Мұхтар Шаханов лирикасындағы көне дәстүр мен жаңашылдық

Мұхтар Шаханов лирикасындағы көне дәстүр мен жаңашылдық

Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясына соны соқпақ, жыр үлгісін әкелген ақындардың бірі. Әр өлеңі тағлым мен үлгі-өнегеге бай. Кез келген нәрсені өлеңге айналдыра алатын бұл талантты ақын әрбір өлеңін түйдекті ой мен сиқырлы сезімді сыйдыра білген. Ақын шығармашылығы көне дәстүрді кемелдендіре отырып жаңаша дәстүрді де қалай білді. Көптеген жылдар бойы ақынның өлеңдері халықты сезімге бөлеген болатын.

Ақын шығармаларында кездесетін кесек-кесек образдар – Ақсақ Темір, Шыңғысхан, Қожа Хафиз – шығыс поэзиясында көп кездесетін бейнелер еді. Жырлау қабілеті басым ақын шығыстық дәстүрдің ізгі ақындары шайырлардай тіл қатады. М. Шахановтың ерекшелігі де сол бұрынғы қалыптасқан лирикалық өлеңдердің дәстүрлі шеңберін кеңейте отырып жаңа формаларды өрбіте білген жаңашылдығының болуында. Ақынның атақты өлеңдерінің бірі – «Сұлулықты сезіну немесе Ғабиден Мұстафинмен қарттық жайлы әңгіме» атты өлеңінде сезімнің сиқырлы күшін лирикалық шеберлікпен жеткізе білген:

Міне, нағыз күннің батыры,
Қатал уақыт қарияны сала алмапты-ау тезіне.
Неткен қайсар сұлулық бұл, –
деп бір орыс ақыны
Жас алыпты көзіне.

Лирикалық жүгі ауыр бұл жолдар сезімнің күшін батырлықпен теңестіруі жаңа заманның сезімге берген анықтамасындай белгі береді.

Сонымен қатар, елге танымал «Ғашықтық ғаламаты» өлең-дастаны да лирикалық болмысы бекіген туындыларының бірі. Бұл поэмада үлгілі тәмсіл ретінде алған Естай-Қорлан махаббат хикаяты жырдың лирикалық сәнін қалыптастыра түскен. Ақынның бұл жердегі жаңашылдығы да сол – өлеңге жаңа тыныс бере білгендігі; өлең құрамына бірнеше оқиға желісін енгізіп, бір ғана тағлым айналасына жинақталғандығы.

М.Шаханов жырларында лирикалық көрініс айқын да айшықты беріліп отырады. Лирикалық сезім мен лирикалық бет-бейне тұтас туынды көлемінде кең көрініске ие болмайды, алайда әр жолда жарқ етіп көріну арқылы бүкіл өлең болмысын сезімге толтырады. Қатты алып-ұшпа сезімге қарағанда, бұл әлдеқайда, сабырлы да саналы сезім болатын. Бұрынғы қалыптасқан өлеңдер, жырлардағы сезімнің қанық реңкі бүкіл өлең бой бітімінде бекіп жататын, ал М.Шахановта бұл үрдіс әлдеқайда өзгергендігін көруге болады. «Жұбайлар жыры» өлеңінде:

Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген,
Келбетіңнен сезімнің күшін көрем.
Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.

Өлеңдегі сезім анық және нақты берілген. Және сезімнің нақты көрінісі соңғы жолдар арқылы әсерлі құйыла білген.

Мен қайда ұшсам, қанатымнан демеп жүрген сені көрем,
Шашым ойша таралады Ақтөбенің желіменен,
Сосын Естай әуенімен, ару Қорлан лебіменен,
Мен қайда ұшсам, қанатымнан демеп жүрген сені көрем.
( «Шекарасыз жомарттық»)

Өлеңдегі сырласу сарыны лирикалық мақаммен нанымды жеткізіле жырланған.

Сонымен қатар, бұрынғы дәстүрлі лирикада тек тұрақты қалыптас тұратын лирика Ақынның өлеңдерінде лебі есіп, құйылып, көтеріліп, қабаттасып, дамып, үнемі қимылдық қарбаласта болып отырады. «Құдаша» өлеңінде:

Шақырса құба дала,
Гүл қуып, қыр асамыз.
Мен едім құда бала,
Сен едің құдаша қыз.
Қызғалдақ – қырдың сәні,
Жебейтін арман атын.
Мен үзген гүлдің бәрі
Бір саған арналатын.
Жан едің дала көңіл,
Өзгеше ең, ерек едің.
Мен сені бар әлемнің
Көркіне теңегенмін.

Әсем де айшықты өрілген бұл өлеңде лирикада тұрақтылық жоқ, жаңа бір құбылыстар арқылы дамып отыр.

Дәстүр мен жаңашылдық – өте егіз ұғымдар, олардың ара-жігін дәл басып ажырата білу қиын, өзара шектес құбылыстар. Бірінен-біріне өтетін күй ретінде ғана танимыз. Дәстүр жаңара келіп жаңашылдыққа айналады, жаңашылдық аспаннан, айдан түспейді, ол өзіне дейінгі түр арқылы түрлене түседі. Дәл сол сияқты М.Шахановтың да жаңашылдығы дәстүрді ізгі үйрене білумен, оны игере білуімен деп түсінеміз.

Cурет: stevenwrigley.com

Е. Жұмабайұлы