тек айтып қоймайды, іс-әрекет үстінде көрсетеді.

Жазушы екеуінің арбасу үстіндегі жан құбылыстарын айнытпай бере алған.  Осы суреттеуде бір жалғандық жоқ, нанымды, сенімді. Ғабит Мүсіреповтың адам психологиясын берудегі шеберлігін Сандыбай бейнесін мүсіндеу үстінде ең тамаша көрсете білген. Жалпы романдағы кейіпкерлердің барлығы жазушының эстетикалық мұратын ашуға қызмет етеді.

Жазушының поэтикалық синтаксисі аша түсуі жоғары. Ол прозада – ақын. Оның сөйлемдері ырғақ, ұйқасымен, үнділігімен тіл қатады. Үйлесе сыр шертеді, бейнелі ойы мол, қат-қабат астары көп. Саздылығы ғажап жазушының сөйлемдері ықшам, етең-жеңі жинақы, ойнақы. Сықақ-қалжыңы, астарлы күлкі-әжуасы, шымшып алар әзілі жазушы шығармасының өн бойында үнемі көрініс беріп отырады.

Сурет: map.nklibrary.kz

Оқи отырыңыз:

«Оянған өлке» романындағы қаламгердің өндіріс тақырыбын меңгеру жолындағы ізденістері

О. Сансызбай