Мен – қазақтың қызымын! Таныстыру...

Мен – қазақтың қызымын! Таныстыру...
Фото: www.elarna.com

                                                          Таныстыру

Ізгілік деп жүретін, сірә,дәйім, 
Шапағат пен мейірге тұнады ойым.
Мен-қазақтың қызымын!
Көз сал, әлем,
Қасиеттен жаралған тұла –бойым.

Көңіл сыйған жерге елді сыйыстырып,
Көлденеңге көрсетпей қиыс қылық.
Ақ жаулығым-анты боп адалдықтың,
Ұмай болам,ұлтымды ұйыстырып.

Рухымнан даналық күші ағыла,
Ақ пейілім ақ құс боп ұшады да.
Ұлт анасы –Домалақ анамын мен,
Қалың елді қаусырған құшағына.

Қариядан естіген кеңес-үлгі,
Мұрат етіп көрмегем егесіңді.
Мен –Мәншүкпін, сұрмерген Әлиямын,
Жауыздыққа атылған жебе сынды.

Қуат алғам-салтымнан,үлгі-әдеттен,
Бас иеді тәкаппар шыңдар өктем.
Мен –Ләззатпын,Еркіндік қарлығашы,
«Желтоқсанда» өз жанын құрбан еткен.

Нәзіктіктің киелі келбеті едім, 
Қадір тұтып,артамын ерге сенім.
Бір қолыммен тербетем ақ бесікті,
Бір қолыммен әлемді тербетемін.

Тұрам әр кез арымның асқарында,
Жүрегімде орын жоқ басқа мұңға.
Мен-қазақтың қызымын,көз сал,әлем,
Даналығы-нәзіктік астарында!
Даралығы-нәзіктік астарында!..

А. ТҮСІПБЕКОВА

Мен қызымын Қазақтың...

Ар-намыс сақталған бойында,
Ар-иман жүретін ойында.
Мен қызымын Қазақтың...
Ұлылық кетпеген атадан,
Жылылық кетпеген анадан.
Мен қызымын Қазақтың...
Бойында қасиеттің қырық шырағы бар,
Мойнында тәңір таққан тұмары бар.
Мен қызымын қазақтың...
Арының бейнесі орамал,
Бесікке сәбиін ораған.
Мен қызымын қазақтың...
Қанына сіңірген қайсарлық,
Жанына бітетін жайсаңдық.
Мен қызымын қазақтың...
Ұлт үшін ұрпақты ұлы еткен
Алдында патша да дір еткен
Томирис Зарина ұрпағы,
Жеңіске жол ашқан білекпен.
Мен қызымын қазақтың... 
Ұлжанның Зеренің қалдығы,
Шежіре, тұнған сыр сандығым.
Сарқыты көненің Мен болам,
Болмысым осындай барлығы.
Мен Қазақтың қызымын!
Жүзім - нұр, көзім - күн,
Сөзім - жыр, өзім - гүл.
Еркесі елімнің ең сұлу,
Көненің өнеге көзімін.

Ә. Жутаева