Жібіген жүрек

Жібіген жүрек
Фото: www.altyn-orda.kz

Қара қыз осындай жерге алғаш рет тап болған еді. Жұмулы тұрған көзін ақырын ғана ашып жан-жағына қарады. Аппақ бояумен сыланған бөлмеге көз жүгіртіп шықты. Жанында  өзінен біршама жас үлкендеу келген  келіншек отыр екен. Қара қыз қасындағы әйелден  жатырқап, қос тізесін құшақтап мелшиіп отыра берді.

Достарының арасында «қара қыз» атанған Кенжетай көңілді, аты атағандай ерке қыз болатын. Аурухана десе оның көзіне үнемі жалғыздық, өмірден түңіліп кеткен жандар елестейтін.  Дәл қазір ауруханадан қашып кеткісі келіп , ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып еліріп лаулаған отқа оранып тұр. Соншалықты ойланып көрмеген Кенжетай терең ойға беріліп барады.

Ол кезде жаздың алапат ыстық мезгілі болатын. Ол сол ыстыққа, нашар ауа райына мән бермей «өзім үшін, отбасым үшін еңбек етемін ,қандай жұмыс болса да жасаймын» деген талпынысына , аяқ асты тап болған ауруы  жолын байлап тастады. Бойжеткен қыздың жасы бар болғаны 18-де еді. Бұл жастық шақтың нағыз жалындап тұратын, ақыл тоқтатар кезі емес пе!?

- Тәәк, Жолшыбаева.К деген сіз бе? - деді қыз атын шала айтқан дәрігер мырза Кенжетайға қарап.

- Иә .

- Сізден алған сараптамаларды тексеріп шықтық. Өміріңізге қауіп төнідіріп тұрған ештеңе жоқ. Еш алаңдамаңыз. Сіз бізде 10күн қонақ боласыз (күліп). Осы күн аралығында сізге қажетті дәрі-дәрмекті беріп, ауруыңыздың алдын аламыз. Жақсылап тынығып алыңыз. Көп уайымға берілмеңіз. Адам бойындағы стресстің өзі аурудың өршуіне себепкер болады, - деп ұзын бойлы дәрігер мырза есікке қарай беттеді.

«10 күн» деген сөзді естіген сәтте ішкі сезімін сыртқа шығара алмай іштей тынған болатын. Ішкі мұңы да, қайғысы да, уайымы да терезе ар жағындағы ұзын ақ қайыңмен ұласты. Есін жиып қасында жатқан сары бұйра шашты әйелге  көзі жәудіреп қадалып қарап қалды. Әлгі әйел  емхананы өз үйіндей көргендей мәз болып телефонмен сөйлесіп отыр.  Телефон тұтқасын қойып, Кенжетайға «жатырқауын қойған шығар» дегендей қарап отырды. Жанына келіп, Кенжетайдың иығына қолын қойып танысуын бастады. Өзі орыс  әйел болды.

- Сенің аты кім? - деді.

- Кенжетай.

Оның бірден тыйып жауап бергеніне қарамай өз-өзін таныстыра бастады.  Кенжетай оған қатал жауап берсе де, үлкен басын кіші алдында ізет көрсетіп өзіне бауыр бастырғысы келді. Қара қыздың жанында отырып біразы әңгіме айтты. Алғаш рет танысып отырған соң оған тек қана аурухана жайында, күйзеліске түскен науқастардың жағдайлары жайында әңгімесін төкті.

- Ниче, сестренка әлі үйренесің. Здесь бәрі жақсы.

Айтар сөздерін сыр ақтарған жандай болып, сары шашты келіншек өз орынына жайғасты.

Светлананың оған айтқан сөздерінің барлығы өзін мүсіркеп айтылғандай болды. Қара қыз әрі ойланып, бері ойланып бір шешімге келгендей: «10 күн. Соны да көп көріппін бе? Сен де қызықсың Кенжетай! 10 күн деген қас-қағым сәт қой, көзді ашып жұмғанша өтеді де кетеді», - деп өз-өзімен күмбірлеп сөйлесіп отыр.

Майы кеткен есікті шиқылдатып медбике қыз ішке кірді.

- Жолшыбаева сізді ем қабылдау бөлмесіне шақырып жатыр. Сізге кешкі укол салумыз керек.

Кенжетай медбикеге басын изеп үнсіз тұра берді. Есін жиып орнынан ыңғайланып тұра берген бойда бұйра шашты әйел:

- Кенжетай корыкпа. Мен уколды күнде аламын, ауырмайды. Ем алсан тез жазыласың.

Светлана Кенжетай бүгін ауруханаға келсе де оның жанына демеу бола білді.

Ауруханың ұзақ дәлізімен  ем қабылдау бөлмесіне келді.

Қара қыз ең алғаш рет ауруханада жатып таңғы күн шапағын қарсы алды.

