Мағжан шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер

Мағжан шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер

Қазақ әдебиетінде ең алғашқы сұлу да сылқым, нәзік те назды жүрекке жақын көркем жырларды Мағжаннан оқыр едік. Иә, Мағжан қазақ әдебиетіне сұлулық әкелді. Жат емес жаңа, бөтен емес, бөлек поэзия тудырды. Өз кезегінде «...Еуропалығын жарқыраған әшекейін сүйемін...»,- деп әділ бағасын берген М. Әуезовтің тілімен айтқанда «...Мағжан - культурасы зор ақын». Оның поэзиясы «Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызындай» сұлу. 

Біз Мағжанды мақтап алудан аулақпыз, тек төрт құбыласын түгелдеп, төрт аяғын тең басқан, өзгемен терезесі тең, үзеңгісі қатар тәуелсіз елге лайық етіп, тәуелсіз ойдың биігінен өткір бағалай білуді мақсат еттік. Олай дейтініміз бодан боп бас иіп «орынды жерден орнымыздан, жоралы жерден жолымыздан қағылған» санадан еш өшпейтін, өткен дәуірлерде Мағжанның көп құпиясы қабіріне бірге көміліп ашылмай, айтылмай кеткені өкіндіреді. Көзін көріп, сөзін есітігендердің де Кеңес өкіметі екі елі аузына төрт елі қақпақ болып, ашқан аузын жұмып, жұмған аузын аштырмады. Уақыт осылай болды, нәтижесінде нардай тұлғамыздың әрсіз, өшер-өшпес ізін шалумен қалдық. Бүгін ақын хақында нақты, нәрлі еңбектеріміз жұтаң, тек ғылыми болжам мен зерттеулерге жүгінеміз. Бүгінде ақсұңқар ақынымыздың ғұмырнамасы да, шығармашылығы да барынша терең зерттеліп, тұшымды ойлар мен тұжырымдар айтылуда. Ол туралы естеліктер де жазылуда. Ендігі кезекте ақын шығармаларына лингвистикалық тұрғыдан, пәлсапалық, ғылыми тұрғыдан, әдебиеттанудан, соның ішінде, әдебиет тұрғысынан баға беру керек. М. Жұмабаев поэзиясының көркемдік ерекшеліктері туралы әдебиеттану ғылымында көп еңбектер жазыла қойған жоқ. Бұл жұмысымыз Мағжан қолданған сөз образдарының сан қырлы өрнектеріне талдау жасаған қадамдардың бірі.

Зерттеу жұмысының мақсатына келер болсақ, шығармаларындағы көркемдегіш құралдар: теңеу мен эпитеттердің, троп пен фигура түрлерінің көркем бейне, образ жасауда қолданылуынан нақты мысалдар келтіре отырып, ана тіліміздің сөздік қорының мол байлығын, бейнелілік, нақыштылық сипатын көрсету. Мағжанның ұлы Абайдың поэзияға ақындыққа, қойған талаптарының нағыз иегері болғандығын таныту. Жұмыстың жаңалығы сол ақындық өнерге талабы бар жастарды поэзияға, өлең өнеріне баулуда ықпалы мол. Жоғарғы сынып оқушыларына, сондай-ақ, ЖОО-да да Мағжан шығармашылығын меңгертуге игі ықпалы бар жұмыс деп білеміз. 

Енді, Мағжан суреткерлігіне, өлеңдеп өрілген ойларының көркемдігіне шындап көз жеткізу үшін жырларына кезек берейік. Мағжан түйеден түскендей түйдей-түйдек ойларын жыр үлгісінде жалаң түрде бере салған жоқ, керісінше, құбылту арқылы троп пен фигураның түрлеріне салып, тігісін жатқызып, икемдеп әкелді. Иін, иірім сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолданып, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп танытып, ойды өзгертіп жеткізе білді.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?!
Жолбарыспын, қайратыма кім тұрар?!
Көкте – күнмін, жерде – желмін гулеген
Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?!
(«Мен кім?»)

Бұл шумақта ақын метафораны (ауыстыру) шебер қолдана білген. Екі нәрсенің бір-біріне ұқсастығына қарай бір-бірімен ауыстырып айту арқылы мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейтеді. Сөзіміз дәлелді болсын:
...Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей
Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін...
(«Жұлдыз жүзік»)

Көркем шығармада жансызға жан бітіріп, тірінің әрекетімен ауыстыра суреттеуді кейіптеу дейді. Ақын құбылтудың бір түрі осы кейіптеудің өлеңдерінде жиі қолданылады.
Ашудан бұғып қалған қорқақ ақыл.
Күбірлей бастады енді «Мұның не?» -деп.
Қомағай қара топырақ бүкіл қағып,
Асығып екі жастың қанын ішті...
(«Батыр Баян»)

