Қош бол, мектебім!

Қош бол, мектебім!
Фото: blog.websarafan.ru

Мектеп – әр адамның өміріндегі басты орында тұратын, өзіндік құндылығы мен киесі бар жер.

Бала біткеннің арманына айналып, арман орындалған күні шаршап, оқудан жалыққан соң, бітіруге жақындаған сайын жүрек алқымға тығылып, кеуде қысылып, көзге жас келеді. Міне, бұл – мектептің қасиеті және киесі.

Бүгін мектеп табалдырғын тоздырып келгеніме он бір жыл толып, енді үлкен өмірге қанаттанып барамын. Артыма қараған сайын мектептің қабырғалары, сынып іші, достарым, ұстаздарым көз алдыма келе береді. Тіпті соларды күнделікті сағынбайтын едім, іздемейтін, құтылуға асығатын едім. Бірақ дәл бүгін неге аңсап тұрмын, аңсарым неге оларға ауып тұр. Тіпті бірдеңе айту қиын.

Он бір жыл ішінде өткен өмір, қызықты әрі көңілсіз күндер көз алдымда тұр. Тіпті қайта-қайта елестейді. Осы бір мектепті қайта көрмейтін секілдімін. Қайтып келмейтін секілдімін. Осы өмір алдымнан шықпайтын секілді. Өкінетіндеймін. Бәлкім, солай да шығар...

Қош бол, мектебім! Сенде сусындап, сенде білім алып, алғашқы баспалдағымды басып жоғары көтеріліп келемін. Бұл дегенің мен үшін үлкен жол, үлкен белес. Алдағы өмірімнің мәніне жол сілтеген сенсің, мектебім! Сенің алдыңда анамнан кейінгі орында зор борыштармын. Қадіріңді өзіңде жүріп түсінбесек те, алыста жүріп түсінеріміз анық. Оған көзім нақты жетті.

«Оқушы» деген сөз «түлек» деген сөзге ауысып, одан қала берді «студент» атанамыз. Керемет! Тіпті іштей қуаныш от лаулап тұрса да, сағыныштың салқыны басым. Шынымен, қимайды екенсің... «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген сөздің мәнін енді түсіндім.

Өзіңде өткен күндерден қалған тентектігімді кешір, мектебім! Сен менің және мен секілді оқушылардың жүрегіндесің! Сені ұмытпаймыз!

М. Ақан