- Кайырлы тан кара кыз! - деп бұйра шашты әйел Кенжетайға күлімсіреп қарады.

Сары адамдар бір-бірін қалай атайды екен? Бәлкім бұл әйел бірінші рет «қара қыз» деген сөзді аузына алып тұрған болар.

- Қайырлы таң.

Кенжетай Светланаға қарап: «Өзі орыс болса да, қазақша сөйлеуге талыпынысы зор екен. Сөздерін қате айтса да, көп сөйлесе де, өзінің көзінде мұң бар екен»

Светланамен бірге аурухана дәлізіне суырылып шығып кетіп бара жатты.  Орыс әйел өз үйін таныстырғандай әр палатаны, шала қазақша сөйлеп таныстырып шықты.

Ауруханаға біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Соның ішінде кеткен адамдарға аңсары ауып, қызыға қарап отырады. «Мені де өздеріңмен ала кетіңдерші»,-деп  соңдарынан жүгіріп кеткісі келеді. Амал жоқтықтан осында қалуы керек. Палатасында жатып күн сайын тума-туыс, дос-жарандарын күтіп жатады. Бірде анасы, бірде әкесі, бірде дос-бауырлары келіп жағдайын сұрап тұрады. Осы жерде жатып біраз нәрсені түйді.

Темір төсекте жатып қарама-қарсы бөлмеден күлкіге қарық болып жатқан әйелдердің дауысын естіді. Екеуі сыбырлап сөйлесіп, сылпылдатып ,сораптап шәй ішіп отыр екен. Олар тек өздерін ғана ойлап отырғандай.  Қос әйелге мән бермегендей төсекке жантая жатты. Қарама-қарсы жатқан көршісіне қарап, Светланаға біраз сұрақтарын қойып, шүйіркелесіп әңгіме айтты. Палата шамын жағып жатып, бөлменің төрт бұрышына, жағулы тұрған шамға алма-кезек қарап жатты. Есікті түртіп ар жағынан бір жас жігіт палатаға қарай кірді.

- Саламатсыздар ма! Жағдайларыңыз қалай? Қан қысымдарыңыз бен дене қызуларыңызды өлшеп жіберейін, - деді сұңғақ бойлы жігіт.

Светлана апай  дәрігер жігітке жылы қабақ танытып қойған сұрақтарына мейірлене жауап қатты. Дәрігер Кенжетайға қарай жақындай түсті. Кенжетай қатып қалған мүсіндей жас дәрігерге көз алмай қарап отыра берді. Көзілдірігін түзеп қара қыздың қан қысымы мен дене қызуын өлшеп болды.

Кенжетай бойында жүзі жылы жігітке қараған кезде бойында өзгеше сезім пайда болғандығын байқады. Дәрігер бойшаң келген, жауырыны мығым жігіт. Темір төсегіне жайғаса бастаған күйі ойы сан-саққа жүгіріп, әр нәрсені бір ойлады.

- Он очень симпатичный да? - деді Светлана.

 Ойға шомып кеткен Кенжетай орнында жатып селк ете түсті.

- Извини!

Есін жиып бұйра шашты әйелге бір қарады, ол оған жымиып қарап тұр екен. Кенжетайдың дәрігер жігітті көруге ынтығы ауып тұрды. Оны көруге сонша ассыққандығын өзі де түсінбеген еді. Бұрын-соңды ол ешқашан басқа біреуді асыға күтпейтін.  Светлана мен Кенжетай  емін алып болып өздеріңіз бауыр басып қалған төсегіне жантая кетті. Екеуі тағыда сол баяғы төбеден өздеріне нұрын төгіп тұрған жарық шамға қарап жатты. Қара қыз сол шамнан дәрігердің бейнесін елестетіп жатты.

Орыс келіншек қара қыздан жігіт туралы пікірін білгісі келгендей:

- Ол жаксы сиякты да? - деді тағы да шала сөйлеп.

- Иә.

Кенжетай «иә» деген сөзді қалай айтқанын білмеді. Себебі, іштей ойға беріліп кеткенін білмей оған қалай бірден жауап бергенін сезбей қалды.

Таң атады, кеш батады. Күн сайын ауруханаға түрлі науқастар келіп кетіп жатады. Соларға қарап бой түзеп, шүкіршілік етеді .

Бауыр басқан көрші апасы бүгін емханадан шығатын күн. Ол апасына қызыға да, қызғана да қарады.  Кенжетайдың бұл жерден құтылуына санаулы ғана күн қалды.

Осы жерге келгелі бері көңілді қара қыз, қиялшыл болып кетті. Қиялы тек әншейін емес... Кеш батса аңсары басқа жаққа ауа бастайды. Сол баяғы дәрігер. Қайда жүрсе де ойлайтыны , қай жерде отырса да дәрігерге сығалап қарап қояды. Темір төсекте телміріп жатқан бойы ішке дәрігер кіріп келгенін байқамай қалды.

