Тәуелсіздік туралы шығарма

Тәуелсіздік туралы шығарма

Тамырын тереңге жайған тарихыма көз жіберер болсам, сананы талай ой тұңғиығына батырып, көкейге талай сұрақтың келетіні рас. Мысалы, "Біз кімбіз?", "Жұмыр жер бетінде қашан пайда болдық?", "Қай жерді мекен еттік?", "Тіліміз, мәдениетіміздің деңгейі қандай?".

Біз Өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен сақтан қалған сарқыты, ғұннан қалған жұрнағы, үйсіннің жүріп өткен ізіміз. Біз – қазақпыз!

Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы сынға түскен жаугершілік заманда, яғни, 1458 жылы Әбілқайыр хандығынан іргесін бөлген Жәнібек пен Керей сұлтан Моғолстан жеріне Шу бойы мен Қозыбасқа алғаш... Ең алғаш еркіндіктің ақ жалауын тіккен едік.

Он бес отауды біріктірген қара шаңырағымыз 1991 жылы ыдырады. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы есті. Көңіл көк аспанындағы қасірет бұлты сейіліп, әнші бұлбұл шаттықтың әнін шырқады.

О, өмірге жаңа сәби келді. Ол енді тәуелсіз елдің ұрпағы. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенде. Тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік етеді. Осы сәбидің күні ертеңгі тағдыры үшін боздақтарым жанын қиған. Асқақ арманға қол созып бүгінгі бейбіт уақытты көре алмай кеткен асылдар қаншама?! Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда саф алтындай баға жетпес байлығымыз – ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек.

Тәуелсіздігімізге мың тәубе деуді ұмытпайық, ағайын!

Мұхтар Сержан

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенті

Н. Нұрмаханұлы