Махамбет поэзиясындағы өршіл рух

Махамбет поэзиясындағы өршіл рух

Махамбет Өтемісұлының есімі бізге жақсы таныс. Неге? Себебі, ол - халықтың азаттығын көксеген батыр, күрескер, өр рухты ақын. Махамбет қалың жұртшылықты тек қана от тілді, орақ ауызды сөз шебері ретінде өзіне қаратқан жоқ, сонымен қатар өзінің даналығы мен дарындылығының арқасында даңққа бөленді.

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Ішкі Бөкей Ордасы, Бекетай аймағында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының Нарын құмының Жасқұс деген жерінде дүниеге келді. Жастайынан ақындық өнерге құмартып өскен. Асқан ақындығына қалың жұртшылық бас иген.

Махамбет – халық арасындағы келеңсіз құбылыстарды, келелі істерді өлеңіне арқау еткен өр рухты ақын. Оның шындықты бүкпей жырлаған батыл ақын екені бәрімізге белгілі. «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» атты өлеңдерінде халық зарын сөзбен өрнектеп үстем-тап өкілдерін, шенеуніктердің «дұрыс бағытын» өлеңмен түземекші болған.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден

Бұрынғы бақыт тайған күн, - деген жырында да халық азабын ашына айтқан. Жалпы бір сөзбен айтқанда Махамбет бірдің емес, бүкіл ел мұңын жырлаушы. 

Хан мен сұлтан, төре мен төлеңгіттер Еділ мен Жайық арасындағы халықтардың «оза шауып, егін егіп әзер тауып отырған шаруаларға алым-салық көбейтіліп, халықтың хал-ахуалы нашарлады. Сөйтіп, ел «ереуіл атқа ер салды». «Азулы елдің ашуын» Исатай мен Махамбет басқарды. Айбарлы қос батыр «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп ұран тастап, төңірегіне мол күш жұмылдырды. Міне, осының салдарынан көтеріліске шықты.

Ендігі кезекті жанашыр дос, ақылды қолбасшы, Махамбеттің арқа сүйер ағасындай болған Исатайға берелік. Исатай – Махамбеттің көп өлеңінен орын алған қаһарман.

Исатай деген ағам бар, 

Ақ кіреуке жағам бар.

Хан ұлымен қас болып,

Қара ұлымен дос болып,

Хан үстіне барғанда,

Шабайық ханды дегенде,

Шапқандай ханды амал бар, -

Амал барда хан шаппай,

Тәңірім қылды - не амал бар?! – деген өлеңінде Исатайдың, адамгершілігін, азаматтығын, батырлығын, қайсарлығын аңғаруға болады.

Исатайдың қаза болғанда Махамбет батыр бостандығынан айрылғандай күй кешті. Оны өзі де сезіп, «Қызғыш құс» өлеңінде:

Құсалақпен өтті ғой,

Махамбеттің көп күні, - деп жырлады.

Махамбеттің әр өлеңінен-ақ оның өмірін аңғаруға болады. Мысалы, «Соғыс» өлеңінде Махамбет көтерілістің әрбір кезеңдердегі тарихи оқиғаны өзіне сәйкес суреттейді. Ол барша болмыс қасиеттерімен көшпенділер арасындағы көсем тұлғалардың бірі болды. 

Қамбар батыр, Ер Тарғын, Асан Қайғы, Сыпыра жырау, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз сияқты өзі туған өңірдің біртуар тұлғаларының өлмес мұрасын көкірегіне тоқып өсті. Махамбет – өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр-сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу білімдар адам. Халықты хандық өкіметке қарсы қарулы көтеріліске шақырған алғаш қазақ ақыны.

Ақын өлеңдері -  саяси бағыт. Махамбет – лирик ақын, оның ішінде саяси лирик. Оның лирикалық өзекті арқауы – елді күреске шақыру. Мысалы:

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда

Қасына найза алмаса,

Атаның жасын қумаса?!-

Махамбеттің біраз өлеңдері элегиялық сарынды болып келеді. Көтереіліс сәтсіз аяқталып, алға қойған мақсат та көкке ұшып, ақын көңілі жабырқайды, өзегін өрт шалып, ең жақын достары оққа ұшады. Исатайдан айырылғаннан кейінгі өлеңдері жалғыздық сарынмен үндеседі. «Мұнар күн», «Еменнің түбі – сары бал» - Махамбеттің ішкі жан сырын, қайғысын көзінен қанды жас ағыза отырып, мұңая жырлаған жырлары.

Махамбет поэязиясы – Исатай бастаған халық көтерілісінің шежіресі. Махамбет поэязиясы – ұлтына ұран болған, рухы биік поэзия. Ол – өз дәуірінің үні.

Сурет: kazakhs.kazakh.ru

Оқи отырыңыз:

Жамбыл поэзиясындағы патриотизм және халықтың тұрмыс-тіршілігі

Төлен Әбдіковтің "Парасат майданы" повесіне талдау

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі

Әдебиет теориясы: сонет, трагедия, комедия

Ж. Исакаев