- Жолшыбаева!!!

Таныс дауыс, таныс үн. Көзі шарасынан шығып орнынан атып тұрды.

- Саламатсыз ба ағай!

Дене қызуы мен қан қысымен өлшеп болып.

- Ағай дейсің бе? - деді күлімсіреп.

- Енді ше?

- Мен соншалықты үлкен көрінемін бе? Жас жігітті соншалықты қартайтып жібергеніңіз қалай.

Екі бетінің оты жанып:

- Кешіріңіз.

- Мен 1994 жылғымын. Өзің неше жастасың.

Екі адам танысар кезде ең алдымен есімдерін сұрап қол алысатын секілді еді. Бұл жолы басқаша.

- Жасым 18де.

Жігіт біраз ойланып қалып. «Кішкентай екенсің» деді.

Көзілдірігі өзіне жарасып-ақ тұр. Бәрі жарасымды... Күлкісі де, сөйлеу мәнері де.

- Осы жерде жұмыс жасайсыз ба? - деп қысылып сұрақ қойды.

- Иә, жақында орналастым.

 Дәрігерді шұғыл жұмысы шығып дәлізге қарай жүріп кетті.

Ішке біткен өзгеше күйді ішіне сақтай алмай. Аурухана дәлізіне шығып кетті.

Кенжетай өзінде бұндай сезім пайда болады деп ешқашан ойламаған. Оған керегі

еркін өмір ғана болатын. Еркіндікті жаны сүйді. Алыстан жолыққан бұл сезім: «Мен ғой... Бұл мен... Мен саған қарай қанат қақтым. Сен мен туралы ешқашан ойлап көрмеген шығарсың. Мені де ойла.» - құлағына сыбырлайтындай. Кенжетай дәрігерді қанша көрсе де, сөйлессе де оның есімін білмейтін. Расымен де, екеуінің ортасындағы танысу керісінше болды.

«Ауруханада жатқан науқас қызды не істесің. Айналада толып жүрген қыз-қырқын көп қой. Солардың бірі оның бақытына, тағдырына айналары хақ», - деп Кенжетай өзін сезімге ерік бермей тежеп отырды. Келесі күн Қара қызға атаулы күн. Ол аурухананың есігін тарс жауып, кең сарайдай үйіне асыға жететін шақ та келіп жетті. Кенжетайдың бойында қимастық та бардай. Анасы келіп дәрігердің нұсқауымен қара қызын үйіне алып кетуге қамдандырды.  Кенжетай палатасында отырып дәрігер жігітке қыз басымен сезімін жеткізгісі келіп қолына қалам мен қағаз алды. Ол хат жаза бастады. Ішінде барын сол ақ бетке қалам ұшымен төкті.

 «Дәрігер жігіт! Өкінішке орай мен сенің есіміңді білмейді екем. Қыз болсам да, сен үшін ыңғайсыз жағдай тудырса да, мен сені көргендегі күйімді жеткізе кетпейтін секілдімін.  Иә, сен білікті ,білімді дәрігерсің.  Сенің бөлек болмысың, күлімдеген көздерің маған сезімнің не екенін ұқтыра білді. Бұл палатадағы жалғыз шам мен үшін сенің кейпің болатын. Саған деген ынтызарлығым ішіме сыймай саған тұра ұмтылатын кездерім де болған. Өзімді талай тежедім. Енді бүгін мен үйіме кетемін. Адамдар бұл жерде жатқанда үйін сағынатын сияқты еді. Ал мен үйіме деген сағынышымды көре сала басып болған соң, бәрібір сен есіме түсесің. Бойыма өзгеше құбылыс орнатқаның үшін, көзілдірігіңнің ар жағында тұратын көздеріңмен маған қарап жылы шырай танытқаның үшін зор алғыс. Мен сені ұмытпаймын. Сен менің жүрегімде аяқ асты орын алдың. Сәлеммен 6-палатадағы қара қыз»

Қағазға барлығын жазып болып, анасы келе жатқанын байқап , ақ қағазды жыртып тастады. Ол бірақ іштей өзіне риза болғандай болды. Ішіндегі сезімдері сол ақ парақшамен кеткенін қалады.Қара қыз бұрын-соңды ешкімге бас иіп көрмеген еді, әсіресе жігіттер қауымына.

- Қызым жүре ғой, үйге барамыз, - деді анасы мәз болып.

Анасына жымиып қарап дәлізге қарай бет алды. Кең далаға бет алған күйі, үлкен ауруханаға бір қарап, ішіндегі қимастығын, 10күн ішіндегі басынан өткерген оқиғаларын осы жерде тастауға бел буды. Сезімнің не екенін ұқтырғаның үшін, қара қыздың жүрегін жібіткенің үшін рахмет! Бұл жолғы сөзі тағы да шынайылықтан пайда болды.

                                                      Кенжеғали Камшат

Ж. Исакаев