Мағжан Жұмабаев өлеңде ағаштан түйін түйердей шеберлігін танытып, өзара шектес заттар мен құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану арқылы метонимияны (алмастыру) шебер жасай білген.
...Япыр-ау, осындай-ау адам-дағы,
Бірі күшті, біреуі жаман-дағы.
Күштісі әлім-жеттік қылғаннан соң,
Күштісіздер, сорлыларға атар таң жоқ... 
(«Бір күн»)

Мағжан – суреткер ақын. Ол сөзбен сурет салуда өте шебер. Өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктер сонша – онда троп пен фигураның бар түрлері кездеседі. Аз көлемді зерттеуімізде осыған көз жеткіздік. Ақынның құнарлы жырлары әдеби-теориялық тұрғыдан назарға түспей қала алмайды. Мағжанның біраз жырларында синекдоха (мегзеу) кездеседі. Осы орайда мына жыр шумақтарын мысал етейік:
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.
Алаштың аруы боп кетсе-дағы,
Жанымен өз жұртынан айрылмаған...
Шумақта ақын синекдоханы шебер қолданған. Яғни, бүтіннің орнына бөлшекті немесе бөлшектің орнына бүтінді қолдану арқылы құбылтады.

Ендігі бір өлеңдерінде ақын бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, соған ұқсас басқа нәрсеге не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеп, ойын ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіреді. Бұл ақын өлеңдеріндегі астарлау яки символ. Символ деген сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындаққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді.
Жабыны тұлпар қылам деп,
Қарғаны сұңқар қылам деп.
Талайдың ісі шала ғой. 

Ақын өлеңдеріндегі теңеулер оның ақындық қуаты, қаруы іспетті көп қолданысқа ие көркемдегіш құралдардың бірі. Теңеулерді Мағжан өте жиі қолданғанын ескеру керек.
...Өткізген балаусадай бөбек күнім,
Барқыттай белес-белім жатыр.
Айбынды арыстандай құмды кезген
...Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр...

Эпитеттер де солай, жиі қолданысқа ие. Бұны ақын табиғат құбылыстарының өзгеше бейнесін оқушыларың көз алдына елестету, ой қиялына әсер ету мақсатында қолданған деп білеміз.
Қанды ор боп ақын жолы қалады да
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі – меруерт.
Сұм сұлу анадайдан ағатайлап.
Билеген асау жүрек, қайнаған қан,
Шомылып қанды ыстық көз жасына.
(«Батыр Баян»)

Мағжанның ой еңбегінің қажырлылығы, ізденісі шығармаларында жемісін берді. Ақын өлеңді сырттай тартымды ету мақсатында сөз көркемдеудегі ерек бір құбылыс қайталауды қолданады. Ақын өлеңдеріндегі а) сөз қайталауы (басқы қайталау немесе анафора)
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмыстса да ел, жел ұмытпас...
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас...
Соңғы қайталау (эпифора)
Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,
Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті...
(«Батыр Баян»)
б) дыбыс қайталау 1) ассонанс
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмыстса да ел, жел ұмытпас...
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас...
2) аллитерация
Тұранның шегі шетсіз шөлі қандай, 
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендері,
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!

Әдебиеттен мүлде жаңа өріс іздеп, өзгеше өрнектер табуға ұмтылған ақынның өлеңдерінен қандай мысал іздесең де табыла беретіні таң қалдырады. Мағжан жырларында шендестіру де (антитеза) ұшырасады. Бұл да бір ақын шеберлігінен сыр ұқтыратындай. Автор бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын кескін-кейпін анықтайды, елестетеді.
...Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, тқрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!

Тағы бір сөз етер дүние, бұл ақын жырларындаы дамыту (градация). Бұл өз кезегінде былай көрініс тапқан:
...Бауырынан Обағанның орғып өтіп,
Арыстан айдалада дүбір салды.
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып,
Түс ауа Жолдыөзекке жетіп қалды...

Айта берсек, барынша қамтылып, бірақ сыйдыра алмаған тағы-тағылар өте көп. Ақсұңқар ақынның жырда тудырған жаңалығын, көркемдік ерекшеліктерін, образ жасауда шебер қолдана білген айшықтаудың, троп пен фигураның түрлерін зерттеудегі алғашқы қадамдардың бірі. Уақыттың шаңына шалдығып, тозаңына алдырмайтын Мағжанның ұлы мұрасын қаз-қалпында келешек ұрпаққа жеткізу – біздің міндетті парызымыз.

Авторы: Мұхит Мұхаметкерім

Сурет: joyandschool.blogspot.com

Е. Жұмабайұлы