Қ. Аманжолов, Ж. Саин, С. Мәуленов лирикасын талдау

Қ. Аманжолов, Ж. Саин, С. Мәуленов лирикасын талдау

Бұл үш тұлғаның лирикасы бір-біріне қатты ұқсайды. Замандас болғаннан керек, сірә! Бір дәуір, бір Отан, бір лирика! Бірақ жеткізу түрліше. Ұлы Отан Соғысы ардагер ақындардың тума талантына тосқауыл бола алмады. Бір қолына қаруын, бір қолына қаламын ұстаған жауынгерлердің лирикасы асқақтыққа толы. Қаһармандық, өжеттілік қасиеттерімен қоса, табиғатты сүю, тәтті сезім иірімдерін түсіну де ақындардың шығармаларынан көрініс тапқан. Қасым Аманжоловтың, Жұмағали Саинның, Сырбай Мәуленовтың өлеңдерінде өзге ақындарға қарағанда ерекшелік бар. Әдебиет теориясын зерттеушілер лириканы жік-жікке бөлгеніндей, біз де осы ақындардың өлеңдерінің лирикасының ара жігін ажыратайық.

Қасым Аманжоловтың «Атамекен» өлеңі, Сырбай Мәуленовтың «Менің  Республикам» өлеңі, Жұмағали Саинның «Гүл жайнаған Қазақстан» өлеңі саяси-азаматтық лирикамен жазылған. Патриоттық сезім, елге деген махаббат, Отанды сүю бұл өлең жолдарында төгіліп тұр.

Атамекен

Сүйем сені туған ел - атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.

Іздеймін деп «Жерұйық», желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен.
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.

Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін - осы сертім.

Қасым Аманжолов


Менің  Республикам

Тауды  көрсең  күн  көзімен таласқан,

Аспан  көрсең  Ай  мен  Күнге  жол ашқан,

Менің  байтақ  Республикам  таулары,

Менің   көгім – мөлдіреген  сол аспан.

 

Дала  көрсең  көкжиекпен  ұштасқан,

Көлді  көрсең  секілді  бір  түскі аспан,

Менің  байтақ  Республикам  даласы,

Менің  қөлім  теңізбен  қол  ұстасқан.

 

Қызыл  бұлттай  көрсең  қырдың   гүлдерін,

Көрсең  ашық  Алатаудың  күндерін,

Жерінде  гүл, көгінде  күн  бір жүзген

Ұлан – байтақ  Республикам  бұл  менің.

 

Сырбай Мәуленов

«Гүл жайнаған Қазақстан»

Орыс, қазақ, украин, болгар да,       

Түн ұйқысын бөлді күзгі таңдарда.            

Бір адамдай қимылдады, ерледі,       

Белін шешіп, ешбір тыным көрмеді.  

 

Бұл миллиардта махаббаты елімнің,

Бірге оталған әр дәнімен егіннің,

Барлық ұлттар достығының айғағы –

Гүл жайнаған Қазақстан аймағы.

Жұмағали Саин

Бұл нағыз Отан сүйгіштікті көрсететін өлеңдер. Ал осы Ұлы Отан соғысына қатысқан ақындардың жауынгерлік сезімді, рухты көрсеткен өлеңдерінде де ұқсастық та , айырмашылық та байқалады. «Қатал қайсар жүректі», жауын «қасарысып күткен жауынгерді» үйінде тосқан жанұясы жайлы да сөз қозғайды.

“Түн қатады партизан”

Абыржымай ақырын
Теңселеді қара орман,
Мұздай темір құрсанып
Түн қатады партизан.
Түн қатады партизан,
Қар құшады, мұз жайлап,
Қалтырамас біреуі
Көр қылсаң да ойбайлап.
Қатал қайсар жүрегі 
Қайтпас боран кәрінен,
Қымбат елдің намысы
Партизанға бәрінен.

Жұмағали Саин

 Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,

Арпалысып жүрсек те қан-сөл көшіп

Күтудеміз сонау сұр окоптарда,

Өліп бара жатсақ та талып, өшіп.

Мейлі күтіп шыдамай темір сынсын,

Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.

Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,

Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.

Қасым Аманжолов

Соғыстан қайтқан солдаттар!

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?!

Кешікпей жарым келер деп,

Төрінен сайлап орынды,

Батысқа қарап елеңдеп,

Ару жүр тосып жолыңды.

Көтерді бәрін ауырдың

Азамат болып арды ақтар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?!

Сырбай Мәуленов

Ақындардың қаламында табиғат лирикасы да шет қалмаған. Әр табиғат бөлшегіне түс беріп, пейзаждық суреттеуді көз алдыңызға әкелетін тың дүниелерісыр шертеді. Бірі табиғат аясында өткен қимас күндерін еске алумен берсе, бірі мүлгіген таңғы тыныштықтың дамылсыз тіршілік қозғалысына бастау болатынымен көрсетеді. Ал енді бірі шалқар көлдің толқынымен суреттейді. Сезіммен жеткізген бұл өлеңдердің әрқайсының астарында сұлулық бар. Сұлулық тек романтикада немесе тек махаббатты жырлаған ақындарға ғана тән деп ойлау – өрескел қателік. Талғам мен эстетикалық сұлулық бір арнаға тоғысып, жауынгердің жүрек сезімінен хабар береді. Ал мына өлеңдер соның куәсі.

Орманның жасыл жапырағын

Аялап талай тарадым,

Мөп-мөлдір бұлтсыз түндерде

Жұлдызды қанша санадым.

Қопаны кездім, су кештім,

Шулады маған құрақтар

Еншісі дала елде өстім,

Алдымда жатты бұлақтар

Жалғыз-ақ жазғы даладан

Қуаныш таптым, сыр таптым.

Көкірегімді кинаған

Қайғыны сонда шырқаттым.

Жұмағали Саин

Таңғы тыныштық

Мөлдіреп тұнып ауа таңғы уақыт,

Дүние демін алып қалды жатып.

Жұлдыздар түнде тұрған қарауылға

Көз ілді ұйқы жеңіп балбыратып.

Киіктің тұяқтары дүсірлемей,

Қалғыды ұясында құс үндемей.

Алаңсыз табиғатты отырғызып

Тыныштық суретке түсіргендей.

Аялап таңның осы тыныштығын,

Таратып кекжиекке нұр ұшқынын,

Келеді алтын сағат кетеріліп,

Бастауға кең әлемнің жұмыс күнін.

Сырбай Мәуленов

Аралым, айдын шалқарым

Алқаракөк айдынында

Аққу жүзген Аралым!

Айдыныңа ай нұрында

Айбаттана қарадым.

Аралым, айдын шалқарым,

Толқыны бұлтқа ұмтылған;

Толқын сайын бір жайын

Тулап ойнап бұлқынған.

Шарасында шайқатылған

Берекесі даланың;

Ақ қайраңы айға атылған

Көл еркесі, Аралым!

 Қасым Аманжолов

Сурет: walls.com.ua

Е. Жұмабайұлы