Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті және социалистік реализм әдісі

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті және социалистік реализм әдісі

XX ғасырдың басы ұлы Абайдың ағартушылық, бостандық дәстүрiн жалғастырумен қатар отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсiздiктi аңсау идеясын ашық айтып көрсету ұғымымен басталған болатын. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин сынды қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар қазақ әдебиетін алға сүйреп отырған. Ол уақытта қазақ халқының тарихы мен мәдениеті дамудан кенже қалған кез еді. Қазақ ұлты қараңғылықта қалып, елдің күш-қуаты таусылып, салы суға кетуге аз қалған өтпелі кезеңде қазақ жазба әдебиеті назардан тыс қалмады. Олар қазақтың сол уақыттағы күйiн суреттеп, халықты шыдамдылыққа шақырып, өнер-бiлiмге үгіттеген. Соның бірі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлеңі халықты рухтандырып, бар дауыспен жар салды. Кеңес дәуірінде әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы толқынмен қайраттанды. Әдебиетшілеріміз қазақ әдебиетін көркемдiк-эстетикалық тұрғыдан байытып, жаңа жырлар туғызып, жетiлуiне үлес қосты.  Сұлтанмахмұт Торайғыров поэмалары, лирика өлеңдерi, публицистик мақалалары ақынның түрлі саладағы iзденiстерiн айшықтады. Әдебиеттегi сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрiстетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетiлеуов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулi еңбек сiңiрдi.

Советтік эстетиканы айрықша зерттейтін 3 негізгі бөлім бар:

1. Өнердің өмірге қарым-қатысы десек, мұның бүгінгі биік типі — социалистік реализм;
2. Ілгерішіл әдебиет пен өнердің дүние жүзілік дамуы десек, мұның бүгінгі жаңа кезеңі — социа-листік реализм;
3. Біздің суреткерлердің өз өнерлеріне жетілу жолдары десек, бұлардың бірден-бір шығармашылық әдісі — социалистік реализм.

Әдебиет зерттеушісі, Қазақ КСР Халық жазушысы, профессор Мұхамеджан Қаратаев реализм туралы былай деген: «Қашаннан келе жатқан қанатты сөз бар: әр ұрпақ өмір көкжиегін өзінен бұрынғы ұрпақтан гөрі кеңірек көреді, өйткені інілер әрқашан ағалардың иығында тұрады. Сол сияқты социалистік реализмнің күллі қасиеті өзінен бұрынғы реализм атаулының ең жақсы түрлері мен дәстүрлерінің заңды жалғасы болуында, оның үстіне жаңа дәуірге сай, жаңа қоғамға лайық жаңа сапа табуында жатыр. Бұл тарихи заңды процесс болатын».

XIX—XX ғасырлар аралығында бүгінгі жаңа заман жағдайына лайық ұлы философиялық ғылыммен қаруланған жаңа реализм туды. Бұл бұрынғы классикалық дәуір жасаған сыншылдық реализмнің барлық жақсы прогрессивтік дәстүрлерін эстафета ретінде қабылдап, буржуазиялық модернизмге мүлдем қарама-қарсы принциптерді жүзеге асырды. Көркемөнер мен әдебиеттің бұдан былай қарқынды дамуы нағыз революцияшыл реализм боп табылды.

Оқи отырыңыз: 

Мағжан поэзиясындағы бейнелілік, суреттілік

Мағжан Жұмабаев шығармаларының тіл көркемдігі

Ыбырай - қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік Кебек» поэмасының көркемдік ерекшелігі

Сурет: rus.azattyq.org

 

Н. Нұрмаханұлы