Төлен Әбдіковтің "Парасат майданы" повесіне талдау

Төлен Әбдіковтің "Парасат майданы" повесіне талдау

«Парасат майданы» - жазушының адамзатқа бағытталған жанайқайы; өмірдің тылсым сырына үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті. Төлен Әбдіковтің аталған философиялық шығармасында қоғамның болашағы үшін қам жегенін, оған жаны ашып, жол сілтемек болғанын байқаймыз. Жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейрімділікті қатар қойып, кімнің жеңіске жететінін баяндайды.

Оқиға кез келген адамның басында болуы мүмкін болғандықтан, автор бас кейіпкердің атын атап, түсін түстемеген деген ой келеді. Ол кейіпкер ауруханада жатып адамдардың ізгі қасиеттері туралы көп ойланады. Жаратылысымызға тән пәк, ең таза деген сезімдер туралы ойын күнделік бетіне түсіре бастайды. Қалың ойдың шырмауына түсіп жүргенінде бейтаныс адам күнделігін оқиды. Оқып қана қоймай, басты кейіпкердің ойына жауап жазады. Жауабында жақсылық, мейірімділік, сыйластық, ізгі қасиет атаулысын жоққа шығарып, тығырыққа тірейді. Осылайша санадағы соғыс майданы басталып кетеді.

Бейтаныс адам сөзінің жаны бар еді. Ол бірте-бірте зұлымдыққа сену керектігін дәріптейді. Айтыс-тартысқа түсіп, адам санасын улауға кіріседі. Адамдық асыл қасиеттерді аяқ астына таптап, ойына келгенін істейді.

Бас кейіпкер оны ойынан қайтармақ болып кездесуге шақырады. Алайда бұл кездесуге бейтаныс сырласы келмей қалады.

 “Сiз iзгiлiкке сенесiз де, зұлымдыққа сен­бейдi екенсiз.  Менiңше, екеуiне де сену керек. Дүниенi ұстап тұрған осы екi күш қой. Өмiр атты арбаның екi жетегi болса, бiреуi –зұлымдық. Бiрақ ол, сiз ойлағандай адамға тек жамандық әкелетiн зиянды нәрсе емес...” деген жолдарды оқыған оқырман бұл сөздерге нанып қалуы мүмкін. Алайда бұл зұлымдықтың айласы ғана. Өмірдің күрес екені рас. Бірақ, ол – зұлымдықтың туы желбірейтін күрес емес. Бейтаныс кейіпкер бұл туралы да айтады:

"Өмір – күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күре­сетiн болды», -дейді.

Алғашында еліміздің кеше мен бүгін санасын сан жаққа жүгіртіп, рухани күйреу заманының басталғанын баян етеді. Рас. Біздер әділдікті іздеуден, сүрінгенге сүйеу болудан, қатыгездікке мейрімділікпен жауап беруден шаршадық. Шындық пен өтіріктің парқын ажыратуды қойдық. Әрине, топырақты көпке шашуға құқымыз жоқ. Десе де шығарма ойлануға мәжбүрлейді.

Повестің бас кейіпкері қаза тапса да, рух пен жүрек тазалығы үшін күрес мәңгілік жалғаса береді.

Сурет:rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай