Мағжан поэзиясындағы бейнелілік, суреттілік

Мағжан поэзиясындағы бейнелілік, суреттілік

Қазақ сөз өнері аспанында құйырықты жұлдыздай жарқ етіп жыр сүлейлері салған сүрлеумен жүріп, туған халқына мол мұра қалдырған ақын – Мағжан Жұмабаев болатын.

Тас бастаудың түбінен алғаш қайнап шыққан жырларынан бастап әлеуметтік тақырыпқа дейін көтерілді. Асқар таудай алыптарымыздың бірі Абай шығармашылығының өшпейтіндігін танып, «хәкім» деп атады. «Өлеңінің мың жыл жұтса дәмі кетпес» сөзін ілгері өрлетіп дамытты.

Өмір шындығымен өзектес өлеңдеріне көз жіберсек. Мысалы, «Сүйемін» өлеңінде, тарихтың тірі куәгеріндей боп отырған анасын былай суреттейді:

Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін – Сол анамды сүйемін.

Жырға соны жаңалық әкелуге талпынған таланттың қара сөзбен жазылған да өлеңі бар екен:       

                                     Балапан қанат қақты

Балапан қанат қақты... Жас едi. Қанаты да қатып жеткен жоқ едi. Амалсыз қақты. Солтүстiктiң суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегiне жеттi. Ызғар өкпесiне өттi. Ұшып орманға барып едi, күнi кеше күбiрлесiп, күлiмдесiп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып едi, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебiнiн жамылып, тоғай тұрмады. Балапан баспана таба алмады. Балапан қанат қақты... (“Балапан” журналына арналып қара сөзбен жазылған өлең).

Ана тілі туралы айтқан мына бір өлеңін әр қазақ жатқа білуі тиіс:  

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.
Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде
Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Бұл жерде ақын не үшін күш кеміді дейді, не үшін айбынды туымыз құлайды? "Ту құлады" деген сөз – сағы сынып жеңілді деген сөз. Күшіміз кеміп жеңілгеніміз надандығымыз бен тұс-тұсқа тартқан алауыздықтан екенін айтады.

Өлеңді су төгілмес жорғадай екпіндетіп жазатын Мағжан қаламы батырлықты да өте жақсы жырлаған.

Еркiн ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат ендi алдай ма?!

Ар намысын жауына таптатпаған өршіл рух бейнесі анық білінеді.

Мағжанның мәнеріне салып, жыр жазуға талпынып бүгінгі жас ұрпаққа ой салған «Мен жастарға сенемін» өлеңі еді:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!

Қара өлеңнің қадірін түсінген қазақ, маржан жырдың иесі мен киесі Мағжан екенін көрді. Сөз өнерінің өлмейтін белгісі осы болса керек. Өзі өлсе де артында қалған сөзі өлмейтін боздақтарды қастерлеп құрметтеу бүгінгі ұрпақтың борышы һәм міндеті.  

Мағжан Жұмабаев туралы деректі фильм:

Оқи отырыңыз: 

Сүйінбай Аронұлының «Датқалар» өлеңіне талдау

Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының тақырыбы мен идеясы

Ыбырай Алтынсариннің "Мейірімді бала" әңгімесіне талдау

Абай Құнанбайұлының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңіне талдау

Сурет: public.od.ua

Н. Нұрмаханұлы