Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылық қызметі

Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылық қызметі

Еліміз үшін көп еңбек сіңіріп, қоғам өмірі мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың түрлі қасиетін өз өлеңдеріне арқау еткен Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданы, Қасқасу селосында дүниеге келген.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, 1999 жылы Қырғыз Республикасының Халық ақыны атақтарына ие болады.
1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алып, оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істейді.
1966 жылы көптен күткен «Бақыт», 1968 жылы адамгершілікті арқау еткен «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді», 1974 жылы «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық», 1982 жылы «Махаббатты қорғау», 1988 жылы «Ғасырларды безбендеу» атты жыр жинақтары жарық көреді.
1984-1993 жылдар аралығында «Жалын» альманағының бас редакторы болып жұмыс істейді. Артынша 1986 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып орналасады. 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болғанға дейін Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет жасайды.
Ақын шығармаларын әртүрлі тақырыпта жазады. Ғашықтық ғаламатында біреуді бақытқа бөлеп, біреуді мұңға батырған махаббаттың құдіреттілігін баяндайды.
Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде
Ғашық болып өлу - қандай мәртебе! - деу арқылы адам баласының өмірдегі мақсатын баян еткендей болады.
«Сейхундария», «Күретамырды іздеу», «Арман», «Шың басындағы оқиға» сынды өлеңдері де философиялық ой түюге тұрарлық.
Ақын өлең жазып қоймай, драматургия саласына үлес қосқан. Осыған дейін «Махаббат таңы», «Көкейтесті», «Сенім патшалығы» сынды пьесалары сахналанған болатын. Мұнымен қатар, «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тіліне аударылған.

Қ. Бүйенбай